Пәкістанның Премьер-министрі Наваз Шариф 8-9 маусым күндері екікүндік сапарымен Қазақстанға келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысады, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Бұл жайында ҚазАқпарат The Nation порталына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Үндістан және Пәкістанды Шанхай ынтымақтастық ұйымына қабылдау рәсімі 8-9 маусым күндері аталған ұйымға мүше-елдердің басшыларының қатысуымен Астана қаласында өтетін саммитте өтеді деп күтілуде.
«ШЫҰ кеңейту мәселесі бүгінгі таңда сөзсіз өзекті мәселе. ШЫҰ-ына мүше-елдер басшыларының 2005 жылдың шілде айындағы Астана қаласында өткен кеңесінің отырысында Үндістан мен Пәкістан бақылаушы-елдер мәртебесіне ие болды. Алда өтетін ШЫҰ саммиті барысында біз ұйымымыздың осы кезеңдегі кеңеюінің куәсі боламыз», - деді Қайрат Абдрахманов сәуір айында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде.
Шолушы: Гүлім Жақан