Осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілеу қажеттігін, жалпы ел болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жететіне кезекті рет үндеді.
Жаңа жолдауда әлемдегі төртінші өнеркәсіптік революция басталғанына айрықша маңыз беріліп отыр. Елбасының айтуынша, экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бұл Қазақстанды Үшінші жаңғырту, яғни, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін алға қояды.
«Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған» деген Нұрсұлтан Әбішұлы оларды жіктеп берді.
Жеделдетілген технологиялық жаңғыру керек
Елбасының айтуынша, бұл тұрғыдағы басты міндет – цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету болмақ. Маңызды кешенді міндетті жүзеге асыру үшін елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бүгінгі таңда дамыған елдер экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытқан бұл индустрияларды Қазақстанда өркендету үшін Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Үкімет бұл ретте ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.
Дәстүрлі базалық салаларға серпін
Елбасы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалардан тұратын экономиканың дәстүрлі салаларын дамыту үшін алдымен еңбек өнімділігін елеулі арттыру қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жердегі негізгі фактор төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін, яғни, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу сынды тағы басқа міндеттер орындалу керек. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Екіншіден, басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек. Үшіншіден, экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Елбасы осы ретте жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырды. Төртіншіден, Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Елбасы Үкімет пен әкімдерге субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшуді, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауды, өнімнің өңделу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру сынды тағы басқа шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.
Елбасы бұл ретте жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту да маңызды басымдықтардың бірі деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Алтыншыдан, құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отырған урбанизация үдерісіне сай бұл сала экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.
Еңбек нарығын жаңғырту өзекті мәселе
Елбасы бұл ретте жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатынына назар аударта отырып, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуы тиістігін атап көрсетті. Осыған орай, Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды міндеттеді.
Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша, Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ» деді Президент. Соған орай Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі дамыған елдердің тәжірибесіне негізделген жүйелі шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.
Елбасы назар аудартып, тапсырған мәселелердің тағы бірі мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталды. Бұл ретте Президент Үкіметке тізімге алынған кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ, мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керектігін атап көрсетті. Сол секілді, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік беретінін айта келіп, бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажеттігін ескерте келіп, Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырды.
Макроэкономикалық тұрақтылық басты назарда
Елбасының айтуынша, мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіруге және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тартуға бағытталған. Бұл үшін бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режимін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңімен 3-4 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізу міндеттелді. Екіншіден, еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет. Осыған орай, Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды. Мұндағы шешуші міндеттің бірі – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу. Елбасы осыған орай бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігіне назар аудартты. Оның айтуынша, министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеру деңгейін тексеріп, тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет.
Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараудың маңыздылығы жоғары тұрғанына да назар аудартты Елбасы. Ол бұл ретте Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылу қажеттігін айтты. Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек.
Адами капитал сапасы артуы керек
Елбасы бұл ретте ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлін өзгерту қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру шарт. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Елбасы, сонымен қатар, өз бастамасымен іске аса бастаған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бойынша да нақты міндет белгіледі. Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылуы керек. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілгені жөн. Ал, әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты Мемлекет басшысы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға дейін арттырылатынын атап көрсетті. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға өсіріледі. Елбасы осы ретте ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастырып, оны қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келтіру қажеттігін тапсырды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейеді
Елбасы Үкіметке үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жалғастыру керектігін айтып, Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді міндеттеді. Бұдан бөлек, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек. Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу маңызды. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою да кезек күттірмейді. Ал, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытына тоқталған Елбасы жегіқұрттың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін атап көрсетті.
Пікір қалдыру