Депутат Бақытжан Базарбек министрліктер мен мемлекеттік аппаратты қысқартуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді және мемлекеттік шығындарды оңтайландыру мақсатында министрліктерді қысқартуды ұсынды. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
— Мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында біз 2026 жылдан бастап мемлекеттік аппаратты кезең-кезеңімен қысқартуға көшуіміз керек. Бірақ бұл қадамнан үкімет те, басқа құрылымдар да қорқады. Егер 2026 жылдан бастап шығындарды азайтпасақ, мемлекетіміз қарыз қысымында қалуы мүмкін, — деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік қарызды азайту үшін кейбір ұлттық компаниялар мен министрліктердің құрылымдарын оңтайландыру қажет.
— «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты ұлттық компаниялардың әкімшілік аппаратын қысқарту керек. Сондай-ақ, кейбір министрліктерді біріктіру ұсынылады. Мысалы, Су ресурстары және экология министрлігін, Қаржы және Ұлттық экономика министрлігін, Индустрия және Өнеркәсіп-құрылыс министрлігін қосуға болады. Әр министрлікте кемінде 5-6 вице-министр бар. Олардың санын екіге дейін қысқартуға болады. Бұл мемлекеттік шығындарды азайтуға ықпал етеді, — деп атап өтті Базарбек.
Депутаттың пікірінше, жасанды интеллектіні мемлекеттік органдар жұмысына енгізу арқылы да үдерісті жеделдетуге және тиімділікке қол жеткізуге болады.