Ақылбек Шаяхмет. Нар қазақ – намысы бар қазақ

/uploads/thumbnail/20170708155805585_small.jpg

«Қазақ елі – 550 жыл»

шығармашылық бәйгесіне

«Ежелгі дәуір әдебиеті» (VII-XIV ғғ.) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған қазақ әдебиеті тарихында көненің көзіндей шығармалар аз емес. Олардың ішінде түркі ру-тайпаларына ортақ Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін ең алдымен еске аламыз. Бұл ескерткіштердің тілі де бізге түсінікті. Қазақ жерінде өмір сүрген Қыпшақ хандығының тарихы он бірінші – он үшінші ғасырдан бастау алады. Олардың қазіргі ана тілімізде сөйлегенін ескерсек, Қазақ мемлекетінің тарихы тереңге тамыр тартады. Ол келешектің құзырында. Біздің айтпағымыз бұл емес.

             Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші алдында тұрған сәтте:

             «Сенің пірің, қазағым, алыс күннен,

             Келген батыр астына барыс мінген.

             Желтоқсанның желімен мұз қозғалып,

             Қиянатпен барыстай алыстым мен.

             Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген,

             Жетті бізге жарқырап алыс күннен.

             Нар қазақпен – намысы бар қазақпен,

             Жиырмасыншы ғасырда табыстым мен!» деген жыр жолдарын арнаған едім. Қазақ халқының тарихы сонау көне замандарда жатса да, шынында да, ХҮ ғасыр мен ХХІ ғасырдың арасында қазақ деген іргелі ел толық қалыптасты.Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы айтылып жатқан, жазылып жатқан мақалалар жеткілікті болғанымен, елге беймәлім кейбір құжаттарға тоқталғым келеді. Ол Алаш ардақтысы Елдес Омарұлының «Қазақ тарихы» деп аталатын мақаласы. Мақала 1923 жылы «Қазақ календарында» жарық көрген. (Орынбор, 1922. 80-91-бб).

Елдес Омарұлы осы еңбегінде орыс тілінде жазылған тарих кітаптарының айтуынша, ірі рудан бөлініп шығып, одақтасқан елге бұрын түрік халкы «қазақ» деп ат қояды екен, тарихшылардың жоруынша, қазақ Шыңғыс ханның елінен бөлініп шыққан. Қазақтың өз алдына ел болуы ХV-нші ғасырдың аяғынан ғана басталады деген пікірін білдіріп,«XV ғасырдың әр жағында қазақ деген ел болған, болмағанын жору үшін бұл айтылғандардан басқа дерек жоқ. Бұлардың алғашқы екеуі, қазақтың каңлы, қыпшақ, найман һәр басқа бірсыпыра рулары ескі түріктердің ішінде осы күнгі аттарымен аталып, һәм қайсысы өз алдына бөлек ел болған және бұл рулардың, осы кезде қазақтан басқа түріктердің де ішінде бар екенін, бірімен-бірін салыстырып тексерсек: XV ғасырдың ар жағында «қазақ» деген халық болмаған, ол заманда қазақтың басқа түріктерден шегі ашылмай, бұл кездегі қазақ, башкұрт, өзбек, ноғай, осман түркі, жаһұт һәм басқа түрік халықтары, бәрі бір түрік болып жүрген. Бері келген соң әр жердегі түріктер бірінен-бірі басқаланып, бірсыпырасын ноғай атаған, бірсыпырасы селжұк болып, бірсыпырасы қазақ болып бөлінген. Түріктер бұлай түрлі ұлттар айырылып шыққанда, түріктің ескі ру­лары қаңлы, қыпшақ, керейлер әрқайсысы өз алдына тұтас бір ру болып, айырылып шықпай, қонысына қарай жамырап бөлінген. Қазақ даласында қалған қыпшақтар қазақ болған, башқұрт жеріндегі қыпшақтар башқұрт болған, өзбек жеріндегі қып­шақтар өзбек болған. Қаңлының бірсыпырасы қазақ, бірсыпырасы осман түркі, бірсыпырасы башқұрт болған деп жоруымыз керек. Түріктің өз тілінде ескі заманынан бері жазылып келе жатқан тарих жоқ, түрік тарихы басқа халықтардың жазып кеткен кітаптарынан ғана құралып, жазылып жүр. Басқа халықтар түріктерді әрқайсысы өзінше атаған. Басқа халықтардың ескі түрік халқы тақырыпты жазған кітаптарында «қазақ» деген халықтың айтылмауы, ол кездегі қазақ халқын «қазақ» демей, өзінше бірдеме деп атауы мүмкін деп жорысақ, XV ғасырдан да бұрын қазақ халқы өз алдына ел болып, қазақ атанып жүрген болар деуге сияды. Бірақ бұл екі пікірдің дәлелдерін салыстырғанда алғашқы пікірдің дәлелдері салмақтырақ болса керек» – деп жазады.

