Тамшы-моншақ жанарымда тұрсын кей,
Дертіңіздің емі болса күлкімде.
Сізді тыныш ұйықтасын деп күрсінбей,
Мұңыңызды ұрлай алсам бір түнге...
Жерден үлкен қайғыны да көтерем,
Солмасын деп көңілге еккен гүліңіз.
Артып алып тең жарымын, кетер ем,
Ауыр болса тағдыр артқан жүгіңіз.
Шексіздікті жүрегіме жасырдым,
Мен сырыммен оңаша қап тілдессем.
Сіз бар болған мынау жаңа ғасырдың
Жарымында жарыңыз боп күн кешсем...
Батыл бақыт бас көтеріп келсе тік,
Ақ жүзігі тағылғанда некенің.
Сіз жүріңіз көңіліме көрсетіп,
Өлең жазу оңай емес екенін.
Көңілдерде тəтті қиял жүрсе егер,
Жарық күндер алдамшы үміт болмасын.
Менде арман бар десе егер, кім сенер,
Сіз болсаңыз Қос өмірлік жолдасым.
Күн-шуақпен көмкерілсін күлкім де,
Жанарымнан тамып түскен жыр сіңбей.
Мұңыңызды ұрлайыншы бір түнге,
Сізді тыныш ұйықтасын деп күрсінбей.
Әнел Алтаева