Алакөл көлі Алматы облысы суға кеткен Алакөлдегі шомылу маусымының басталғанына екі апта өтті. Құтқарушылар осы уақыт ішінде суға кетіп бара жатқан 7 адамды құтқарып алған деп хабарлайды 24.kz. Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы көл жағасында демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әдеттегідей шомылу маусымы басталар-басталмастан-ақ құтқарушылардың да жұмысы қыза түседі. Алакөл жағасында орналасқан Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы қажетті техника, құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген.
Мұндағы сүңгуірлер 20-25 метр тереңдікте жұмыс істей алады. Марат Смағұлов, Алакөл құтқару бөлімшесінің жетекшісі: - 13 адам жұмыс жасайды. Соның ішінде медбикеміз бар. Қалған 12-сі сүңгуір-құтқарушылар. Демалушылар жылдан-жылға байып келе жатыр. Демалыс орындары көбейіп бара жатыр. Суы дертке дауа, жанға шипа болған Алакөлдің жағасына өткен жылы 500 мыңнан астам саяхатшы келген. Он екі адамнан тұратын құтқарушылар жасағы, әрине, аздық етеді. «Сондықтан су полициясын құрып, көл жағасында көрсетілетін қызмет сапасын да барынша жақсарту керек, – дейді демалушылар.
Әзірге соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған оқиғалар бола қойған жоқ. Дегенмен су жағасында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған абзал. Ол үшін демалушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақтар таратылып, адамдардың суда өз-өзін қалай ұстауы керектігі жан-жақты түсіндіріліп жатыр.