Елдес Омарұлы осы мақаласында: «Әбілқайыр заманында өзбек ұлысына қараған бірсыпыра көшпелі елі Жошы нәсілі Керей-Жәнібек деген хандарға айырып, өзбектен айырылып, Моғолстанға қараған осы күнгі Алматы – Қапал уездерінен қоныс алған екен. Әбілқайырдың баласы Қайым-Хайдар ханның заманында өзбек ұлысы күннен-күнге нашарлап, ондағы көшпелі елдер Моғолстандағы Керей мен Жәнібектің қол астына жиыла берген. Ол кезде Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есен Бұғамен сөйлесіп, ол жақтан алған еді.

Осы Керей мен Жәнібекке жиылған ел «қазақ» атанып, сол уақыттан бастап өз алдына бөлек патшалық болған. Бірсыпыра тарихшылардың жазуынша, бұл уақыт (қазақтың бастап өз алдына ел болуы) 1465-1466-шы жылдарға келеді. Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашиди» деген кітабында қазақтың тұңғыш ханы Керей болды деп жазған. Бірақ Керейдің заманында қазақтың хандығы қандай болғанына анық хабар жоқ. Ол Керей қазақ өз алдына бөлек хандық болғанымен, нақ өзін-өзі билеп, кейін алды деп жазылған. Өйткені ол кездегі қазақтың қонысы Моғолстан жері һәм Моғолстаннан тартып алған емес, жалынып сұрап алған жер қазақ хандығы дүние жүзіне жаңа ғана шығып, бұйырғаны қаптаған жас хандық, оған қарасып жер беріп отырған Моғолстан қазақтың жанында зор патшалық, сондықтан ол кезде қазақ Моғолстанға қалмақты, соның ыңғайымен жүретін хандық болған деп жорымасқа болмайды. Керейдің қай уақытқа шейін хан болғаны анық мәлім емес, бірақ 1580 жылдарда қазақпен істес болған көрші патшалықтар Керей мен Жәнібек емес, олардың балалары Бұрындық, Қасымдармен істес болған. Ол уақыттарда қазақ ханы Бұрындық (бұл Керей баласы). Әскер басы һәм сырт елдермен сөйлесетін Жәнібек баласы Қасым болған. Ол кезде қазақ қонысын кеңейтіп, күнбатыс теріс түсі шегі Оралға жеткен, адам саны миллионға барған. Бұрындық ханның ордасы Жайық бойындағы Сарайшықта болған. Керей ханның заманында қазақ Моғолстанның жетегінен шыға алмайтын еді. Бұрындықтың заманында қазақ ешкімнен жасқанбайтын, қайта көрші елдерге өзінің айтқанын істететін айбынды ел болды. Қазақтың бұлай аз уақыт ішінде күшейіп кетуіне көбіне себеп болған Қасым хан. Қасым хан көрші елдермен соғысқанда қазақ әскеріне басшы болып, тыныш уақытта Бұрындық секілді ордада жатып алмай, қалың қазақтың ортасында, бұқарамен араласып жүріп, елге өте қадірлі, беделді болған. Қазақтың ханы Бұрындық болғанымен, халық Бұрындықты білмейді, тек Қасымның соңынан ереді екен. Сөйтсе де Қасым көп уақытқа шейін Бұрындыққа бағынып, өзі әскер басшы есебінде ғана болып жүре берді. Тек соңғы кезде Бұрындықтың хан болып тұруына елдің разы емес екендігі ашылған соң, Қасым хан Бұрындыққа қарсы соғыс ашып, оны қуып жіберіп, өзі хан болды» деген нақты тарихи деректерді келтіреді.

Қазақ қазақ болғалы неше ықылым заман өтті. Қазақ сайранды да салды, ойранды да көрді. Ту байлап, аттандап жауға шапқан жігіттердің атына тұрман, жұртына құрбан болсам деген, ақындық пен батырлық тізгінін қатар ұстап, тұрлауы жоқ мына жалғаннан еңіреп өткен ер Махамбеттің «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім,  жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» – деген арманы қазақ халқы ерікті ел болғанда ғана орындалуы мүмкін еді.

Белгілі ғалым Манаш Қозыбаев  «Тарих зердесі» кітабында жарық көрген «Батыр-ел қорғаны» деген мақаласында: «Қазақ жері – Отанымыз. Ал халқымыз Ресейге тәуелді болған шақта ол өгей Отанға ие болды, тоқалдан туған баладай: «ұлы ағаның» «кіші інісі» болды. Жатқа бағынды, өгей әкеге табынды ол.  Сөйтіп ғасырлдар бойы бас еркіндігінен айырылды, қанаты қайырылды» –деп шиыршық атып, «Отан-ошағым ғой маздаған, шырағым ғой ғарышымда самғаған, қасіретім ғой өзегімді өртеген, қуатым ғой өмірімді жалғаған. Отан-берік қамал, таудан ескен самал. Ел азаматы Отан деп толғанды, Отан деп ұрыс шебінде долданды, Отан деп жауын жермен-жексен етті, не өз қанын сел етті, көздің жасын көл етті» –  деп тебіренді.

 «Тәуелсіздік жолы – үміт жолы» деген мақаласында: «Ел азаматтары даудың жолына түсті, сөйтіп жаудың қолына түсті. Бодан болған халықты  жоңғар, өзбек биледі, қамырша иледі, ел азды, сарбаз тозды» деп  тарихи шындықты шымбайға батырып, шыжғырып тұрып айтты.

Ия, Қазақ елі дегенде қиялымыз көкке өрлейді. Тәуелсіз еліміздің желбіреген көк туын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Еркіндік дегеніміз еңсесі биік, еңкеймей енер ақ орда екенін түсінер шақта әлдекімдердің ескіні көксеп, бодандық қамытын қайта кигізгісі келетін жымысқы ойына сенгің де келмейді. Еркіндік – еріккеннің ермегі емес, әрине! Үш жүздің басын қосқан хан Абылай, Алашқа айбын, елге қорған болған батырлар, халық мұңын жырға қосқан ақындар, қара қылды қақ жарған билеріміз бен алқалы топта сөз бастаған шешендеріміз көзінің  қарашығындай сақтаған атамекен жер үшін, туып-өскен ел үшін арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан арыстарымыздың, желтоқсанда қыршынынан қиылған боздақтарымыздың қасқалдақтың қанындай асыл жаны арқылы келген жеңісіміз – Еркіндік. Аяулы ағалар егіп, ардақты аналар суарған мәуелі ағаштан ертеңгі ұрпақ теретін жемісіміз – Еркіндік. Сондықтан да бабаларымыз байлықты да емес, атақ-данқты да емес, ең алдымен  еркіндікті және өнер алды  – қызыл тілді атадан балаға мирас етіп қалдырған.

Өмірге келу, кету, ажал сағаты жету жаратылыстың заңы. Алайда, тірліктің онсыз да қысқа жолын шорт кесіп тастау тек арсыздардың ғана қолынан келеді. Тасмешін жылы болған аштықта қазақтың көш бастаған түйесі, үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы, табын-табын сиыры құрдымға жұтылды. Аш-арықтардың сүйегі аққала болып қаланды. Мүйіз бен тұяқ түгел жиналса да, адамдардың тәнін қарға мен құзғын шоқып, сүйегін ит пен бөрі кемірді. Олардың көбінің зираты да жоқ. Марқұмдардың ақтық демі таусылған жерді  тың игеру жылдары түренмен қопарғанбыз. Ата-бабамыздың топыраққа айналған денесінен өсіп шыққан бидайдың нанын жеп жүргенімізді көбіміз біле де бермейміз. Шаш ал десе, бас алатын тіс технигі Голощекин қазақ даласының ауру тістерін қалдырды да, сау тістерін түп-түгел қағып алды. Амандық-саулықтың өзін ең алдымен малынан бастайтын қазекем әуелі малынан, содан кейін жанынан айырылды. Бірақ, «жаным-арым садағасы» – дейтін халқымыз ешқашан арынан айырылған жоқ, аштықтан шыбындай қырылып жатса да, өзге босағаға кіріп, қайыр сұраған жоқ. Ат төбеліндей билеуші топтың елді қырып, жерді босату мақсатында жасаған қастандығының және халықтың билеуші партия мен үкіметке деген соқыр сенімінің нәтижесінде миллиондаған қазақтың жаназасы да шығарылмай, тәндері жер қойнына да бұйырмай, сүйектері айдалада шашылып қалды.

Ажал аранына апарып құлатқан арсыздықтың жауапкері кім?! Қасқыр тамақтаған қойдай қырылған бауырларымыздың іздеушісі кім?! Жауапкері – большевиктік, коммунистік әпербақан саясат, сол саясаттың жетегінде кеткен шолақ белсенділер. Іздеушісі – Қазақ елі. Сондықтан да саясаттың құлы болмай, даламызды ұлы болсақ, келешектен қарғыс емес, алғыс аларымыз хақ! Бір түйір нанға зар болып, қыршынынан қиылған, туған елден ауа көшіп, жат жерден топырақ бұйырған ата-баба әруақтары бізді желеп-жебеп, тар жерде қолтықтан демеп жүргені анық.

Халқымызда: «Елді жамандама – жүретін жерің, жерді жамандама – кіретін көрің» деген терең философиялық ойға құрылған қанатты сөз бар. Бұл сөз асымызды ішіп, аяғымызды тепкендерге, көрші отырып, тілімізді сөккендерге, достық дәні өскен жерге алауыздықтың арам шөбін сепкендерге берілген жауап.

Қадірлі қоғамның қасиетті қазынасы да, еркін елдің ерекше байлығы да халық. Ал халықтың негізгі байлығы – Тіл. Еліміздің шаңырағын көтеріп тұрған уықтарды экономиканың әртүрлі саласына теңер болсақ, сол уықтарды ұстап тұрған кереге қазақ халқының тілі мен діні, тарихы мен дәстүрі емес пе! Ендеше еліміздің көсегесі көгеріп, ата-баба жолын ұстанған жас ұрпақты тәрбиелеу үшін кереге берік болуы қажет екені айдан анық.

 «Оян, қазақ!» – деп жар салған Міржақып Дулатов ана тілінің мұңын жоқтап:«Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым», – деп толғанған жоқ па?!

Тозған заман болды, азған адам болды, нендей қоғам болды?!– дейсіздер. Біреу үшін біреудің жаны ашып, мал айдаса қоймайтын, атқа мінгендер мен таққа мінгендер шаққа жүргендерге қарайласа қоймайтын, шындықты айтып шырылдағандар мен қожайыны тастаған сүйек үшін ырылдағандар маңайласа қоймайтын заман болғаны рас. Кіммен    арақ   ішсе, соның   сойылын    соғатын, кімнің   тарысы піссе, соның тауығы болатын,  кіммен    суға    түссе, соның арқасын  ысатын алаяқтар  мен  жағымпаздар  көп   болған  сайын, бәтіңкесінің    бауын өзгеге    байлаттыратын, үйіндегі    шайын    біреуге    қайнаттыратын, алдына келген   адамға   айбат   қылатын байпатшалар да    жауынқұрттай қаптағаны рас.

Иманына емес, жиғанына сенгендер, біліміне емес, бұйымына сенгендер, іліміне емес, тиынына сенгендер, Құдайына емес, құйғанына сиынған, қол астындағыларын асықтай шиырған, дәрежесі төменге құлақ кесті құлындай бұйырған заман болғаны да рас.

Содан бері заман өзгерді ме, адам өзгерді ме?! Ендеше сен де ойлан, Қазақ! Жеткен жерім осы деме!  Мұхтар Әуезов айтқандай: «ел боламын десең, бесігіңді түзе!»  Ахмет Байтұрсынұлы болжаған «біздің заманның өткен заманның баласы, сонымен бірге келер заманның атасы» екенін ұмытпа. Аузыңа абай бол. Арақтан алыс жүр. Жалаға жуыма. Пәлені қума. Жерің мен еліңді, қасиетті тіліңді қадір тұт. Ұлы Абай сөзіне сүйенетін болсақ, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Өзіңді өзгеден кем тұтпа, бірақ, зормын деп есептеме. Сонда қор болмайсың. «Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше, еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше». Өз жеріңе өгей болма. Өрге шықсаң да, өктем сөйлеме. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады». Бірақ, қатты-қатты сөйлесең, сол жылан ініне қайта кіріп  кететінін  есіңнен шығарма.

Ақ патша мен Қызыл империя орыс тіліне айқын басымдық бергеннен кейін ана тіліміздің мемлекеттік тіл болып жариялануы ақ арақ пен қызыл шарапты тойып ішіп алып, мастықтан айыға алмай отырған  қазаққа айран ішкізгенмен  бірдей болды. «Ханның басын хан алар, қардың басын қар алар, немен ауырсаң, сонымен емдел» деген де сөз бар еді, бірақ «айранды тойған адам ішеді, арақты тонған адам ішеді» – деген нақыл пайда болды. Қазақтың денсаулығы түзелмеді. Қызыл жұтқаны қызып сөйлеп, тілімізді бұзып сөйлеп, даңғойланса, ақ ұрттағаны өткен күнін аңсап, орыс тілділер үшін тост көтеруді дағдыға айналдырды. Тіл тағдыры тағы да талапайға түсіп, қазақтың қасиетті тілі Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай, аттылымен жаяу адам жарысқандай  күй кешті. Орыс тілі зордың тілі болып, қазақ тілі тойдың тілі мен қойдың тілі болып қалды. Ана тілін дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы құмға сіңген судай болса, орыс тілді басылымдар шөлден кенезесі кепкен бейшараларға сатып берген удай болды.

Намысы бар қазақ азаматы ана тіліндегі мерзімдік басылымдарды жаздыртып алдырды. Алайда, нарығы түскір көп адамды одан да мақұрым қалдырды. Демеуші мен жебеушіден де қайран болмады. Өйткені, олардың көпшілігі той тойлаудан қолдары тимей жүр еді. Жалпы алғанда, осы күнгі намысы бар  қазақтың көбінің табысы жоқ, табысы көп қазақтың намысы жоқ. Алда-жалда  осы екеуі бір басынан табылатын азамат бола қалса, оның да жоғарғы жақта танысы жоқ.

 «Заманына карай амалы» дегендей,  мәтелдің де мәні өзгерді. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» – дейтін қазакем «жарлы болсаң – арлы болма» деген ескі мәтелді еске түсірді. Бұрын «жүз сомың болғанша жүз досың болсын» – десе, енді «жүз теңгең болғанша жүз жеңгең болсын» – дейтінді шығарды. Қалай болған күнде де, әрбір сөзде қисын бар.

Жарты дәнді жарып жеген, бүтін дәнді бөліп жеген достар  ана тілінде ұғысудан қалды. Қазаққа ана тілін үйреткеннен көрі негрге қазақ тілін үйрету оңай болды. Қазақ тұқым шашты, егінін арамшөп басты. Қазақ астық орды, қызығын өзгелер көрді. Қазақтың бақшасы өнім берді, жемісін басқалар терді.

Мешіті көп, мұсылманы аз, қымқырушы көп, қысылғаны аз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, жыртық үйдің де Құдайы бар шығар... Өктем пиғыл құрдымға кетіп жоғалсын.    Жұрдай болып тоналған тіліміз от басына оралсын! Қарттарымыз бұрынғы ойынан қайта бастады. Жастарымыз бесік жырын айта бастады.

Ыбырай айтқандай, ол үміт еткен достардан біз де үміт күтеміз.

Мағжан айтқандай, біз де ол сенім артқан жастарға сенеміз!

Айта берсек, сөз көп. Іш қазандай қайнайды. Көкіректе шер көп. Көп жағдайды ойлайсың, қылар шара таппайсың, бармағыңды шайнайсың. Ілгері басқан аяғың кері кетіп тұрса, ойың онға, санаң санға бөлінеді.  Теңгеміз құнсызданған сайын еңсеміз төмен түседі. Еккен егін – төккен терің берекелі күзде ырыздық болып оралса, қамбалар дәнге, жайылым төлге толса дейсің.  Қариялар жасы жетпей қартаймаса, қазандар ас піспей жатып ортаймаса   деген тілек тілейсің. Алайда, ол тілегіңді елеп-ескеріп жатқан нарық жоқ, жетісіп жатқан халық жоқ .

 «Бәріміз де ауылдан шыққанбыз, елдің жайын ұққанбыз», – деп желпілдеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүргендерді де түсінуге болар. Бірақ, «жаңалықтың жолы осы» – деп реформаны жеделдету  деген  ақылға қонбайды. Өйткені, күні жеткен бала күшенбесе де туады. Жалпы алғанда,  жаратылыстың дамуы революциялық жолмен емес, табиғи эволюциялық жолмен жүргені жөн.

             Ел тізгінін кімге бердің?

             Кімдердің сөзіне сендің?

             Қандай деңгейге келдің?

             Нендей жақсылық көрдің?

       Ол жағын да абайла! Жатқа да жамандық ойлама. Адал болсаң, жерде қалмайсың, арам болсаң алысқа бармайсың. Аузымен орақ орып қана қоймай, қолы да қимылдаған адамға кедейлік жоқ. Бұл да менің сөзім емес, өмірден көрген, көңіліне түйген адамдардың айтқаны. Мен асылдың сынықтарын теріп алушы, сол сөздерді елге жеткізуші ғанамын.

Айтылмаса, сөздің атасы өледі. Құйма құлақ болса, құйып алар. Ақпа құлақ болса,ағып кетер. Одан келіп-кетер зиян жоқ. Алтау ала болса, ауыздағы кететіні, төртеу түгел болса, төбедегі келетіні рас. Бірлік болмай, тірлік те болмайды, бірлігің болмаса, бір-біріне көңілің толмаса, үйің де, күйің де болмайды, теңге түгілі, қалтаңда тиын да болмайды. Ешкіммен таласпай, көршіңе қарасып, туыспен жарассаң, таза болсаң, мазаң да болады. Жүсіп Баласұғын айтпақшы: «ақ болсаң, қараға жуыма, аққа қара тез жұғады, қара болсаң аққа жуыма, жұққан күйе, бәрібір көзге түседі».

Өткенді оймен барласақ, тартқан азап, көрген қорлық естен кетер ме?! Болашаққа көз жіберсек, айтылған сөз, шертілген сыр санасында саңылауы бар қазаққа шаққан шыбын құрлы әсер етер ме?! Бес жастағы баласын бесіктен белі шықпай жатып «сен бәрінен ақылдысың» - деп үйрететін еврейдің, әлемнің сырын білуге, Отан үшін отқа кіруге дайын жапонның,  жүрген ізінде қиқым жатпайтын немістің, бақшадағы асқабағынан қуырдақтық  ет алатын кәрістің, жоқтан бар жасап сатқан қытайдың, жалғанды жайпап өтермін дейтін орыстың қазақтан несі артық?! Немесе қазақтың олардан несі кем?! Шынтуайтқа келгенде, батырлығы да, ақындығы да, әкімдігі де бір басына жетіп артылатын қазақтың кемдік көрген жері болса, ол да өзінің тірлігі мен бірлігіне байланысты.

 «Қытайға барсаң – қыл бұрау, орысқа барсаң – кең тұсау» дейтін алмағайып кезеңде де Абылай хан ақыл тауып, халқын аман сақтаса, ерлері тұлпарын баптаса, сондай заман бұл күні де ел басына туып тұр. Нағыз ерге екі таңдау жоқ. Не ер болып, басыңды имей жүруің керек. Не ез болып, құлдық қамытын киуің керек.  Ел басына күн туған, елін қорғар ұл туған кешегі зар-заманда да осындай таңдау болған. Кімнің қандай жолды қалағанын, кімді асылға балағанын, кімді жасыққа санағанын халық өзі біледі. Олардың шын бағасын бүгін бермесе де, ертең береді. Халық айтса, қалып айтпайды. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» – деген сөз де содан қалған.

Абылай ханды біресе Ресеймен жақындасып, біресе Қытаймен ақылдасып, иісі қазақ үшін дұрыс саясат жүргізді деп мақтайды. Оған дау жоқ. Екі оттың ортасында қалса, сөйтпегенде қайтеді? Кейде кенже ұлымның міңез-құлқынан да соған ұқсастық табамын. Ұлыма қабағымды түйсем, ол шешесіне жағынады да, шешесінен таяқ жесе, маған шағынады. Біреуге шағынбау үшін ешкімге бағынбау керектігін біздің көреген атанып жүрген ағаларымыз қашан түсінер екен?!

