Пласидо Доминго шапанмен түскен суретін әлеуметтік желіге жариялады

/uploads/thumbnail/20170803105749591_small.jpg

Белгілі тенор Пласидо Доминго өзінің Facebook және Instagram парақшасында қазақтың ұлттық киімі шапанмен түскен фотосын жариялап, астына «Жергілікті дәстүрді сақтау...Қазақстан – керемет ел» деп жазған.

Естеріңізге сала кетейік, испандық опера әншісі, дирижёр Пласидо Доминго Қазақстанға келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалады. Сонымен қатар, «Астана Опера» театр сахнасында өнер көрсетті. Шапанды оған Қазақстанға келген кезде сыйлады.

Қазақтың шапаны кім-кімге болса да жараса кетеді. Қазақ халқы шапанды сыйлы адамдарға жапқан. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл үрдіс әлі күнге дейін күшін жоймаған. Бұл жағдай көңілге жылу сыйлайды. Себебі көп ұлттың өз дәстүрінен, мәдениетінен ажырап қалғанын көргенде еріксіз қынжыласың. Себебі ұлттық құндылықтар тамыры тереңге бойлаған, жыл тіпті ғасыр өтсе де, қандай табиғи құбылыс болса да топырағынан ажырамайтын алып тамыр іспеттес. Ол дәріптелген сайын, тамыры да тереңдей түспек.

Әдемі оюлармен өрілген, көздің жауын алатын шапан жабу үлкен мәртебе. Қазақ халқы қонағына шапан жабу арқылы оған деген құрметін, ерекше сыйластығын білдірген.

Қазақтың ұлттық киімі – түгел ұлттың мәдениеті. Соның ішінде шапан Қазақстанның ғана емес Орта Азия халықтарының да ұлттық киімі. Оның бірнеше түрі болады. Шапанның тек ер азаматтарға ғана емес, әйелдерге арналған түрі де бар. Мәселен, қималы шапан. Оның тігілу әдісі де ерекше келеді.

2017 жылы Қазақстан тарихында айтулы даталармен есте қалары сөзсіз. Себебі биыл «Алаш Орданың» құрылғанына 100 жыл толды. Сонымен қатар, Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанда өтіп жатыр. Бұл ел үшін үлкен мәртебе, жауапкершілік және мүмкіндік. Әлемдік деңгейдегі іс-шараға дүниежүзіне танылған әлемдік жұлдыздар келді. Оның ішінде Пласидо Доминго мен қатар голливудтық актер Николас Кейдже де бар.

Оған да сый, құрмет ретінде шапан жабылды. Мұндай тосын сыйға дайын болмаған актердің шапан кигізгендегі бет-бейнесі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, әзіл суреттер де пайда болған еді.

Желі қолданушылары актерге алдын-ала қазақтың шапан жабу дәстүрі бар екенін ескерту керек еді дегендер де көп болды. Десе де шетелген келген қонаққа шапан жабу арқылы өз дәстүріміз бен мәдениетімізді таныстырғанымызды ұмытпайық.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар