Əдебиеттегі характер – белгілі əлеуметтік-тарихи орта, қоғамдық жағдайлардың əсерінен туып, қалыптасқан адам мінезінің əдебиеттегі қалпы. Болмысты эстетикалық тұрғыдан тануда əдеби характердің маңызы зор. Өйткені, көркем шығармада адамдар арасындағы сан алуан, қат-қабат, шытырман, күрделі қатынастар, тұлға мен табиғат орайындағы саласала байланыстар жан-жақты бейнеленеді.
Өмірдегі характер əдебиетке көшкенде, жазушылық қиялдың күшімен суреткер мұратына, шығарма мақсатына байланысты өзгеріске ұшырайды, нақтыланып жинақтылық мəнге ие болады. Ғылым салалары философия, этнография, психология характерді даралап қарастырады. Əдебиеттегі характер жанды, тірі күйінде көрініп, жүрекке ұялап, сезімді қозғайды, эстетикалық əсер береді. Дүниежүзілік əдебиетте характерлердің сан алуан галереясы жасалған: Ер Тарғын, Манас, Тартюф, Гамлет, Болконский, Абай, Павел Корчагин, т.б. Суреткер характер жасау арқылы əлеуметтік ортаны, қоғамдағы тартыстарды ашып көрсетеді. Жазушының биік мұраты жағымды образдар характерін жасаумен сабақтасып жатады. Кейіпкер, персонаж, қаһарман, тип деген ұғымдар əр дəрежеде көрінген əдеби характерді білдіреді.