Айыппұл – мойныңдағы борышың

/uploads/thumbnail/20170728104040104_small.jpg

Қазір қателігіңе ескерту алып жүре беретін бұрынғы кездегідей емес, тәртіп бұзғаның үшін қалтаңнан қағылатын заман. Қалтаң ортаймасын десең, үйде де, түзде де абай болуың керек.

Айыппұл қазіргі тұрмыста кез келген жағдайда көрініс тауып келеді. Әсіресе, көп кездесетіні көлік пен жол ережесіне қатысты. Мәселен, көлік жүргізуші жолда тәртіп бұзып, апат жасап немесе өзгені апатты жағдайға душар етуі әбден мүмкін. Болмаса, жаяу жүргінші белгіленбеген жерден қиып өтемін деп өзі зардап шегуі, басқа жағдайда көлік нөпірінде жүргізушілерді қатерлі жағдайға мәжбүрлеуі ғажап емес. Міне, тәртіп бұзушылықтың түбірі.

Бүгінде көлікке қатысты тәртіп бұзушылықтың кең тараған түрі – жылдамдық арттыру. Осындай шектен шығудың бәрі айыппұл деп аталатын тетік арқылы реттелуде. Көп жағдайда адам өлімі мен ауыр жарақаттары тіркеліп жататындықтан, ресми түрде жол-көлік оқиғасы деген атау берілгенімен, мұны қылмыспен теңестіруге болады. Мемлекет, алайда, адам өлімі болмаған жағдайда ескерту және жаза ретінде айыппұл белгілеп, оның өзіне де жеңілдіктер қарастырып отырғаны мәлім. Бұл республикаға түгелдей тән құбылыс болғандықтан, осы орайдағы әңгімені бір ғана Қызылорда облысы мысалынан бағамдап көрелік. Сонымен, мұнда 2016 жылы 74 345 әкімшілік іс бойынша 332 570 069 теңге елу пайыздық жеңілдікпен өндірілген.

Әкімшілік айыппұлдарды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, әлі де жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан түсініспеушіліктер туындауда. Осы тұста айыппұлдар жөнінде тағы да тәптіштеу қажет сияқты. Халықтан түсетін сұрақтарға ден қойсақ, бұл төңіректегі мынадай жайлар тұрғындарды толғандырады екен. Соларға ретімен жауап беріп көрейік.

Қай жағдайда әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге болады?

Облыс тұрғындарына салынған әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі жөнінде бірі білсе, бірі біле бермейтіні рас. Егер полиция қызметкері сізге қатысты әкімшілік хаттаманы рәсімдеу барысында, сіз кәмелетке толған болсаңыз және де өз кінәңізді мойындасаңыз, 7 тәулік ішінде салынған айыппұлдың 50 пайызын төлеу мүмкіндігін пайдалана аласыз. Алайда, жүргізу құқығынан айыру, әкімшілік қамау сынды әкімшілік жаза түрлері белгіленсе, бұл жағдайда елу пайыздық жеңілдік қарастырылмаған.

Мысалы, егер жүргізушіге қатысты қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік хаттама түзілсе, оған 5 АЕК, яғни 11 345 теңге айыппұл салынады. Осы жағдайда жүргізуші өз кінәсін мойындап, салынған айыппұлмен келіссе, ол айыппұлдың 50 пайызын, яғни 5 672,5 теңгені 7 тәулік ішінде төлеуге мүмкіндігі бар. Полиция қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесімен бірге белгіленген үлгідегі түбіртекті жүргізушіге тапсырады. Бұл жерде аса ескеретін жайт, төленген түбіртекті жүргізуші әкімшілік практика бөліміне тапсыруы қажет. Көп жағдайларда тұрғындар бұл шарттарды ескермей, аяғында айыппұл төлемеген болып шығады. Заң аясындағы бұл шарттар міндетті түрде жасалуы керек. Түбіртекті полиция қызметкері тапсыруы тиіс деген ұғым қате. Полицейдің одан басқа жұмысы да жетіп-артылады.

Ал егер де құқық бұзушылықты полиция қызметкері емес, автоматты режимде жұмыс атқаратын арнайы фото-бейнеокамералар анықтаған болса, айыппұл толығымен төленеді. Бұл жағдайда 50 пайыздық жеңілдік қарастырылмаған.

Айыппұлдарды қайда және қалай төлеуге болады?

Айыппұлды төлеудің бірнеше жолы бар. Бүгінгі таңда айыппұлды әдеттегі кассалардан бөлек екінші дәрежелі банктердің терминалдары арқылы төлеуге де болады. Бюджеттік сыныптама коды – 2014106, айыппұлды төлеуге әкімшілік хаттама нөмірі керек. Сонымен қатар, айыппұлды kzэлектронды сайты арқылы да төлеуге болады.

Еgov.kz электронды сайты арқылы айыппұлды төлеу үшін құқық бұзушының ЖСН-і болуы тиіс. Төлеген соң, төлем парақшасын шығарып ала аласыз. Тәжірибеде кездесіп жүргендей, түбіртекті тапсыруды ұмытып кетушілік көп. Сондықтан, айыппұлды төлеп қана қоймай, төленгені жөніндегі түбіртекті өткізу қажет екендігін тағы да естеріңізге саламыз. Осы сұрақ көп жағдайларда түсініспеушілік тудыруда.

Бұны қолданыстағы заңнама талап етеді. Салынған әкімшілік айыппұлды төлеген соң, ҚР ӘҚБтК-де лауазымды тұлғаны хабардар ету жөнінде көрсетілген.

Сонымен қатар, түбіртекті пошта арқылы да жолдауға болады. Бастысы құжат уақытылы өткізілуі тиіс.

Егер де айыппұл 30 күн мерзімде төленбеген немесе төленген түбіртек уақытылы өткізілмеген болса, ерікті төлеу мерзімінің өтуіне байланысты әкімшілік  мәжбүрлеп орындату мақсатында қаулы жеке сот орындаушыларына жолданады. Бұл жағдайда құқық бұзушы өзіне салынған айыппұлдан бөлек жеке сот орындаушысының қызметін төлеуге де міндетті болады, ол – салынған айыппұлдың 25 пайызы. Бұдан бөлек, уақытылы төлемеген жағдайда шет елдерге шығуда және мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануда қиындықтар туындауы мүмкін.

Сондықтан асықпаған алысқа барады ұстанымына жүгінсең немесе қателік кетіп қалған жағдайда уақытылы айыбыңды азаматтықпен өтесең, көңілің тоқ жүретініне кәміл сеніңіз.

Алтынбек Ахметов,

Қызылорда облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар