Оралмандарға қатысты әлі де көптеген мәселелерді бір жүйеге түсіру қажет

/uploads/thumbnail/20170708150808821_small.jpg
Бүгін(18 қазан күні) Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда оралмандарға қатысты шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді көтерді.«Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күндері-ақ Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаев тағдырдың жазуымен әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген өз қандастырымызды тарихи Отанына көшіп келуге шақырған болатын. Елбасы тарапынан бұл үшін аса зор қамқорлық та жасалды. Арнайы заң да қабылданды. Соған сәйкес жыл сайынғы этникалық көш-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін жетіп, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы да қабылданып, жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде аз уақыт аралығында 1 миллионға жуық қандастарымыз ата қонысқа оралып, еліміздің өсіп өркендеуіне, мәдениетіміз бен ана тіліміздің дамуына зор үлестерін қоса білді. Бұл саладағы жиырма жылдан астам кезеңнен бергі атқарылған жұмыстарды талдау барысы көрсетіп отырғанындай, оралмандарға қатысты әлі де көптеген мәселелерді бір жүйеге түсіру қажет сияқты», деген депутат осыған орай бірқатар ұсыныстар айтты. Біріншіден, ата жұртқа оралған ағайындарды қоныстандыру аймақтардың әлеуметтік-экономиқалық сұраныстарының ескеруінсіз жүзеге асырылып келе жатқан сыңайлы. Мысалы, Түркменстаннан келген оралмандардың 79 пайызы бір ғана Маңғыстау өңіріне қоныстанған. Осылайша оралмандардың онсыз да халқы тығыз қоныстанған немесе табиғи климаттық жағдайы қолайлы болып келетін өңірлерге, не болмаса әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары аймақтарға жаппай қоныстандырылуы кей жағдайда осы өңірлердің әлеуметтік шиеленісін ушықтыратын жағдайға әкеліп те жүр. Осыны ескере отырып, сенатор алдағы уақытта елге оралатын қандастарымызды өңірлердің әлеуметтік-экономикалық сұраныстарын зерттеп барып, оңтайлы қоныстандыру мәселесін мемлекеттік тұрғыдан шешудің арнайы бағдарламасын жасау қажет деп санайды. Екіншіден, қазіргі уақытта мемлекеттік кош-қон квотасы мүлдем берілмейтін болды деуге болады. «Нұрлы көш» бағдарламасы да аяқсыз қалып барады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сай оралмандарға қолдау көрсету мәселесі реттеледі дегенмен, бұл мәселе де әлі белгісіз болып тұр. «Көші-қон мәселелерін кешенді шешу үшін онымен тікелей айналасатын мемлекеттік басқару органдарының іс-қимылы үйлестірілмей келеді. Көші-қонмен айналысатын уәкілетті органның жиырма жыл ішінде төрт рет ауысуы бұл маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудағы сабақтастық пен бірізділіктің болмауына алып келді. Нәтижесінде қоныс аудару шараларына бөлінген қыруар қаражат талан-таражға салынып, сыбайлас жемқорлық көріністері де орын алды. Алдағы уақытта мұндайды болдырмас үшін көші-қонға қатысы бар мәселелерді үйлестіріп, шешіп отыратын нақтылы бір орталық немесе қоғамдық кеңес құру қажет деп есептейміз. Тіпті алдағы уақытта шет елден көшіп келетін қандастарымызды қазақстандық қазіргі қоғамға тезірек сіңісіп кетуіне ықпалдасу мақсатында бұрынғы «Нұрлы көш» бағдарламасы қайта қаралып, жаңғыртылғаны да жөн болар еді деп санаймыз», деді М. Бақтиярұлы. Үшінші мәселе ‑ көшіп келген оралмандарды әлеуметтік қолдау жүйесін онан әрі жетілдіру. Бұл ретте депутат оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келе де бермейтінін, оралмандардың жартысынан астамында баспана жоқ екенін, сондықтан да оралмандардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету үшін оларды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына сай қолжетімді тұрғын үйлермен қамтамасыз ету тәртібін енгізу қажеттігін айтты. «Төртіншіден, өркениетті елдер репатрианттардың өз елдеріне қоныс аударуын ең алдымен шет елдерде ұйымдастырады. Оларда өз ата жұрттарына көшіп келгісі келетіндердің барлығы алдын ала тізімделеді. Сосын барып, орналастыру мәселелерін толықтай шешіп алып барып қана шақырады. Ал, бізде бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр», ‑ деді сенатор. Оның айтуынша, «Халықтың көші-қоны» туралы Заңда этникалық көшті ұймдастыруды Қазақстанның шет елдегі елшіліктері жүзеге асырады деп атап көрсетілгенімен, бұл үшін әлі күнге дейін елшіліктерге не қаржы, не арнайы штат бөлінген емес. Бұл жайт шет ел қазақтарының ата жұртқа оралу мәселесін барынша қиындатып отыр. Әсіресе, қазақтар тығыз орналасқан Қытайдың Үрімші, Моңғолияның Баян-Өлгей, Өзбекстанның Ташкент, Нөкіс сияқты қалаларынан Көші-қон мекемелерінің шағын өкілдіктерін ашуды уақыт талабының өзі алға тартқандай. Сенатор тоқталған бесінші мәселе ‑ Қазақстанға қоныс аударатын оралмандар үшін алдағы уақытта олардың дүние-мүлкінің көлемі мен нарқына қармастан кедендік алым-салықтан босату. «Әлемнің қырықтан астам елінде 5 миллионнан астам қазақтар тұрады. Шет елдегі қазақ мәдени орталықтарына қаржылай қолдау көрсету де көңілден шықпайды. Өркениетті елдер шет елдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасап келеді. Мысалы, Оңтүстік Корея Алматыдағы АДК-нің мәдениет сарайын сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Германия Қазақстандағы неміс мәдени орталықтарына нақты қаржылай көмек көрсетуде. Міне, осыған байланысты алдағы уақытта шет елдердегі қазақ мәдени орталықтарына қаржылай қолдау жасалғанын дұрыс деп есептейміз. Бәлкім, үнемі қазына қаржысына қол сала бермес үшін, Израиль мен Германияның озық тәжірибесіне сүйеніп, «Ұлттық көші-кон қорын» құру арқылы да біраз мәселені шешуге қол жеткізу қажет те болар. Жетіншіден, бір миллионнан астам этникалық қазақтары бар ежелгі көршіміз Ресей мемлекетінде бір ғана қазақ мектебінің болуы да ойлантатын жағдай. Ресми деректер бойынша соңғы он бес жылдың ішінде 45 миллион халық ішкі Қытайдан Шыңжаңға қоныс аударған екен. Осы өлкедегі 400-ге жуық таза қазақ мектептерінде 2008/2009 оқу жылынан бастап сабақтар жаппай қытай тілінде оқытылуда. Көрші бауырлас Өзбекстанда 500-ге жуық қазақ мектептерінің жартысы жабылды, қалғандары аралас мектептерге айналып кетті. Мұның өзі бұл елдердегі қазақ этносы он бес - жиырма жылдың айналасында толығымен тілінен де, ділінен айырылады деген қауіпті бір ойға жетелейді», ‑ деді ол.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар