Шымкент кәсіпкерлері "Қиял әлемі" саябағын сүруге қарсы пікір білдірді

/uploads/thumbnail/20250529115929149_big.webp

Шымкентте кәсіпкерлер "Қиял әлемі" саябағын сүруге қарсы шықты

Шымкентте кәсіпкерлер "Қиял әлемі" саябағын сүруге қарсылық танытып, жұмысшылар мен ауыр техниканың жұмысына кедергі келтірді. Оқиға орнында жағдай ушығып, полиция шақыруға тура келді.

Кәсіпкерлер демалыс орнында ондаған жыл бойы табыс тауып келгендерін айтып, сүру жұмыстарына уақытша кідіріс беруді сұрайды. Айтуларынша, жаңа орынға көшу үшін уақыт пен қаражат қажет.

"Енді жер берсін. Жер берген соң уақыт берсін. Себебі бізге оны құрастыру үшін қаражат керек. Біз осы жерде жұмыс істеп, табыс тауып, жаңа орынды құрастырғымыз келеді", – дейді кәсіпкер Айман Әшірбаева.

Кәсіпкерлер 4 гектар жерді 49 жылға жалға алғандарын, ал келісім мерзімінің аяқталуына әлі 19 жыл бар екенін айтады. Алайда қала әкімдігі бұл жер заңсыз пайдаланылған деп, сотқа жүгініп, жеңіске жеткен. Шешімге сәйкес, саябақтағы 30-ға жуық нысан бұзылуы тиіс.

"Несием бар, осы маусымда жартысын жабамын деген үмітім болған. Бірақ жоспарымның бәрі бір күнде қиратылып отыр", – дейді кәсіпкер Шолпан Тұрбаева.

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, аттракциондар заңсыз салынған. Саябақтың аумағы қоғамдық демалыс орны ретінде қайта жаңғыртылмақ.

"Басында дұрыс берілмеген. Сот шешімі бар. Бұл жерде халыққа арналған саябақ болады. Құжаты бар 9 нысанның сыртында қалғандарының ешқайсысы заңдастырылмаған", – деді Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов.

Қазіргі таңда саябақта 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Жоспар бойынша, заңсыз деп танылған 30 нысан сүрілуі тиіс. Алайда кәсіпкерлердің наразылығынан кейін тек бір ғана нысанның бұрышы бұзылып, жұмыс уақытша тоқтады.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар