«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен партия делегациясы Жапонияға барды. Сапардың басты мақсаты – халықаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту және елдің басты саяси күші Либералды-демократиялық партиямен тығыз қарым-қатынас орнату.
Жапондар бүгінгі жетістіктерінің барлығына дәл осы Либералды-демократиялық партияның экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыруының арқасында қол жеткізді. Бұл партия елде жарты ғасырдан астам уақыт бойы басымдыққа ие болып, билік тұтқасын қолына берік ұстап келе жатқан басты саяси күш. Сондықтан оның тәжірибесі мен жүріп өткен жолынан Қазақстанның үйренері көп.
Сонау 1955 жылдан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, жапон халқын жарқын болашаққа бастап келе жатқан партия расымен Жапонияны әлемнің ең дамыған елдерінің алдыңғы легіне шығарды. Бүгінде Күншығыс елі дүние жүзінде ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) және өнеркәсіптік өндіріс көлемі жөнінен 3-орын алады.
«Мемлекет басшысының барлық бастамасын, соның ішінде Рухани жаңғыруды жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндеттер жүктелген. Өткен ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш қайраткерлері жаңа мемлекет құруда Жапония тәжірибесінен үлгі алуға шақырған. Бұл туралы жас Мұхтар Әуезов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров арнайы мақала жазған. Сондықтан да бізге Жапонияның бүгінгі ғажайып экономикалық табыстарының бастауында тұрған Либералды-демократиялық партияның тәжірибесі аса маңызды», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэмен, елдегі басты саяси күш саналатын билеуші Либералды-демократиялық партияның Бас хатшысы Тосихиро Никаймен, Жапония Парламентіндегі Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн: Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі де жапон әдебиеті туралы зерттеу мақалалар жариялағанын білеміз. Министр болып тұрғанда Қазақстанның Жапониядағы күндерін зор табыспен өткізген Мұхтар мырзаның «Нұр Отанға» келгеннен кейін бұл үрдісті саяси диалог деңгейіне көтеруі Алаш аманатының жаңа ғасырда жалғасын табуы деп қарастырған жөн.