Ермұрат Бапи. Шын достардың арасында саясат жүрмейді

/uploads/thumbnail/20170708155541714_small.jpg

СІЗДІҢ ЕРМҰРАТ БАПИ БОЛЫП ЖҮРГЕНІҢІЗГЕ МАХАМБЕТ БАТЫРДЫҢ, ОНЫҢ ҰРПАҒЫНЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ СЕП БОЛҒАН ЕКЕН ҒОЙ... – Пәлендей таласым жоқ: басқа бір елдің қызы болғанда, мен де босаң болар ма едім?.. Бірақ менің де бабам тегін емес, Қаракерей Қабанбайдың бір бұтағымын. Әйтсе де әзілсіз айтар болсам, шынында да Қарлығаш – мен үшін бірнеше жерде кәдімгідей төбелескен қыз. Аллаһи шындығым: мені ретсіз қағытпақ болған бір жігіттің түбіт-түбітін шығарып, той үстінен қуып шыққан кезі болған. Сенбесең, Советхан Сәкенов деген досымнан сұра: ол Қорғастың бандысын соттаған Қазақстанға әйгілі судья – әділін жазбай айтады. Кейіннен осы оппозициялық қызметім үшін сотты болғанымда, мені алып кетуге келген бір топ полицейге «Балаларының көзінше бермеймін!» деп есіктен аттатпаған. Қиянатқа мойынсұнбайтын ондай махамбеттік мінез баршылық. Бірақ жатақханадағы көп қыздың ішінде ұяңдығымен, нәзік назымен, дос-жаранға жүрегін суырып берер ілтипаттығымен ерекше болып көзіме түскен еді. Менен бес жас кіші болса да, күні бүгінге дейін анау-мынау ақыл сұрап тұрам. Менің талай бұзықтығымды, түз кезген тентектігімді бетіме басқан күні жоқ. Пешенедегі жазудың қызығын да, шыжығын да бірге көріп келеміз. Біз Алтай аймағының 42 градустық аязында үйлендік. Бүгінде марқұм болған қазақтың белгілі ақыны Нұрлан Мәукенұлы тойға келе жатқан 20 студентті Жаңғызтөбе стансасынан арнайы автобуспен күтіп алып, желтоқсанның сақылдаған аязында жеті күн той жасаған едік. Сол суыққа контраст болғандай, жып-жылы жанұямыз бар. Қарлығаш – тележурналист, «Апорт-продакшн» компаниясының продюсері. Кезіндегі «Хабар-жер», республикалық телеарналардағы бүгінгі «Ас-арқау», «Агробизнес», «Әдебиет әлемі» бағдарламаларын Қарлығаштың шығармашылық тобы жасайды. Үлкен қызым Әйгерім де – тележурналист, телекөрермендер оны «Жұлдыздар мәзірі» деген бағдарламадан көріп жүр. Батырбек деген батыр тұлғалы күйеубалам бар. Екінші қызым Салтанат Тайванның Қаржы және банк істері университетін бітірген. Қазір Голливудтың бір кинокомпаниясында «Марко Поло» деген көпсериялы фильмнің түсірілімінде жүр. Кіші қызым Ұлдана – студент, болашақ туризм маманы. Бұйыртқан бақытым – балаларым: Құдай арғы-бергі бергенін кенде қылмаған адаммын. – АЛ ӨСКЕМЕННЕН АЛМАТЫҒА ЖАСАҒАН «СЕКІРІСТІҢ» СЫРЫН АЙТАСЫЗ БА? – Онда пәлендей сыр жоқ: Шерағаңның шақыруымен «Социалистік Қазақстан» газетіне келген бұйыртқан жолды да бақыт санаймын. Шерағаң мен оның орынбасары Ержұман Смайыл мені «СҚ»-да жарияланған бір ғана мақалам үшін Өскеменнен шақыртып алды. Қазір ол мақаланың атауын ұмытып қалыппын: есімдегісі – ШҚО-дағы Ұлан аупарткомының бірінші хатшысы Қожамжаров дегенді қақ маңдайдан перген едім. Сол жарияланым «ЦК»-да қаралып, кейіннен сол бірінші хатшыны орнынан алып тастады. 1992 жылдың күзінде Шерағаң республикалық телерадио корпорациясына президент болып ауысқанда, белгілі әдебиетші-сыншы Әмірхан Меңдеке (бүгінде «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары) екеумізді өзімен ерте кетті. Әмірхан Қазақ радиосының директоры болды, мен «Тайқазан» атты коммерциялық бағдарлама ашып, тыңдарман қауымға әрі жарнамалық, әрі экономикалық ағартушылық қызмет көрсеттім. Сонда өзіміз шыққан «СҚ»-да Ержұман ағаның «Бізден кеткен біреу – «Вольва», екеу – «Волга» мінді» деген репликасы шыққан еді. Мазмұны мен дерегі дәнекүстеу болса да, сол жарияланымның тақырыбы керемет еді, содан есімде қалыпты. Кейіннен қызметке «командамен келу» деген тәлтірек тәртіп қалыптасқан кезде, «Қазақстан» РТРК» АҚ-на президент болып келген Ләйлә Бекетованың командасы Шерағаңның шекпенінен шыққан біздерді сырып тастады да, мен екі-үш ай жұмыссыз қалдым. Сөйтіп жүрген кезде ҚР Министрлер кабинетінде баспасөз қызметін құрып жатқан, бүгінде белгілі саясаткер Әміржан Қосанов хабарласып, премьер-министрдің келісімімен қызметке шақырды. Жасыратыны жоқ, көпшілік әріптестерім біледі, Әміржан екеуміз немерелес апалы-сіңлілі қыздарға үйленген бажамыз. Бірақ бажалықтан бұрын бір ақиқатты мойындау керек: Әміржан Қазақстанда бұрын-соңды болмаған баспасөз қызметін құрды. Мәселен, қазіргі премьердің баспасөз хатшысы кім екенін ел-жұрт түгілі, ақпарат алаңының бір шетінде жүрген мен білмеймін. Қазақстанда үлкен реформа жасаған үкіметтің баспасөз қызметінде үш жылдан астам уақыт қазақ жағына жетекшілік еттім. – ОЛ КЕЗДЕ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӘКЕЖАН ҚАЖЫГЕЛДИН ЕМЕС ПЕ ЕДІ? – Дәл айттың! Қажыгелдиннің командасында болу – менің тағы бір бақытым. Болашақ азаматтық көзқарас, қоғамдағы қатынастарға деген бұлт-шалтсыз ұстаным менің санамда сол жылдары қалыптасты. Оның бәрін мен Әкежан Қажыгелдиннен үйрендім. Кейіннен ол оппозицияға кетіп, президенттікке сайлануға құқы бар азаматтығын білдірген кездегі тым-тырақай қудалау – Әкежан ағадан қорыққан адамның қылығы. Оны «ұрлап кетті», «қылмыс жасады», әйтті-бүйтті дегеннің бәрі – биліктің пропагандасы. Бүгінгі ел-жұрт оқитын Бапи басыммен айтайыншы, Қазақстанда дәл Әкежандай премьер бұрын-соңды болған емес және бүгінгілердің тыраң тірліктеріне қарап, жуық жылдары болмайды деп ойлаймын. Кейінгі премьерлер мен олардың кабинеттері – 90-жылдары Әкежан жасап кеткен реформаның қорасында бұзау бағып, ауласында ойнап жүрген бала-шағалар. Бүгін біздің ел еріксізден Еуразиялық одаққа кірейін деп отырған кезде, дәл Әкежан – Қазақстанға ауадай қажет саясаткер. Ол – соңғы 17 жылда әлемдік дәрежеде шыңдалған, халықаралық қатынастардың ортасында бұрқ-сарқ қайнаған, орыстың да оң-солын жатқа білетін азамат. Оның экономикалық орамы мен шешендік ой қисыны бүгінгі кабинетте жүргендердің бәрін жалғыз қолымен орап кетеді. Бұл – асыра айтқандық емес. Осы сөзімнің дұрыс-бұрыстығын білу үшін Серікболсын Әбділдин ағаның, Ғазиз Алдамжаровтың, Досым Сәтпаевтың, Уәлихан Қайсаровтың беделді пікірін тыңдап көріңіз: кемінде 90 пайыз айна-қатесіз растайды. Сөйткен Әкежан Қажыгелдинді қарсыластары 1997 жылы отставкаға кетірді. Тағы да команда ауысты. Одан кейін ол кісі Қазақстан Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының президенті болды: жарты жыл сол жерде бірге істедік. 