Қамшы ақпараттық агенттігінде 31 мамырда «Кейбір азаматтар Қытайға кеткен туыстарының негізсіз қамалып, оралмай жатқанын айтады» атты материал жарық көріп, қатты талқыланды. Онда құжаттық қиындық көрген бірнеше ондаған азаматтың Қытай билігі делегациясымен елшілік арқылы сөйлесіп, базынасын жеткізбек болғаны айтылған. Қоғам белсендісі Еркін Бейсекей осы мәселеге Қазақ билігінің де араласып, Қытай тарапынан ресми түсініктеме алуын талап етеді. Өйткені Қытайдағы заң бұзушылықтар тіпті Қазақстан азаматының төлқұжатын тартып алуға дейін жеткен.
«ҚР премьер министрі Бақытжан Сағынтаев мырзаға;
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа;
Қазақстанның ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышевқа;
Дүниенің төрт бұрышына, Әлемнің 55 мемлекетіне тараған қазақтар көші 25 жылдан бері жалғасып келеді. Алайда, соңғы жылдарда ҚХР-дан этникалық қазақтардың Атажұртқа беталысы құжаттық кедергілер есебінен қиындап кетті. Ондай қиындықтың бірі Қытайдан Қазақстанға келіп, өз отбасыларын біріктіру мақсатында Қазақстан тарапынан берілетін Ықтиярхатты алаған этникалық қазақтардың басындағы жағдай. Олар аталған құжат арқылы екі ел арасында емін-еркін жүріп тұра алуға тиіс. Сол арқылы өз отбасыларын Қазақстанға көшіріп, бала-шағасын елге әкеліп, азаматтық алуына, оқып білім алуына жағдай жасайды. Алайда, Қытай халық республикасы осындай құжаты бар бауырларымызға қатты қысым жасап, соңғы уақытта қысымды күшейте түсті. Атап айтқанда олардың Қытай аумағында жүргенін пайдаланып, заңсыз түрде Ықтиярхатын тартып алу фактілері жиіледі. Тіпті Қазақстанның азаматтығын алған кейбір адамдардың да шетел азаматы болғанына қарамастан төлқұжаттарын тартып алу көрініс алуда. Ал, Ықтиярхат алған азаматтардың көбінің отбасы Қазақстанда. Яғни бейбіт заманда бір отбасы екіге бөлініп, ел мен елдің арасында қалып жатыр. Осыған байланысты Қытай билігі ешқандай түсініктеме берген жоқ. Тіпті, қамау, соттау фактілері болған. Сіздерден сұрайтынымыз Қытай билігінен ресми түрде түсініктеме алсаңыздар және олқылықтың орнын толтырса дейміз.
Санаулы күннен кейін еліміздің даңқын әлемге паш ететін «Astana EXPO-2017» ұлттық көрмесі өтеді. Қазақ елінің қуанышын, мақтанышын паш ететін аталған шараға келмекші болып отырған мыңдаған қандастарымыз осындай құжаттық қиындықтар себебінен келе алмай отыр. Олардың құжаттарын жинап алып, себебін түсіндірместен 1 қыркүйекке дейін берілмейді деген. Яғни, EXPO-ға қатысуға ресми шектеу қойып отыр. Қытайдағы бауырларымыздың адами құқықтары тапталып жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік деңгейде бір жауап берілуін сұраймыз».
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 7-10 маусым аралығында Қазақстанға келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатыспақ. Осы орайда Қытай билігінен бір сұраққа жауап алу үкіметімізге қиынға соқпас.
Ерлан Төлеубай