Қазақтан шыққан жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салған Сәбит Мұқанов кербез ақын, жалынды жазушы Сәкен Сейфуллинмен алғаш кездесіп, танысқан сәтін қағаз бетіне түсірген:
«Костюмімен ғана отырған Сәкенге енді қарасам: кескіні шынында да адамзаттың көркемі екен. Қыраусыз қап-қара қалың қасы, қою ұзын мұрты өзі сұлу ажарын ерекше шешіп тұр!.. Томпақ қара көздерін одан да сұлуландыра түсейін дегендей, біреумен сөйлескенде ұзын кірпіктерін жиілете қағып, көзін бәлкім күлімдете, бәлкім ойнақтата қарайды... Күлгенде балуан мойнына біткен әдемі басын шалқайта, ұзын әдемі тістерін көрсете, аздап қана кеңкілдейді, саңқылдамайды. Қап-қара шашы толқындата біткен. Әсіресе маңдай алдының шашы сол жағынан бұйралана қайқайып барып, үйірілген ұшы кейін қарай қайта жығылады. Денесі таразы, саусақтары ұзын, тал бойында осынша жарасымды біткен мүшелерінен нұқсандысы, салт жүретін көшпелі елдің ұлы болғандықтан жіліншігі бәлкім қотандау (сонысын сездіргісі келмей, еш уақытта етік, галифе сияқты тар киімді аяғына жолатпайтын еді). Әйел пішінді сұлу еркек те болады екен ғой. Сәкен еркек пішінді, бейнелей айтқанда,«ер пішінді» адам. Жасы сол жылы 28-ге ғана толғанмен, кескіні сақа жігіт сияқты. Амандасып, кеңескенге дейін Сәкеннің тал бойында маған ұнамағаны – оң жақ білегіне салған, қара алтынмен әшекейленген сом, бұрамалы күміс білезік пен қайырмалы ақ жағаға тағылған галстук (коммунист, комсомол былай бұрсын, «советтік» деп аталатын барлық адамға да галстук тағу – ол кездегі адамның ұғымында «мещандық», әйтпесе, буржуазиялық салт есептелетін). Бұл «тұрпайылығының» үстіне, Сәкен хош иіс құйынып кепті».