Бүгін, Мәскеу қаласында Елшіліктің мұрындық болуымен елімізге теңдесі жоқ ақын Сара бейнесін сомдаған қылқалам туындылары мен мүсіншелері жіберілді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасап хабарлайды.
12 туындының авторы - 1907- 2005 жылдар аралығында өмір сүрген ресейлік мүсінші, архитектор Маргарита Ващенко. Ол Алматы облысында еңбек еткен 1955-1960 жылдар аралығында осы суреттерді сомдаған. Құнды туындылармен бірге өнер иесінің Қазақстанда еңбек еткен жылдары жиналған архив құжаттары, хаттар мен газет үзінділері жолданды.
Маргарита Ващенко, қазақстанда еңбек еткен жылдары Алматы облысы Ақсу ауданының Жансүгіров және Көшкентал ауылдарында ақын Сараның мүсіндерін, Жансүгіров ауылында Ильяс Жансүгіровтың мүсінін және Талдықорған облыстық мұражайында Ғани Мұратбаевтың бейнесін тасқа түсірген атақты архитектор.
Осы күнге дейін суреттер топтамасын көздің қарашығындай сақтап келген Гелия Тимофеева, бұл анамның маған қалдырған аманаты, соны бүгін орындаудың реті түсті дейді.
"Нақ-Бірлік" Қоғамдық ұйымның төрайымы, Алматы облысы аналар алқасының мүшесі Салтанат Меңлібаеваның айтуынша, ақын Сараның ғасырлық тойын тойлаған кезде Гелия Тимофеева анасының қалдырып кеткен мұрасын сыйға тартпақ ниетін хаты арқылы білдірген. Сол кезден бері Гелия апаймен хат жазысып келген қоғам басшысы, енді құнды мұралар Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылында орын тепкен ақын Сараның мұражайында сақталатынын айтады.
Гелия Тимофееваның айтуынша, анасы Сара ақынның бейнесін туғандары мен жақындарының суреттеуінше қағаз бетіне түсірген екен.
Естеріңізге сала кетейік, Сара Тастанбекқызы (1853-1907) – атақты суырып салма ақын, сөз майталманы, айтыс өнерінің қайталанбас шебері. Алматы облысының Қапал ауданында дүниеге келген.
1906 жылы ойламаған жерден найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдында онымен айтысуы үлкен себепші болады.
Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Сөзге тапқырлығымен, кесіп айтар шешендігімен елді сүйсінткен, айтыс өнерге әбден төселген Сара Арсалаң, Ниязбек сал, т.б. ақындарды өнер жарысында жеңген.
Пікір қалдыру