Тәуелсіз еліміздің даму жолында білім мен ғылымға кеңінен көңіл бөліп, аса назар аударуы тегін емес. Елдің болашағын қолына ұстаған жас өрендердің тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететін – педагогика саласы. Халқымыз әлімсақтан-ақ жоғары бағалаған ұстаздық жолы бүгінгі таңда да ұлылығын жойған емес.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, дана халқымыз айтып кеткендей, мен де шәкірт ретінде ұстаздарымның ұлылығын ұлықтап, адам баласы сүйсініп қарайтын игі істерін дәріптегім келеді.
«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін:әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деп, Александр Македонский ұстазына деген құрметін білдірген екен. Сол секілді, маған ата-анам өмір сыйласа, өмірдегі бағытымды көрсетіп берген ұстазым, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №91 орта мектептің жоғары санатты мұғалімі Айнұр Қоянбайқызын атап өткім келеді. Бұлақ көрсе, көзін аша білетін білікті педагог, жан-жақты мұғалімім менің бойымдағы азғантай дарынымды байқап, дұрыс жол сілтеген менің мектептегі де, өмірдегі де ұстазыма айналды. Ұстазыма шығарашылық табыс тілей отырып, шәкірттік лебізімді жүрегімнен шыққан жыр жолдары арқылы білдіргім келеді.
Апайым – ақ жүректі, алтын адам
Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,
өйткені ол мұғалім – мектептің жүрегі
Ы.Алтынсарин
Дана һәм данышпан боп жаратылған,
Бар адам еңбегінен табатын мән.
Табысы – шыңға шыққан шәкірт болып,
Әр ісі көпке мәшһүр дара тұрған.
Ісіңнің ізгі тұнған оңды бәрі,
Ұсындың көп шәкіртке мол мұраны,
Жолыма өшпестей қып жарық жақтың,
Қолыма беріп қалам, домбыраны.
Өлеңнің негізі – сіз мен құраған,
Өнердің ордасына кең кіре алам.
Біздей шәкірт келеді-ау әлі сізге,
Сіздей ұстаз жолықпас енді маған.
Атайын жақсылығын сән құраған,
Апайым – ақ жүректі, алтын адам.
Мені де елегенсіз, сенім артып,
«Еліңе жүлдыз бол деп жарқыраған».
Қаламды шын бақ көріп қолға ұстаған,
Ғаламды таң қалдырар зор күш табам.
Жарқырап, жүлдыз болып тұрсам да мен,
Сіз маған Күн боласыз жол нұсқаған.
Сөздерімді тұрса да тыңдап ғалам,
Сізге шәкірт болдым деп шын мақтанам.
«Оразалы Айнұрдың оқушысы»,
Деген атақ бәрінен қымбат маған!
ҚазҰУ, «Филология және әлем тілдері» факультетінің студенті Елнұр НҰРҚАСЫМ
Пікір қалдыру