Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде медиадағы жасанды интеллект зертханасы ашылды. «AI MediaLab» нейрожелілерді медиа және коммуникация саласында қолданатын еліміздегі алғашқы зертхана.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, бұл — ҚазҰУ-дың білім мен тәжірибеге сүйеніп, заманауи экожүйе қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз жолдауларында еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық тәуелсіздігін нығайту үшін жасанды интеллектінің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.
Зертхана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасымен бірлесіп кешенді ғылыми зерттеулер жүргізеді. Онда деректерді талдау, визуалды сторителлинг, жоғары сапалы кескіндермен жұмыс істеу және LLM құралдарын қолдану арқылы түрлі технологиялық шешімдер әзірленбек. Зертхана заманауи LG Ultra Gear мониторларымен жабдықталған.
«AI MediaLab» цифрлық технологиялар мен әлеуметтік ғылымдардың тоғысында білім беруді мақсат етеді. Бұл пәнаралық тәсіл білім алушыларға медиасаладағы жасанды интеллект құралдарын меңгеруге мүмкіндік береді.
2025 жылдың сәуір айында өткен «Фараби әлемі» халықаралық форумы аясында медиасаладағы ЖИ тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті. Онда студенттердің қатысуымен жасалған алғашқы ғылыми-когнитивті және инклюзивті газет — «AI-Tamyz» таныстырылды.
Сондай-ақ, журналистика факультетінде жаңа «AI&Media» магистратура бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама масс-медиа, IT және дизайн салаларының тоғысында жоғары білікті мамандар даярлауды көздейді.
Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық келісім аясында ҚазҰУ базасында суперкомпьютер орнатылған. Қазіргі уақытта оны іске қосу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл құрылғы цифрлық «егіздер» жасау, ЖИ дамыту және күрделі ғылыми мәселелерді шешу үшін қолданылмақ. Алдағы уақытта «AI MediaLab» осы суперкомпьютермен ортақ дерекқорға біріктіріледі.