Неміс отбасы асырап алған қазақстандық балалар өз Отандары жайында естерінде түк қалмаған. Соны ескерген жаңа ата-анасы балаларын өз туған елдерін білсін деген ниетпен Қазақстанға әкелді. Германиялық отбасылармен informburo.kz тілшісі сұхбаттасып қайтты.
Еуропадан келген екі балаға аламатылықтар ұзақ қараған. Неміс отбасының жанында неміс тілінде сөйлеп бара жатқан қазақ баласын көргенде алматылықтар таңырқап қалды. Бұрынғы Әлібек, қазіргі Элиасты Германиядағы IT және фармацевтика мамандарынан тұратын отбасы асырап алған.
«Ол қазақ қой, сіздермен не істеп жүр?» - деп сұрағандар да болды.
Элиастың жасы 9-да, оны неміс отбасы асырап алғанда небәрі 17 айлық болған. Элиаспен қатар өскен 11 жастағы Михаилді де германиялық ерлі-зайыптылар асырып алған. Миша ол кезде екі жарым жаста еді.
Өзге мемлекеттегі өзге отбасына тап болған балақайлар Қазақстанды тамашалауға келді. Қазақстан екі бала үшін мүлдем бөлек әлемдей көрінді.
«Біз оларды бала кезінде әкелуді жөн көрдік. Баланың ойы таза болады ғой. Достары Қазақстанда болдыңдар ма деп сұрағанда, олар сенімді түрде «Иә!» деп жауап бере алады. Оның үстіне бұл олардың ой-өрісін кеңейтетін таптырмас мүмкіндік», - дейді Элиастың анасы Клаудия Зайлер.
Германиядан Қазақстанға келген екі отбасы бала асырап алу процесі кезінде танысқан. Екі отбасы екі баланы Өскемен қаласындағы жетімдер үйінен асырап алған. Олардың тағдырлары бір-біріне ұқсас болғандықтан тез тіл табысып кетті. Ал осы жолы өсіп қалған балаларын ертіп германиялық екі отбасы Қазақстанға келді.
Мен анамды іздеймін
Клаудия мен Клаус Әлібектің, бүгінгі Элиастың туған анасы жайында ештеңені білмейді.

«Біз оның ата-анасы жайыда хабарсызбыз. Ол туа сала баласын жетімдер үйіне өткізген ауылдың қарапайым бір әйелі болар», деп болжады Клаудия Зайлер.
Элиас – азиаттық тұқымдағы еуропалық бала. Оның Қазақстан жайлы ойы тым көмескі болған.
«Мен Қазақстанды үйлері көп емес кішкентай ауыл деп елестеттім. Бірақ мына көріністі көргенде, аузым ашылып қалды, тіпті сөзім жоқ» деді көзі балбұл жайнаған балақай.
Элиас Қазақстанға келе сала өзін жайлы сезінген.
«Бұл жердегілердің бәрі мен сияқты екен», дейді.

Алматылық базарда жүргенде баланың көзі бірден домбыраға түскен. Бұл аспапты Элиас бір фильмде көрген екен. Ата-анасына домбыраны сатып алып беруді өтінген бала қазір аспаптан айырылмайтын болып алған.
Ал Көктөбені аралағанда қазақтың ұлттық бұйымдарымен танысып шығады. Бәрі көзіне сондай жылы көрінген. Элиас Қазақстанға үлкен азамат болып келемін деп шешті. Бірақ, турист ретінде емес. Бала туған анасын табуды армандайды.
«Мен қазақ тілін үйренгім келеді. Себебі анамды тапқанда, онымен қазақша сөйлесемін. Анам жайлы ештеңе білмесем де, оны қатты жақсы көремін».
Элиастың жаңа анасы Клаудия ұлының туған жерінің мәдениетімен танысқысы келген, өз ана тілін үйренгісі келген, сондай-ақ анасын тапқысы келген ниетін қолдайды.

