Шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қоры құрылады. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін мынадай жұмыстарды қолға алайық. Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын. Өздеріңіз білесіздер, 25 жылдың ішінде экономиканың өркендеп өсуіне байланысты, жүргізіліп отырған саясатқа байланысты біздің көп азаматтарымыз белгілі, бай адамдар болды, жұмыс істеп жатыр. Енді біз бай ел жасаймыз деп ұмтылып жатырмыз», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті елімізде қалталы азаматтар көп болса, онда олар елді жұмыспен қамтамасыз ететіндігін атап өтті.
"Сондықтан мен бүгін солардың барлығына, Қазақстанда тұратын қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларды, шешендерді, барлығын үйімізге әкеп тығып тастағанда, құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзіміздің қазақтарға неге солай жасамаймыз. Қаны қазақ сол бизнесмендерге осы қорға әрқайсысы өз үлесін қосуға шақырамын. Оны ұйымдастыруды құрылтай басшылығына, Президент Аппаратына, Үкіметке тапсырамын", - деді Н.Назарбаев.
Шолушы: Гүлім Жақан