Алматыда сел жүру қаупі сейілетін уақыт жақындап қалғанымен қалалық ТЖД мамандары әлі де қамсыз отыруға болмайтынын ескертті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«15 қыркүйек күні ТЖД мамандары үшін лай көшкіні қауіпті деп саналатын маусым аяқталады. Тау басына қар жауып, күн суытады. Тау бөктеріндегі барлық елді-мекендер үшін қауіп азаяды. Алайда, келесі қауіпті маусым басталып, қар көшкіні мен су тасудың алдын алу шаралары басталады», - деді «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтарбек Баймолдаев.
Айта кетейік, бүгін Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚҰТУ География институтының ұсынысы бойынша Алматы әкімдігінің қолдауымен, селден қорғану саласы бойынша мамандар бас қосқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
«Алматы бойынша айтар болсақ, Алатауда 40 көл бар, оның 15-і арнасынан сыймай жыл сайын қауіп тудырады. Ал Алматы облысында таудан ағатын 20-сы сел қаупін тудыратын тау суы болып есептеледі. Сел жүру қаупі зор маусымда беріктілік деңгейі тексеріледі. «Қазселденқорғау» ММ-ның құрамындағы 100 гидротехникалық нысанды бақылауда ұстаймыз. Лай көшкіні қауіпті саналатын аймақтардың картасы бар, ол жыл сайын толықтырылып отыр. Бізде 650 таудағы көлдің құжаты әзірленді», - деді Тоқтарбек Баймолдаев.
Маманның айтуынша, селдің жүруін тек мұздақтардың еруінен болжауға болады.
«Алматы маңындағы 36 тау көлінің биыл 17-сі арнасынан асуы мүмкін деп, қауіпті ретінде бағаланды. Оның ішінде 9-ы аса қауіпті деп саналып, суларын ағызу жұмыстары жүргізілді», деді ол.
Мамандар қазіргі уақытта сел көшкінінің қаупі жоқ деп отыр.
«4 селден қорғау бөгенін салу, жоспарлау жұмыстары үшін әкімдік 168 млн теңге бөлді. Мыңжылқы бөгені маңынан 4 шақырымдық жол салынып, бөгеннің су бөгеу ауқымын 220 млн текше метрден 500 млн текше метрге дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр», - деді Алматы ТЖД басшысы Серік Әубәкіров аталған жиында.
Алматы төңірегінде болған сел туралы тарихи мәліметтерге көз салсақ, Алматы қаласындағы 1921 жылғы сел туралы мәлімет келтіре отырып, тарихшы А. Сергеев былай деп жазады: «Селдің бірінің артынан бірі төңкеріле ағуынан таудай толқындар түйетастарды, опырылған жартастардың үйдей сынықтарын домалата айдап, жолындағының бәрін күйретіп, қиратып, ғимараттарды жаңқалап, үгіп, талқандап келе жатты. Тасқын кейбір үйлерді іргетасынан жұлып алып, гүрілдеген, гүрсілдеген қою қараңғылықта, ауладағы құрылыстармен, қора-қопсысымен қоса, сұрапыл екпінмен ығыстырып, әкете барды». Сол жылғы тасқын Үлкен Алматы өзенінің алқабындағы көпірлер мен диірмендерді қиратып кеткен. Арнасынан асып кеткен Есік өзені 18 үйді құлатқан. Талғарда өзен суы 8 метр көтеріліп, диірмен мен көпірді ағызып әкеткен. 1928 жылы қатты нөсер жауын салдарынан Іле Алатауының терістік беткейінде 20-дан астам сел тіркеліпті. Сонымен қатар, 1921 және 1941 жылдары Кіші Алматы, 1950 жылы Үлкен Алматы өзендері тасып, қала халқы айтарлықтай зардап шеккен. Осындай қауіп-қатерден қорғану мақсатында 1966 жылы Медеу шатқалында дүние жүзінде алғаш рет тауды қопару әдісімен Медеу бөгеті салынды. Осы бөгет бірнеше рет Алматы халқын су басу апатынан сақтап қалғанын білеміз.
1941 жылғы 25 мамырда Іле Алатауының жотасында бір жарым сағат 97 минут ішінде 93 мм. жауын жауды. Бірақ, нөсер, негізінен алғанда, ормандық белдеу үстінен өтіп, ойранды сел туғыза қойған жоқ. 1950 жылғы 8 – 9 шілдеде Үлкен Алматы өзеніндегі сел тасқыны өзен алабына 1428 мың текше метр балшық пен тас аралас лай көшкінін құлатты. Бірақ, тасқын қалаға келіп жетпеді, залал әкеле қойған жоқ. 1963 жылғы 7 шілдеде Есік көлін ойрандаған сел тасқыны жүрді. Биік таудан келер тасқын судың алдын бөгеу мақсатында ғалымдар аса қауіпті саналатын Кіші Алматы шатқалының «Медеу» спорт кешені тұсынан тау жыныстарына жарылыс жасау арқылы селге қарсы биік плотина тұрғызып, қауіптің алдын сейілтті.
Есік тасқынынан кейін он жыл өткенде 1973 жылы 15 шілдеде Кіші Алматы шатқалында жойқын сел тасқыны жүрді. Тұйықсу мұзартының 160 мың текше метр су жиналған тау көлі күтпеген жерден күркірей тасып, жолындағы қарағайлар мен қойтастарды қаңбақтай жосылта төменге лап қойды. Шатқалды бойлай жүйткіген алапат сел барған сайын екпін алып, жойқын күшке айналып бара жатты. Бірақ, Медеу шатқалындағы тас бөгет құрсау селді жібермей, қарқынын басып тастады.