«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне!
Тарих-Ана! Мыңдаған жыл толғатып, Жарық Күнді тарту еттің, шүкір мың! Мәпеледің, әлдиледің қолға алып, Мойнымызға Қазақ деген құт ілдің. Көкбөрі едім, көкірегіммен айға ұлып, Көкжиекті місе тұтпай көшкенмін. Темірқазық – Атажұртқа байланып, Дешті Қыпшақ, Тұранымды дос көрдім. Әзіз басым Көк Тәңірге бас ұрып, Алтын адам – Сақ болғанмын әуелі. Ғұн кезімде Атилла боп атылып, Озық болды шайқасымның мәнері. Қаңлы менен үйсін болып ұйыстым, Қарға-тамыр қауым болдым мәуелі. Көк Түркі боп мың құшақпен түйістім, Тұлғам енді көк тіреген Тау еді. Арғы тегін Үш Арыстан құраған, Түгел Түркі түп атасы – Қазақпыз: Бір үмбет ел! Бұрын едік бір Адам, Жарты әлембіз, ғаламат күш, ғажаппыз! Арқамызға асқаралы жүк артып, Ұлы көшке – өркениетке іліктік. Күліп жүріп, жыладық та, жұбаттық, Қара жерге жасымызды жібіттік. Тіні, ділі, діні, тілі бір елміз, Мәңгі-бақи бір болуға анттасқан. Төрт құбыламыз, төрт көзіміз түгелміз, Баба ғұрпы еш үзілмей жалғасқан. Бодандықта бордай тозып, үгілдік, Құл-қамыттан біржолата құтылдық. Хақты танып, Жаратқанға жүгіндік, Мәңгілік Ел боламыз деп жұтындық! Туған елім – Тәңір берген бақытым, Түп негізім – әлімсақтан жұмыр жер. Жеті қат көк – самғап ұшар бағытым, Қазағыма Аллаһ, пырақ-ғұмыр бер! Жеті қат көк – періштелер мекені, Ғаршы жаққа жақын болу арманым. Мен сенемін, төбем көкке жетеді, Уа, Топырақ, батаңды бер, самғадым! Бұл ғасырдың сөгілгенде көбесі, Жаһұт ғасыр қол бұлғайды, қарашы: Гүл жайнап тұр мәңгі елдің Нұртөбесі – Күлтөбенің күн баптаған баласы! Сәуегейге сенеді екен жұрт әлі, Болжағанда келер ғасыр төресін. Анық Төре - Күлтегіннің ұрпағы, Мәңгілік ел «ҚАЗАҚСТАН» - ол есім! P.S. Адамзаттың бәрін сүйер бауыр деп, ізгіліктің шашып жүрер бомбасын, даңқы ертең тұратұғын дәуірлеп, Хақ Тағалам Ұлы елімді қолдасын!
Баубек Жаппасұлы Бегенов