1998 жылы Әкежан Қажыгелдин президент сайлауына түсетіндігін жария еткеннен кейін қудалау басталды, оны жазықсыз сотты етті, ақыры шетелде бас сауғалауға мәжбүр болды. Осыдан кейін біртіндеп біз де оппозицияға ауыса бастадық. – «ДАТ» ГАЗЕТІ ОСЫ КЕЗДЕ АШЫЛДЫ МА? – Иә, сол жылдары Әкежан Қажыгелдиннің басшылығымен «Қазақстанның Республикалық Халықтық Партиясы» құрылды және елге балама ақпарат беретін тәуелсіз газет қажет болды. Алғашқы бас редакторы Шәріп Құрақбаев деген белгілі журналист болды. Біз Әміржан екеуміз сырттай бақылаушы болдық. Газетте халықтық билік, демократия, жариялылық тақырыптарын көтере бастадық. Қоғамдағы кінәраттарды жазатын еліміздегі алғашқы газет болғандықтан, таралымы күрт өсе бастады. 1998 жылғы президенттік сайлаудың қарсаңында ол газетті нақақ жаламен соттап, ақыры жауып тынды. Газетті қайта ашу үшін оны басқа атаумен тіркету керек болды. Бірақ «Дат» деген атын сақтап қалғымыз келді. Содан сол бұрынғы «ДАТ» деген мағынаны білдіретін «СолДАТ» деген газет шығардық. Оның алғашқы редакторы белгілі қаламгер Марат Қабанбаев болды. Жарты жылдың ішінде ол газеттің таралымы 48 мыңға жетті. Кейіннен бұл газетті де соттың шешімімен жапты. Бұл екі арада мен екі рет сотты болдым. – СОНДА ҚАМАУДА ОТЫРДЫҢЫЗ БА? – Жоқ. Алғашқы сотта шартты жаза кесілді, екіншісінде – екі жылға сотталдым, бірақ Қазақстан парламентаризмінің 10 жылдығына орай болған амнистиямен мені босатты. Әйтсе де бес жылға журналистік кәсіппен айналысуға тыйым салды. Ендігі газеттің бас редакторы болу құқығынан айырған соң, «бас оқырман» деген атау сол жылдары шықты. Кейінгі үш-төрт жылда «ДАТ»-тың айдарымен «Айна плюс», «Жұма-таймс» деген газеттер шығардық. Олар да соттың нақақ шешімімен жабылды. «Жұма-таймстың» құрылтайшысы Жұмаш Көкбөрі аға қудалауға ұшырап, салық пен соттың лаңынан екі-үш жылда әрең құтылды. Содан бір күні атақты жазушы ағам Қабдеш Жұмаділов әлдебір жиында кезіге қалып: «Әй, Ермұрат, енді газет шығарсаң, атауын «Тасжарған» қой. Тарбағатай тауында тасжарған деген өсімдік бар, өзінің сабағы жұмсақтау болса да, тасты тесіп өседі. Күлден қайта жаралатын Феникс құсы сияқты сенің газеттеріңе лайық атау» дегені. Жаңа газетті бір жанашыр ағайынның атына тіркеттік. Сондағы «Тасжарған» газетінің таралымы 68 мыңға дейін жетті. Мұндай таралым бүгінгі газеттердің түсіне кірмейді. Бірақ 2009 жылы Ромин Мадинов деген депутат менің ар-намысыма тиді деп, «Тасжарғанды» сотқа берді. Соттың солақай шешімімен бізге 50 млн теңге айыппұл салынған соң, газет редакция­сын банкрот деп жариялауға мәжбүр болдық. Сөйтіп жүргенде «Азат» партиясы мен «ЖСДП» қосылып, Жармахан Тұяқбаев аға маған өзінің «Общественная позиция» газетін шығаруды ұсынды. Бұған дейін ол газет 5 мың таралыммен шығып, оның бір мыңға толар-толмас данасы ғана сатылып тұрған екен. Шүкіршілік, қазіргі қылшылдаған қымбатшылық заманында ресми таралымымыз 30 мыңнан асады. Әзірге ғұмыры ұзағырақ болып тұрған, 2009 жылдан бері шығып келе жатқан – осы газет. Бұл арада мен өзіммен бірге 16 жыл бойы «ДАТ» газеттер жобасын үздіксіз шығарысып келе жатқан Бақытгүл Мәкімбай қарындасым мен Кенжетай Айтбакиев деген бауырыма разымын. Кейін заман өзгеріп, біздің көшеде де мейрам болып жатқанда, нағыз марапатқа лайық патриоттар – осы екеуі. – ЕРМҰРАТ АҒА, ГАЗЕТІҢІЗДЕ ЖАРНАМА КӨРІНБЕЙДІ. ОНЫ ШЫҒАРУҒА КІМДЕР ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК ЖАСАЙДЫ? – Жоғарыда айтқан Бақытгүл мен ­Кенжеден басқа ешкім көмек жасамайды. Ал қаржылық көмек жағына келсек, оқырманнан басқа одақтасымыз жоқ. Біз тек қана базар сатылымы арқылы күн көретін газетпіз. Жарнама бергісі келетіндер көп, бірақ олар оппозициялық газетке жәрдем еттіңдер деген желеумен қуғынға түсуден қорқады. Анығында, бұл – Рахат Әлиевтің заманынан қалған стереотип, әйтпесе бірлі-екілі жарнама берушіні бықпырт тигендей еткен ешкімді көрмедім. – «ДАТ» ГАЗЕТІНІҢ ТАРИХЫНА ҮҢІЛГЕНДЕ, ҚАНДАЙ ЖУРНАЛИСТЕР ЕСІҢІЗГЕ ТҮСЕДІ? – Шәріп Құрақбаевтың алғашқы редакторлық қызметі үлкен ерлік болды. Әрине, одан кейін бірінші кезекте Марат Қабанбаев еске түседі. Оның орынбасары Ғалымжан Мұқанов деген мықты аудармашы-әдебиетші еді. Бүгінде екеуі де марқұм болды. Негізі «ДАТ»-та істеген мықтылардың біразы әртүрлі жағдайда ерте қайтыс болып кетті. Арғынғазы Мадияров деген әрі журналист, әрі әкімгер азаматымыз болған, ол да бүгінде ортамызда жоқ. Асхат Шәріпжанов деген өте білімді, ұшқыр журналист болған еді: оны машина қағып-мыс өлтірді. Бұл өлімнің қасақана жасалғанына сенімдімін. – ГАЗЕТІҢІЗДІ САТЫП АЛУҒА БИЛІК ЖАҚТАН ҰСЫНЫСТАР ТҮСПЕДІ МЕ? – Болды. Бірақ мен келіспедім. Газетті одан әрі дамыту мақсатындағы сау­да-саттық болғанда, бәлкім, ондай ымы­раға баруға болар ма еді?.. Ал ұсыныс жасаушылардың мақсаты – газеттің өңін айналдыру, биліктің ығына жығып беру. Ондай ымыраға ырық берсең, қалың оқырманның мүд­десін сатып кеткенің. Бұған жүрек дауалау үшін мен анамнан басқа адам болып туып келуім керек шығар. – СІЗДЕРМЕН ҚАТАР ОППОЗИЦИЯЛЫҚ САРЫНДА ЖАЗАТЫН ҚАНДАЙ ГАЗЕТТІ БӘСЕКЕЛЕС САНАЙСЫЗ? – Біріншіден, оппозицияның өз ішінде ырың-жырың бәсеке болса, ондай қозға­лыстың құрығаны дей беріңіз. Екіншіден, әзірге екі тілде шығатын «ДАТ»-пен бәсекелесуге шамасы жететін басылым жоқ. – ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ, ЖАЛПЫ ҚАЗАҚСТАНДА ОППОЗИЦИЯ БАР МА? – Дәл қазір ондай тұтасқан ұйым жоқ. Соттайтынын қамап, өлтіретінін атып, қорқытатынын қораға тығып, сатып алатынын қуыршаққа айналдырып – бәрін құртып бітті. Бірақ кухняда тісін қайрап отырғандар мен әлеуметтік желідегі оппозицияның екпіні күн өткен сайын өсіп келеді. – «ОБЩЕСТВЕННАЯ ПОЗИЦИЯ» ГАЗЕТІ ЕКІ ТІЛДЕ ШЫҒАДЫ. ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ШЫҒАРУ ОЙЫҢЫЗДА БОЛМАДЫ МА? – Бұл газет маған дейін тек орыс тілінде шығатын. Мен оны жартылай қазақшаға айналдырдым. Қазақтың мүддесін орысша айту үшін оның екінші жартысын орыс тілінде қалдырдым. Оның үстіне таза қазақ тіліндегі газеттердің нарықта күн көруі оңай емес. Газеттің орыс бөлігін мен орысшам тасып бара жатқаннан шығарып отырғам жоқ: елдегі тілдік, нарықтық жағдайдың талабы солай болып тұр. – БІЗДІҢ ЕЛ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТЫҢ МҮШЕЛІГІНЕ ЕНДІ. АЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА АҚШ ПЕН ЕУРООДАҚТЫҢ РЕСЕЙДІҢ СОҒЫСШЫЛ САЯ­САТЫНА ҚАРСЫ САЛҒАН САНКЦИЯЛАРЫ БІЗГЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ, ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ? – Әсер етпесе, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің осы орайдағы жасырын отырысын өткізіп, үкіметке санкциялар жағдайында жұмыс жүргізудің нұсқаларын жасауға нұсқау берер ме еді?! Санкциялық тізімдегі әлдебір тауарды біздің елдің әйгілі жемқорлары Ресейге қарай өткізіп жіберген күннің ертеңінде АҚШ-тың «ЦРУ»-ы ол жағдайды Обамаға жеткізеді. Оның үстіне агрессор елмен сая­си үлгідегі одақтас болу – санкциясыз-ақ оңып тұрған жағдай емес қой. – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ, МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰРҒАН ЖОҚ ПА? ЖАЛПЫ, СЫРТҚЫ КҮШТЕРДІҢ ЫҚПАЛЫНАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ? – Сыртқы күштерден біздің алақандай ел әскердің күшімен қорғана алмайды. Біздің бүкіл әскердің саны мен қауһары Ресейдің бір әскери округіне, Қытайдың жалғыз ғана армиялық корпусына төтеп бере алмайды. Сондықтан біз бірінші кезекте мемлекеттігімізді ақпараттық қауіпсіздікпен қорғауымыз керек. Ол үшін ең алдымен Қазақстанға хабар тарататын Ресейдің бес бірдей саяси федералдық телеарнасының үнін өшіру керек. – СІЗ КӨП ЖЫЛДАН БЕРІ ОППОЗИЦИЯДА ЖҮРСІЗ. ОСЫ УАҚЫТТЫҢ ІШІНДЕ ТУЫСТАРЫҢЫЗ, ДОСТАРЫҢЫЗ СІЗБЕН АРАЛАСПАЙ КЕТКЕН ЖАҒДАЙЛАР БОЛДЫ МА? ЖАЛПЫ, ОППОЗИЦИЯД­А ЖҮРГЕН АДАМДА ДОС БОЛА МА? – Оппозицияда ғана емес, кәдімгі өмірдің өзінде уақыт өте келе достардың қатары бірте-бірте екшеледі. Ал оппозицияда ондай іріктелу бес есе қатты қарқынмен жүреді деп ойлаймын. Мәселен, менің сот органында қызмет еткен бір досым болды. Мен оның екінші ұлының өкіл әкесімін. Бірақ бүгінде соттың үлкен қызметінде жүрген сол «досым» мені көрген жерде тым-тырақай қаша жөнеледі: пәлем жұғып кетеді деп қорқатын болуы керек. Бұл енді достық емес, нағыз бейшаралық болса керек. Шын достардың арасында саясат жүрмейді. Ал осы жүрісім үшін менен айныған туған-туысым жоқ..

"Жұлдыздар отбасы" журналы

Қатысты Мақалалар