АҚШ-тың Миссури штатының тұрғыны, бастауыш сынып мұғалімі Лорин Флогер жүктілікті әзірше жоспарламаған еді. Оның бір қызы болды. Десе де, әйел жүкті екенін білгенде күйеуі екеуінің бақытында шек болмады. Қызы да сіңлісі немесе інісі болатынына қатты қуанған.

Отбасылық жұп бала дүниеге келгеннен кейін келесі күні халыққа танымал боламыз деп үш ұйықтаса түсіне де кірмеді.
Лорин жүктіліктің 20-шы аптасында ұлды болатынын білген. Дәрігерлер шарана ірі болатынын болжаған. Бұл хабарға мұғалім таңқалмады. Себебі оның отбасындағы жігіттердің көбі ауыр салмақпен дүниеге келген екен. Десе де, Лорин де күйеуіне алып батырды тарту етемін деп ойламады.

Әйел табиғи жолмен босанды. Журналистерге берген сұхбатында Лорин босанғанда ауыр болғанын, алайда шыдауға келетінін айтқан. Оның үстіне босанған уақытта қасында күйеуі болған.

Дәрігерлер сәбидің салмағын өлшей алмай отырғанда Лорин алып баланы дүниеге әкелгенін түсінген. Дәрігерлер жертөледегі ескі таразыны алып келуіне тура келген. Кішкентай Финнің салмағы 6 келі екені анықталды.

Бұған қатысты балада да, анада да ешқандай қиыншылықтар болмады. Қазір Финнге 3 апта болды. Осы уақыт аралығында ол біраз өсіп үлгерген. Анасының айтуынша Фин күн санап емес, сағаттап өсіп жатыр.
Баланың салмағы Лориннің туыстарын да таңқалдырды. Әйелдің әпкесі қалжыңдап өзінің жеңілгендігін айтып, бұдан үлкен баланы дүниеге алып келе алмайтынын айтқан. Флогерлер отбасы өміріндегі ең бақытты күндерді бастан өткеріп жатқанын жеткізеді.
Дайындаған: Әсем Әлмұханбет