Жазылған хат секілді халқымдағы,
Ақсақал өр мінезді нар тұлғалы.
Айытпақшы бір әңгіме бастан өткен,
Қойманың ашылғандай алтындары.
Тентіреп тау даланы ел кезіп кеткен,
Үркітіп ер көңілді сезікті еткен.
Жасалып қолдан аштық қазағыма,
Еңсесін ел-жұртымның езіп кеткен.
Тартқызып қара сиыр, қарагерді,
Асығып ауған елге жаяу ерді.
Бір күнде ата қоныс арман болып,
Жырақтап көз ұшында қала берді.
Секілді ауған аңдай арқалардан,
Аналар жаяу бала арқалаған.
Жерлеуге өлгендерді дірманы жоқ,
Тек қана беті- жүзін қалқалаған.
Шаптырған тоқ аттайын тезектетіп,
Қойған – Ай қу тағдырдың безектетіп.
Бес бала бес жағынан шырқырайды,
Сүйрейді әке-шеше кезектесіп.
Талғау қып су мен шөптың тамырларын,
Көріпті үлкен олжа табылғанын.
Кезіксе өлі тышқан етікке сап,
Ұмытқан асқазанның ауырғанын.
Ілініп асқар таудың қиясына,
Мұң шақты жусаны мен миясына.
Құшақтап балаларын жылайды екен,
Қызығып қараторғай ұясына.
Аштыққа шыдай алмай балалары,
Бір үзім нанға жету бар арманы.
Көретін бар шығар деп күнім алда,
Бұл омыр тек үміттен жаралады.
Ұрпағың үмітіңді жалғайды анық,
Бір белгі одан басқа қалмайды анық.
Қозы көш жерге жету қиын боп тұр,
Төбелер кеткен сынды тауға айналып.
Қырылып кетеме деп балалары,
Бір күдік әке жанын жаралады.
Қарайды бесеуіне қайта-қайта,
Еңбектің мойымаған қара нары.
Аязы азба өмірдің қарымаған?
Арғымақ азба ақсап арымаған.
Алтыннан артық болып бір үзім нан,
Иіні елдің асқа жарымаған.
Қалмады бойда шама қозғаларға,
Жіберер қандай бір күш қозғап алға.
Жұмыр жер кетті ме екен солқылдап быр,
Құшақтап бес баласын боздағанда.
Келе алмай бір шешімге, бір байламға,
Егіліп иен далада жылайды ана.
Қаталдық па жоқ әлде мейірім ба,
Тіл қатты әйеліне ыңғайлана.
– Өмірдің өшірем бе жанған бағын,
Ұрпағым аман бол деп армандадым.
Сояйық шикі өкпені етін асып,
Құтқарып қалу керек қалғандарын.
Аспаннан жай түскендей қас-қағымда,
Ананың бұлыт ойнады аспанында.
Шырқырап көзінен жас ыршып шығып,
Төгілді тарлан таудың тастарына.
Қанатын қағар үміт тынбай мәңгі,
Жасыл маң жанарында құмға айналды.
Әкенің қалмағандай басқа амалы,
Қол салып кездігіне ыңғайланды.
Ілініп жеткен еді таяғына,
Құдай-ау заман ақыр таяды ма? !
– Асайық бір белестен кезігер жұрыт,
Жығылды жалбарынып аяғына.
Жылжыды тасбақаның жүрісімен,
Қолдасып, қолтықтасып тірісімен.
Ананы быр қорқыныш билеп кетті,
Туылар арбыр бала ірісімен.
Бір жолға әке байғұс аяп қалды,
Бір күдік жүрегінде аяқтанды.
Ел-жұрты кезікпесе не істемек,
Төбеге жаңағы айытқан таяп қалды.
Алдады бір үміті, бір арманы,
Теңселіп қолды-аяққа тұра алмады.
Жау шапса, Науқастанса бір жөн еді,
Қиын ғой өз қолынан тірі алғаны.
Жалаңдап өткір кездік көп қайралған,
Кездікті көріп ана тоқтай қалған,
Шырылдап шеше байғұс жүгіреді,
Секілді көбелектей отты айналған.
Зарлады шеше байғұс тағыда бір,
Жан еді жуытпаған жанына кір.
Асайық бір белестен мүмкін азық,
Жолығар балалардың бағына бір.
Осы еді соңғы үміт, соңғы арманы,
Табыла қоярма екен жолдан бағы.
Тірі алып қалу ұшын нәрестені,
Жөн болар қандай тәсіл қолданғаны.
Бұғының ауыз шайқар мезгілі еді,
Жүрегін ауыр ойлар езгіледі.
Баласы бауыр етін қалай жемек?
Қорқытқан жан жарының кездігі еді.
Шек барма Жаратқанның шеберіне,
Келтірер арбір істі кемеліне.
Сынаққа шыдай алмай шамданамыз,
Алланың екіленіп береріне.
Бүк түсіп сары дала дөңі жатқан,
Керемет қыр астында болып жатқан.
Сүзісыі екі бұғы ілінісіп,
Діңкелеп аузынан ақ көбік аққан.
Ілінген ұй ішімен сүйрелесіп,
Өлмеске таңір өзі құйды несіп.
Бұғылар қозғалуға шамасы жоқ,
Тірескен, мүйіздескен, сүйрелесіп.
Ауыр сөз адыра қап ауыздағы,
Үміттің отын құдай тамызды әні.
Қуанып су тапқандай құба шөлден,
Тездетіп бұғыларды бауыздады.
Анамның ажырамай құшағынан,
Әкемнің аман қаптым пышағынан.
Қайранмын қалай аман қалғаныма,
Анамды айықтырып құса-мұңнан.
Шашылып сай-салаға сүйектері,
Қазақтың басынан не күн өтпеді.
Тағдыры түсседе мың тар сынаққа,
Аңсады азаттықты жүректері.
Артқа сап тарихтың сандал белін,
Ес жиып, еңсесі өсіп жанданды елім.
Аңсаған азаттыққа қол жеткізіп,
Көгімде күнім туды самғар менің.
Солай бір аман қалғам өліменен мен,
Тәубе деп бұл күніме көңілденем.
Түсседе шыбын жаның сан сынаққа,
Үмітке толы екен ғой омыр деген.
Қастер Акиза ұлы