«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында Астана күні қарсаңында жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Партия Павлодар қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Нұржан Әшімбетов өз сөзінде қатысушыларды құттықтап, Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстан іргесінің қалануындағы ерекше рөлін атады. – Астана – елдігіміздің нышаны, береке-бірлігіміздің ұйытқысы, абыройымыздың айғағы. Бүгінгі таңда елдің төрі - Елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Тәуелсіз мемлекетіміздің бас қаласы қазіргі таңда әлем таныған әсем, сәулетті, мәдени орталық. Бұл тұрғыда ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен Елбасымыздың еңбегі орасан зор, - деді «Нұр Отан» партиясының Павлодар қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Нұржан Әшімбетов.
Әрі қарай қалалық филиал төрағасы партияның жаңа 15 мүшелеріне партия билеттерін табыс етті. Олар түрлі кәсіптер мен салалар өкілдері. Солардың арасында Астананың құрдасы Машина жасау колледжінің түлегі Шерхан Асылханов та бар. 6 шілде күні Шерхан да 19 жасқа толады. – Сенімдеріңіз үшін рахмет. «Нұр Отан» қатарына ену мен үшін үлкен абырой. Сенімді ақтау үшін барымды саламын, - деді Шерхан. Одан өзге, шара барысында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева еңбек ардагері Әбжан Шахматалинов, «АлтайАгроИмпекс» ЖШС директоры Павел Андрусенко және Павлодар облысы Ауған және локалдық соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Төлеген Көкімбаевқа партияның облыстық филиалы атынан Алғыс хаттарын табыс етті. Кеш мерекелік концертке ұласты.
Шолушы: Айгерім Таубай