Шернияз

/uploads/thumbnail/20170816114617436_small.jpg

Әңгіме

 Нұр - Аспан (қалам ат)

 Шернияз қазір сөзден қалды. Сөйлесең бетіңе бадырайып қарап қояды, тіс жарып, жақ кірісін ашпайды. Ол бұрын ауыздыға сөз бермейтін шешен болмаса да, кез келген тақырыпқа кірісіп, сөзге араласып  “Мен білем” - деп тоқтамай сөйлеп кететін. Сосын да оны ауылдастары “Мен білем Шернияз” - дейді. Тіпті кезінде ол ауылдағы бір тойдың тамадасы келмей қалып Алаш алыптарының жас кезіндегідей той жүргізгені де бар. Шернияз ұлт көсемі Әлиханның Лиза қызынан туған баласы, бірақ оны өзінен басқа ешкім білмейді. “Нағашы атамның салқыны тиеме” - деп “Саптаяқпен ас ішіп, сабына қарауыл қойған” кер заманның желінен әлі қорқады. Ауылдағы орыстарды көргенде тіпі дірілдеп кетеді. Кім болса соған қолынан келгенше көмектескісі келеді. Бірақ оның бары да жоғы да екі қоңыр сиры мен екі бұзауы ғана. Әр жылы бір тана сатып қыздарына киім-кешек алады, бір танасын соғымға сояды. Жалғыз сары төбеті анда-санда өзінен-өзі арпылдап бар екенін байқатады. Ауылда отырсада есігінің алдында тауық, қаз, үйрек дегеннен дым жоқ. Оның жұмыртқасын санап “байсың деп айтады ” дегенді естіген соң бәрін сол кезде сатып жіберген. Ол ауылдағы жалғыз мектепті жағалап күзетші болып істеген. Беріп емес, алып үйренген директор бұған айлық берген күні қайтадан ақша сұратады. “Жиғыштарын” жіберіп, бір рет ақша бермей жұмыстан қуылды. Кейін почта ауласын сыпырған болатын, олардың беретіні әйелі сауатын төрт шелек сүттің ақшасының ар-жақ бер жағы болды. Оны қойып көк туы кірлеп тозып кетседе, аспанда желбіреп тұратын әкімшіліке есік баққыш та болған, онда айлығын бір ай беріп, келесі айда бермей, тіпті төрт-бес ай бермей бұны ұмытып кетті. Ауылдағы жалғыз мешіттің сыры өзіне мәлім, оның тұрақты онға жуық жамағатының біреуі осы Шернияз.

- Ендігі жол тек қарыз ақша алу, - дейді әйелі. Ол үнсіз бадырая қарады.

- Қарызы жоқ ел барма бүгінде. Бүкіл халық қарызбен күн көріп жатыр, қарыз алу модыға айналды. Ол тағы бадырая қарады әйеліне.

- Қарыз алу бүгінде дамудың жолы, - деп әйелі сөйлемесіне қоймады.

- Банктен қарыз алу өте ауыр күнә. Өсімқорлық құрандағы ең ұзын аят, - деп Шернияз әйеліне ежірие қарады.

Таң намазына мешітке жаман түс көргенде ғана баратын Шернияз бүгін азанмен таңғы төртте Алла үйіне барды. Есіктен кіре мешіт ақысына екі бас намаз оқуға тұрды. Даңғаза музыка құлағын тұндырды, өзінің не оқығанын ұмытқан ол тездетіп бітіріп, терезені жапты. Қарама-қарсы аулаға орналасқан мектеп бүгін түнімен “Алтын белгілер” түнін өткізді. Жергілікті әкімдер бастап басқада жас-жасамыс еркектер қостап, бәрі таң атырды дейді сыбырлаған екі жігіт бірі-біріне.

Бақтыбек имам азан шақырды, сәлге пауза жасаған батыстық бас ауыртар әуен мешіттің ішінде терезе жабылсада әуелеп кетті. Намаздарын әзер бітірді. Шернияз имамды етектеп өзінің бұйымтайы бойынша пәтуа сұрады.

- Шариғатта қарыз ақша алудың патуасы қандай?

- Не үшін аласың?

- Қызымды оқуға түсіру үшін.

- Оқытпасаң болмай ма?

- Қызым байбалам салып жылап, әйелім де қостап екеуі екі жақтап басымды  әбден қатырды.

- Негізі қарыз алу харам, бірақ мұқтаждықтың үлкен кішілігіне қарай пәтуа беруге болады. Мысалға үйіңнің төбесі түсіп тұрса... сол сияқты алмаса болмайтын жағдайда рұқсат береді. Сен үшін қызыңды оқыту қатты қажет болып тұрса болады.

Бірнеше күн ойланып жүрді, танысы Қаныштың имани сауаты жаман емес, содан сұрап көрейін деп қолфонға жармасты. Ол “өз анаңды жетпіс үш рет астыңа салғандай ауыр күнә” - деп төбесінен қатты соққы бере сілейтті. Оданда өсімсіз қарыз беретін адамдар ізде тамыр-таныстардан деп кеңес берді. Оның иегіндегі төрт-бес тал сақалы есіне түсіп оны тез ұмытты.

Бүгінде кім өсімсіз және бірер жылға қарыз ақша береді, ол өте қиын дейді  Шернияз өзімен-өзі сөйлесіп.

Ғаламторды ақтарып “Муфтият кизетке” кіріп сұрақ-жауап бөліміне сұрақ қойды, жауап болмағасын қоңырау шалды.

- Ассалаумағалайкум, менің бір сұрағым бар еді.

- Уағалайкумассалам, айтыңыз, - деді қарсы бетте жас жігітің салмақты даусы.

- Шариғатта қарыз ақша алудың пәтуасы қандай?

- Бұл бүгінде даулы мәселенің біреуі, осы жақында аталмыш мәселе бойынша  әлемдік деңгейде ғылыми конфернция өтті, сонда Арабия түбегіннен бір ғалым, сіздің сол алған ақшаны уағында қайтару қуатыңыз бар болса онда болады деді.

- Қарыз беретін жақ, яки өсім алатын жақ кәпір қауымнан болса, сіз амалсыздан алып отырсаңыз және оны қайтаратын тұрақты кірісіңіз болса онда да рұқсат, - деді бір ғалым.

Шешім қабылдау өзінде қалған Шернияз шариғатта кез келген нәрсеге шығар жол бар екен-ау, кезінде аталарымыз “Шариғаттың сан жолы бар, ол қарағайдың шайрындай созылады”, “Молданың айтқанын істе, істегенін істеме деген” - деп өзімен өзі тағы сөйлесті.

***

Сәбира айнаға қарады, қараған сайын қайта-қайта қарады, сұлулығына тоймады.  Домалақ жүзі әкесіне ұқсасада, бойы сырдаңдап өсіп, талдырмаш денесі күн өткен сайын әжесі Лизаға ұқсап барады. Биыл тоғызыншы сыныпты бітіріп оныншы сыныпқа көшті. Сыныптастарының көбі қыздар, барлығы бірімен бірі жарыса киініп мектепке келеді. Бұл да бар-жоғына қарамай, азаттықтың қалай келгенін сезеде бермейтін байдың қыздарымен бірдей киінеді. “Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты” - дегендей биыл туған әкпесі Жазира оқуға кетіп кедей отбасы екендерін көрсетіп қоя жаздады. Десе де шешесі әкесіне айтпай қолындағы алтын жүзігі мен сырғасын сатып, оны қатарынан қалдырмады. Кішкентайынан “өзіме тартқан өз қызым” - деп шешесі бұл қызын бөтенше еркелетті. Сосын да ол әкесіне қарағанда шешесіне жақын. Шешесі “Жастығым өтті, енді маған кім қарайды” - деп барын сатып қызына соңғы модельдегі смартфон алып берді. Оқуы жайында қалды. Шешесінің сиырының сүтінен ай сайын екі жарым мың теңгеге бірлік сатып алып күн-түн демей ғаламтордың ішін кезеді....соңғы кезде тіпті түнімен біреумен сөйлесетін болды. Әкемен шеше сезседе қызының бетін қақпай білмегендей болды.

   ***

Теледидарда ток шоу...

Киген киімдері тізесіне жетпейді. Мектеп үлгісі деп балаларды алдап бәрін жалтыр сан жасады әлгі “патшаның жаңа киміндегі” әккі саудагерлер сияқты мектеп формасын тігетін қулар. Ол аз болғандай біздей биік өкше киіп, аяғын тықылдата басатын бота тірсек апайлар өз жасын ұмытып  бөтенше дарақыланып айлығынан артық киінді. Еліктеумен күн кешкен жеткіншектер көзсіз еліктеп, айна алдына ерте барды.  “Олар кітапқа қарап ой түзеп емес, айнаға қарап бой түзеді” - деп атақты ғалым Асқар Жүмәділ шыр-пыр болып отыр.

“Сан түрлі мерекені құр жібермей тойлады. Ол кімдікі, қандай мәдениет екенімен мүлде жұмысы жоқ,” - деп жүргізуші шекесіне түскен шашын қайта-қайта сипалайды.

Қалалық №17 мекетептің тәрбиеге жауапты меңгерушісі тарсылдатып осы кезде есіктен кірді, отырғандар өтірік шапалақ шалып қарсы алды.

- Иә, біздер көп ұлтты мемлекетте тұрамыз, әр ұлттың мәдениетіне құрмет етіп жыл сайын әр мерекені құр жібермей тойлаймыз.

- Даңғаза музыканы азанмен, тіпті кейде жарым түнде де қосып дискотека жасайсыздар бұл не масқара , - деп сұрақ берді көрермен арасынан бір ата.

- Біздер кейде азанмен мерекеге дайындалу үшін музыка қосатынымыз рас және 25 мамырда “соңғы қоңырау” түнде музыка болатыны да шын, - дейді шашын желкесіне жеткізбей қиып тастаған сары жуан меңгеруші келіншек.

- Елдің қызын қырға қондырып, далаға түнетіп, ертеңгі болашақ от ананы, отанның тәрбиешісін кезбелікке үйретеді, сұмдық, - дейді ток шоуға қатысып отырған ақ жаулықты әже.

- Біздің кезде ұлдар мен қыздар бөлек сыныпта оқушы едік, далаға түнеу тұрмақ жарты сағат кезекшілік істеп үйге кешіккен күні үйде бұрышқа тұратынбыз, ал мектепке кешіксек майданды айналдырып итімізді шығаратын. Әкелеріміздің қатал қабағынан қорыққанда қандай дір-дір етуші едік, қазіргі әкелер “мысық” болып кетті-ғой, шіркін! ..отырғандар шатырлата шапалақ соқты.

- Ауыруын жасырған өледі деген, мектеп жасындағы қыздардың аяғы ауыр болып оқудан жасырын шығатыны ащы болсада шындық, - деп отқа май құя шаңырақтай бас киімі көк тіреген молдаға сөз берді жүргізуші.

- АстағұпрАлла, біз негізі хиджап кигендермен емес, жалаңаштармен күресуіміз керек. Құранда қыз баланның екі беті мен қолынан басқасы ұятты жер екені айтылады, біздер ұятты жерін жапқандарды көргенде төбе шашымыз тік тұрып бүкіл қоғам болып соған қарсы тұрамыз, ал мектепке қыздарымыз тыржалаңашқа аз жетпей киіндіріп жібереміз. Кімде кім күнә жасауға себепші болса олда сол күнәні жасағанмен бірдей. Қыз бала санын жалтыратып мектепке барды, қанша ұл бала оған қарайды, сосын теледидардан көргенін істегісі келеді. Солай осы айтылған мақсқаралық туындап отыр. Сіздер ойлаңыздаршы, қалтаңыздағы он мың доллардың шетін көрсетіп базарға шықсаңыз, оны көрген қанша ниеті жаман бұзақылар соңыңа түседі. Ал қыз балаңыздың не әйеліңіздің жалтыр сан көйлек киіп көшеге шығуы не мектепке баруы сол ақшасын көрсетіп көшеде жүрген адамға қатты ұқсайды. Солай қоғамда қылмыс туындайды, отбасы ыдырайды, болашақ бүлдіршіннің жолы қиылады. Отырғандардың бәріне бұл сөз жетседе нәпсілері жібермей шапалақ шала алмай үнсіз бас изектеді.

***

“Мен білем Шернияздың” үлкен қызы Жазира былтыр “жақсы бал” жинап мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Әкесі қуанғаннан бетіне қарап отырған бір сиырын сатып қызын жабылып қалаға оқуға апарып салды. Момақан жуас қыз қалаға барып бұзылды. “Көрмегенге көсеу таң” - деп оған барлық нәрсе оған сырлы болып көрінді. Гурппаластарымен бірге бір күні түнгі кулбтың да есігін ашты. Аузына ащы суды алды сол түн, қыз өзінің өмірін бос өткізіп жатқандай сезінді, содан бастап түнгі клубқа тез-тез барды. Сабағы күннен-күнге нашарлады, ақыры гранттан айырылды. Әкесіне айтатын беті жоқ, ауылда бары жалғыз сиыр оған қарап отырған сіңлісі Сәбира бар, ол соныкы дейді өзіне өзі. Ақылы оқу оған арман болды, ондай сиырдан бесеуін сатсада ақшасы жетпейді. Екі жыл әке-шешесіне айтпай қалада кафеде ыдыс-аяқ жуып күнін көрді, соңғы кезде алыс ауылдағы бір жігіттің етегін ұстап қашып кетті. Елші келгенде бірақ білді әкесі. “Сонша барымды сатып оқыттым, сонда бізге көрсеткен рақметі осы ма” - деп әке құсадан ішіне үні түсіп көп сөзден қалды. Өстіп жүргенде Сәбира биыл емтихан тапсырды жинағаны жүз қырықтан елу үш балл. Долданып шашын жайып құдды әке-шешесі оқуға өткізбей қойғандай тұлан тұтып жер бауырлап жатқанына тура бір жеті болды. “Мені оқытпасаңдар неге тудырдыңдар” - деп бақырды. Әкесі жалғыз сиырына бір қарайды, қызының есігіне бір қарайды. Колледжді оқы, ол тегін екен десе “Мен ондай төмен жерде оқымаймын, достарымнан ұят” - деп аспандағы айға қолын созып, еңкілдеп жылады...

Мен барымды сатып қарызданып - қауғаланып оқытып - тоқытсам оқуын бітірер - бітірмес, “елмен жауластырып” бір жігіттің артынан еріп қашып кетсе алдыңғысы сияқты. Қызды оқытқан адам ақымақ, ол бәрі бір саған нанын жегізбейді, теріңді ақтамайды деген ой оған сап ете қалды да артынша, Шернияз өз ойынан ұялды. Пайғамбарымыз “Екі қыз бағып оны жақсы тәрбиелеп, құтты орнына қондырған ата-ана жәннаттық” - деген  пайғамбарымыз қыз баланың тәрбиесі мен оның бақыты өте маңызды екенін рухани көзбен бізге ескерткен екен-ау жарықтық дейді қуанып. Бірақ мен.... менде “қыздарым біреудің қолына барғанда жерге қарамасын, дипломы болып өз күнін өзі көретіндей деңгейде болса, бүгінде заман басқа”...

***

Қазақ даласында әулиелер тариқатты мықты ұстанып, тасауфта болды,  шариғаттағы оңай жолдарды еш іздемеді, тек барлық ісін бір Аллаға тапсырып жүректері Алла деп соқты. Құран: «Ей, жындар мен адамдар» деп ескертсе, енді бірде  «Ей, иман келтіргендер» дейді, енді бірде «Ей, мүминдер» деп бес парызы толық мұсылмандарды меңзейді, артынша «Ей, тақуалар» деп сөйлейді, енді бірде «Ей ғалымдар» десе, бірде «Менің әулиелерім» дейді, одан соң «Менің пайғамбарларым» деп жалпылама айтады. Артынша төрт үлкен пайғамбарды өз аттарымен шақырады, ең соңында біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.а)-ға бөлек айтады” демек осыдан өз дәрежең бойынша құранды басшылыққа аласың. Әйтседе Алла тағала дінде қиындық жоқ дейді. Кез келген шаруада шариғаттың шеңберін көрсетеді, артынша бұлай істемесең өзіңе жақсы деп ескертеді. Бұл міне тариқаттың жолы... Қарыз ақша алуда Шернияз осы жолды таңдады...                                             

                                          ***

Әйелі екі тізгін бір шылбырды қолға алып, отбасылық көшті бастады...

Ол үйдің құжатын қойып өсімқор банктен қарыз ақша алды, оны уағында қайтара алмай, үйінен айрылды. Банк сот орындаушыларға мың доллар беріп еді олар Алаштың тұяғын үйінен бір-ақ түнде тырқыратып қуып шықты. Десе де қызы оқуға түсті. Кезінде “қаланың бірдеңесі тиіп кетеме” деп елеусіз  елді мекенді паналаған Шернияздың отбасы енді амалсыз қалаға көшіп келді. Қызының оқу орнының маңынан үй жалдады, еріксіз әйелі кафеде ыдыс-аяқ жуды, өзі арба сүйреуді бастады...

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар