Несі ұят?..

/uploads/thumbnail/20170710123113379_small.jpg

Өз жерінде көк көздер Қайратымды,

Масқаралап қолданды айла түрлі.

Орыс тілін білмесе түсініңіз,

Менсінбеген шығар-ау майда тілді?!

 

Тұрған жоқ па сөзге бай – қазақ тілім,

«Қазақпын» - деп күй кештім ғажап бүгін.

Орыс тілін білмеген Қайратымнан,

Сезіліп тұр, шіркін-ай, азаттығым!

 

Соған қазір жетпей жүр ми әттеген,

Ұқпайтынға сылдыр су сияқты өлең.

Орыс тілін білмеген ұят емес,

Қазақ тілін білмеген ұят дер ем!

 

Өз тілім бар өзгенің керегі не,

Үйренгенге абырой береді ме?

«Ұят болды» дегендер алдыменен,

Өз тілінің бойласын тереңіне.

 

Ұялмаймын, мақтанам Қайратпенен,

Мен осылай өзімді қайрап келем.

Өр намысы жоғары қазақ болсақ,

Биігінен түспейді байрақ төмен!

Авторы: Саят Әбенов

Қатысты Мақалалар