Қалай болған күнде де, адассақ та, талассақ та, осы күнге аман-есен жетіппіз, сан асудан өтіппіз. Бұл да аз олжа емес. Ендігі жерде жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсек, досы көппен сыйласып, досы азбен сырлассақ, үйде шешен болмай, түзде көсем бола білсек,  досқа ашылған алақан, дұшпанға жұмылған жұдырық болсақ, саусақ бірікпей, инеге жіп ілікпейтінін терең түсінсек, көп қуанып, аз күрсінсек, бойға сіңген жаманшылықты сылып тастап отырсақ, ақылымыз азбай, тонымыз тозбай, қазақтың тасы өрге домалайтыны анық.

Алушыдан сатушы көп, жұмысшыдан жатушы көп, билеуші мен сөйлеуші көп заманда қоғамға көсем болу да қиын.  Сондықтан да басшы біреу болып, қосшылар оған тіреу болса, қолында билігі барлар жетім-жесірге сүйеу болса, еліміз үш байлықтың – жер, ел және тілдің қызығын көріп отырғанда ғана масаттануға болады.

Тәуелсіздік бізге не берді?!

Жерімізді, суымызды берді, желбіреген туымызды берді. Елдің таңбасын берді, тірліктің арнасын берді. Елдігіміздің белгісіндей болған теңгемізді берді, жиған-тергенімізді берді, өсіріп-өңгенімізді берді. Тілімізді берді, дінімізді берді, осы күнімізді берді. Келешекке деген сенімді берді. Бергенінен беретіні әлі көп.

Бірақ, тәуелсіздікті мадақтауға келгенде алдына жан салмайтын шешендеріміз жақсылығымыды асырып, жамандығымызды жасырып жатқандай әсер қалдырады. Көш түзеліп кетуі үшін жақсылықты асырмай, жамандықты жасырмай айтқан орынды секілді. Тәуелсіз деген тәтті сөздің  иісіне ғана балқып, көбігін калқып жүргендер аз емес екенін ұмытпауымыэ керек. Тәуелсіздік баянды болуы үшін басшыларда нысап, байларда қайыр, кедейлерде қанағат болса деймін.

Еркіндік еріккеннің ермегі емес, еліміздің ертеңінің іргетасы. Еліміздің еңсесін көтеретін, еңбегінің есесін кайтаратын еңсесі биік ақ орда. Сол орданың табалдырығынан бастап күлдіреуішіне дейін қазақтың иісі шығып тұрса, бұл да ұлтымыздың абыройы. Өзгеге мақтанып көрсететін ұлттық, халықтық құндылықтарымыз сол  отаудың ішінен табылуы керек. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы дәстүр ғасырлар бойы көнермейді.

Тәуелсіздік келгенде өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, бөркімізді аспанға аттык. Аққан қан, шыққан жанның өтеуі қайтты. Кешегі Алаш арыстарының арманы орындалды. Ахмет Байтұрсынұлының:«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзінің қадірін түсіндік. Өйткені, тәуелсіздік таңы атқанға дейін біз де сол сөзімізді жоғалтып, қасиетімізді тонатып, өткенімізге  ок атып, келешекке де сол оқты қардай боратып, бір көзімізді кысып, батпақ-сорға түсіп, арақ-шарапты тойып ішіп, көрінген жерге құсып жүргенбіз.

Елімізде демократиялық үрдістердің орнығып келе жатқаны кейінгі уақытта әртүрлі партиялардың белсенділік танытуынан және сайлау туралы заңды қайта қарауды талап етуден де байқалады. Сайлау халықты алдау емес, таңдау болғанда ғана түбінде көсегемізді көгертіп, шаңырағымызды шаттыққа толтыратыны анық.

Тәуелсіздік жарияланған күні қандай сезімде болдыңыз дейсіз бе?! Қызға ғашық болған жігіт кандай сезімде болса, тұңғышы дүнияға келген әке қандай сезімде болса, сондай сезімде болдым.

Алып-қашпа әңгімелерді естігенде  еріксіз жағаңды ұстайсың. Көрші көзің алартса, жүйкең жұқарады.  «Ит үреді, керуен көшеді» – дейсің де, арты өкініш, алды үмітті жолға түсесің.

Күн мен Ай, жарық шашқан, сен аман бол,

Қара жер, аяқ басқан, сен аман бол,

Бас аман, бауырымыз бүтін болып,

Жүретін күліп-ойнап, Ел, аман бол!! – деп Жаратқаннан тілек тілейсің. Алла жар болсын!

 

Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы туған - Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессорыжазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері

Қатысты Мақалалар