«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Астана халықаралық әуежайына Елбасы есімінің берілуін қолдайтынын жеткізді. Бұл туралы бүгін партияның Орталық аппаратында департамент жетекшілерінің және облыстық филиал басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста белгілі болды.
Өз сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары ірі халықаралық әуежайларға мемлекеттің негізін салған тұлғалардың есімін беру әлемде бар тәжірибе екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай бастаманы нұротандықтардың бұған дейін де көтеріп, айтып жүргеніне тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіз мемлекетіміздің әрі Астанамыздың негізін салушы Елбасымыз есімінің халықаралық әуежайға берілуін әбден заңды құбылыс деп білемін. Америкада Нью-Йорк әуежайы Джон Кеннеди, Стамбулда Ататүрік есімін иеленген. Бұл оқиғаның қазақтың атын әлемге танытқан ЕХРО-2017 көрмесі кезінде орын алуы өте дұрыс болды. Әрдайым халқының шынайы қолдауына ие болып, Қазақстанды өркениет биігіне бастап келе жатқан Елбасымызды әлемдік қауымдастық еліміздің символы ретінде қабылдайды. Сондықтан барша қазақстандықтарды бүкіл дүние жүзіне тараған қуанышты жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын», – деді.