«Бұл жер оның түп тамыры, ата-бабасы өскен жер. Кейде Элиастың туған анасын аяп кетемін. Ол – сондай жақсы бала, ал анасы одан айырылып қалды. Сол себпті, Элиастың анамды табамын деген ойына қарсы емеспін. Қиын болады, әрине, анасы жайлы бір дерегіміз жоқ. Алайда, бәрі де мүмкін», - дейді анасы.
Бір көргеннен бауырына басқан
Михаилдың жаңа ата-анасы – Андреас Бэр (инженер-электротехник), Крестин Бэр (жұмыссыз). Андреастың айтуынша, Михаил бірден олардың бір бөлігі атана кетті, туған балаларындай жақсы көреді. Алғашында үрей болғанымен ұлдың әкесі Михаилды алғаш көрген күні-ақ бауырына басты.

«Бала асырап алу – біз ойлағаннан да үлкен іс екен», - дейді Андреас.
Мишаны асырап алмай тұрып, ерлі-зайыптылар оған, Михаил ерлі-зайыптыларға үйренісіп кетудің бірнеше амал-тәселдерін пайдаланды. Оған тамақтар әкеліп тұрды, әңгімелесті. Сөйтіп жаңа ата-анасына үйреніп қалған Миша оларды көрген сайын жүгіріп барып, құшақтап алатын болған.

Бұл сәтті германиялық ерлі-зайыпты ешқашан ұмытпайды. Олар - ұлдары үшін бәрін істеуге дайын ата-ана. Оның үстіне Өскеменде баланың ата-әжесі мен бауыры тұрады. Андреас пен Крестин олардың араласып тұруына қарсы емес.
«Біз Мишаның өз түп тамырын біліп өскенін қалаймыз. Оның қазақстандық екенін әу баста айтқанбыз. Оның туған ата-анасы жағдайларына байланысты жетімдер үйіне өткізуге тура келген. 2 жарым жыл Михаил біреудің қамқорынсыз өмір сүрген. Ал қазір ұлымыз ата-ана махаббатын сезініп өсуі үшін қолымыздан келгенін аямаймыз», - деді Мишаның анасы.

Екі баланың мінезі екі түрлі. Михаил Элиасқа қарағанда сабырлы, ойға көп батады. Анасы секілді табиғатты жаны сүйеді. Қазақстанның табиғаты оған бірден ұнады.
Неге Қазақстан?
Екі ата-анаға неге баланы Қазақстаннан асырап алғандары жөнінде сұрақ қойылды. Екі отбасы екі түрлі жауап қатты. Михаилдың ата-анасы әлем әдебиеттерін көп оқыған. Мәселен, Крестинге Азия халқы ұнайтын көрінеді. Қазақстан жайлы, мәденеиті, менталитеті жайына оқып білген олар жан-тәнімен осы өлкеден бала асырап алуға бел буады.
«Баланы мәдени ортақатстық бар мемлекеттерден асыраған жөн. Мәселен, Оңтүстік Американың мәдениеті бізден тым алыс, сол секлді Африка да дәл солай. Ол балаларға қатысты сұрақ та көп туындайды, баланың сырт келбеті де маңызды ғой. Мұның бәрін ескеру қажет», дейді Элиасьың жаңа әкесі Клаус Зайлер.

Қазақстандық балалар мен олардың неміс ата-аналары Алматыны түгелдей дерлік аралап шықты, ендігі жоспар Өскемеген жол тарту. Ол жерде Михаилдың туғандарына кіріп-шықпақ, сондай-ақ балалар үйіне де соғуды жоспарлап отыр. Өскеменнен соң Астананы араламақ. Германиялық қонақтар балаларына олардың туған жерін аралатуалыран ізгі іс деп біледі.
«Германияда мынадай сөз бар: Баланың қанаты өсуі үшін түп-тамырын білуі аса қажет», дейді Керстин Бэр.
Аударған: Гүлім Жақан