Рымғали Нұрғали. Болгар əдебиеті

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

Болгар əдебиеті – ең көне, тарихи тамыры терең славян əдебиетінің бір тармағы. Болгар əдебиетінің тууы (ІХ ғасырдың 2-жартысы) славян ағартушылары Кирилл мен Мефодий шəкірттерінің творчествосымен тығыз байланысты. Көп замандар болгар əдебиеті діни-мистикалық əсерлерден арыла алмады. «Адам Ата мен Хауа Ана жайлы сөз», «Исустың Əзірейілмен тəжікесі», «Жұмбақ кітап» – сол ықпалдың туындысы. Біртебірте əдебиетте халықтық сарын күшейіп, «Троян хикаясы», «Александрия» тақылеттес шығармалар туды, Поп Пейо, Матвей Грамматик сынды жазушылар шықты. ХVІ І-ХIX ғасыр жазушылары П. Хилендарский, С. Врачанский, В. Априлов, Н. Бозвели, П. Берон, К. Фотонов, т.б. əр жанрда жазумен қоса, əлеуметтік-қоғамдық істерге көп араласты, олар мектепке арналған тұңғыш оқулықтардың авторы болды. Болгар ұлттық əдебиеті XIX ғасырдың 50-70-жылдарында қалыптасып, негізгі жанрлар түгел дамыды. Талантты ақындар Д. Чинтулов (182286), П.Р. Славейков (1827-95), Г.С. Раковский (1821-67), Х. Ботев (1849-76), И. Вазов (1850-1921), прозаиктері: В. Друмев (1841-1901), Л. Каравелов (1835-79), И. Блысков (1839-1913); драматургтер: Д. Войников (1833-78), В. Друмевтер халық өмірін реалистік тұрғыда бейнелеп, əдебиетті жаңа белеске көтерді. И. Вазовтың «Ұмытылған-жылдар дастаны», «Кезбе сыры» өлеңдері, «Тепкіде» романы, П.Р. Славейковтің «Қанды жыр» поэмасы, Х. Ботев өлеңдері, П. Яворовтың «Шалғында», «Бұршақ» поэмалары, И. Вазовтың «Езгіде», «Аласталғандар» драмалары, А. Страшимировтың «Аруақ», «Құдағи» комедиялары – азаматтық сарыны күшті, əлеуметтік мəні зор туынды лар. Октябрь революциясы болгар əдебиетіне ерекше əсер етті. Х. Смирненский, Г. Караславов, Х. Радевский творчестволарына тəн қасиет – күрескер кейіпкер бейнесін жасау, антифашизм. Тарихи тақырыптарды көтерген С. Дичевтің «Бостандық үшін», Д. Талевтің «Темір шырақ», «Қоңыраулар», фашизмді айыптаған Д. Димовтің «Темекі», Г. Караславовтың «Кəдімгі жандар» бүгінгі күнді суреттейтін А. Гуляшканың «Алтын жабағы», К. Калчевтің «Тоқымашылар семьясы» романдары – қазіргі болгар əдебиеті қауырт өсуінің белгісі. Болгар жазушыларының «Болгар əйелдері» атты əңгімелер жинағы (1956) жəне И. Вазовтың «Бұғауда» романы (1959) қазақ тілінде басылып шықты.

Қатысты Мақалалар