Дидактикалық əдебиет – ғылыми, философиялық, моральдық, діни идеяларды; уағыз, ғибрат ойларды білдіретін шығармалар. Дидактикалық əдебиетте көркем суретпен бейнелеуден гөрі байлам, пікір, тұжырымға; оқырманға ойды, идеяны əсерлі жеткізуге ерекше мəн беріледі. Дидактикалық əдебиеттің тарихы да бай, үлгілері де көп. Фольклор материалдары, халықтың аңыз-əңгімелері негізінде жазылған дидактикалық əдебиеттер өте көп. Əсіресе, дидактикалық көркемсөзде мақал-мəтелдердің, ақыл, нақыл сөздердің, ертегі, эпостардың əсері күшті. Үнді əдебиетінің «Махабхарата», «Панча-тантра» туындыларында буддизм идеялары насихатталған. Көне шығыс əдебиетінде дидактикалық əдебиет ерекше орын алады. Бұны Омар Һайям, Сағди, Жəми, Рудаки, Низами, Фирдауси мұраларынан көруге болады. Қазақ əдебиетінде Абайдың қара сөздері, поэмалары – шығыстың дидактикалық əдебиетінің жалғасы. Еуропа əдебиетінде Лукрецийдің «Заттар табиғаты туралы», Горацийдің «Поэзия ғылымы», Буалоның «Поэтикалық өнер» атты шығармалары секілді дидактикалық əдебиет үлгілері бар. Эзоп, Лафонтен, Крылов сынды мысалшылар, Э. Роттердамский, М. Лютер, т.б. жазушылар дидактикалық шығармалар жазған. Əдеб.: Əуезов М.О. Абай Құнанбаев. – А., 1967; Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. – М., 1970.