ХАЛЫҚ БІЛСІН: Бүгінде халық қызметін көп пайдаланатын саланың бірі – нотариат болып саналады. Яғни нотариустың қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем деуге болады. Үй, көлік сату, құжат рәсімдеу, мұрагерлік, келісім-пәтуә секілді азаматтық істердің барлығы да осы нотариус қызметіне жүгінбей бітпейді. Заң бойынша, нотариус қызметінің құны Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша белгіленеді. Алайда, көп жерде бұл заңдылықтар сақтала береді деу қиын. Оны күнделікті өмірде жиі кездестіріп те жүрміз. Бас қаланың өзінде мұндай қызметтің құны әркелкі болып жатады. Заңға қайшы екенін біле тұра, кейбір жеке нотариустар өзінше баға қойып, жұрттың қалтасына түсіп жататыны жасырын емес. Жақында редакциямызға сыр өңірінен: «Соңғы айда нотариустарға бірнеше рет барып, құжаттардың көшірмесін растатуға тура келді. Онда жеке нотариустардың әрқайсысында көрсетілген қызмет үшін алынатын төлемақы әр түрлі екенін байқадым. Бізде нотариалды көшірме жасау үшін алынатын ақы мөлшері заңмен бекітілген бе? Құжаттардың көшірмесін растату үшін қанша төлеуім керек», – деген хат келіп түскен еді. «Нотариат туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке нотариус құжаттар мен олардың үзінділері көшірмесінің дұрыстығын куәландырған кезде техникалық және құқықтық сипаттағы қызметі үшін жеке тұлағалардан 0,05 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы алуы тиіс. Биыл айлық есептік көрсеткіштің көлемі – 1 618 теңге. Ал мамандар не дейді? Бұған дейін қызмет көрсету құны мен бағаның әркелкілігіне байланысты нотариустардың бағасы әр өңірде әркелкі болып келді. Алайда, мамандар осы жылдың басынан бас-тап нотариалдық қызмет құнының бір жүйеге келтірілгенін айтады. «Биылға дейін әр аумақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен халықтың өмір сүру деңгейінің әрқилылығына байланысты нотариалдық қызмет құны да «ойнамалы» болып келді. Соған байланысты Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Атырау қалалары мен Шымкент қаласындағы нотариустық кеңселерде белгіленген бағаны бір-бірімен салыстыруға келмейтін еді. Қазір бір жүйеге келтірілді. Барлық но-тариустарға ортақ бір баға жасалған. Тек ауылдық жерлерде ғана сәл-пәл төменірек. Сондай-ақ туысқандарыңыз, жақындарыңыз бен достарыңыз үшін деп сәл төмендетілген баға бар. Бұл арнайы ережемен бекітілген дүние. Ешқандай заңға қайшы келмейді. Нотариалдық қызметтің құны Қазақ-стан Республикасының «Нотариат туралы» заңының 30-бабының 1-тармағына сәйкес және Салық кодексінің арнайы қаулысына байланысты алынады», – дейді заңгер әрі жеке нотариус Дина Көкенқызы. – Қашаннан бері бір жүйеге көшіп еді? – Осы жылдың басынан бері бір бағаға көштік. – Нақты бағаны сонда Салық комитеті белгілейді ғой? – Баға Салық комитеті мен «Нотариат туралы» заңының ережесіне байланысты анықталады. Бір кездері Салық кодексінде көрсетілген ережеге сай алатынбыз. – Белгілі бір айлық есептік көрсеткіш бойынша белгілене ме? – Иә, айлық есептік көрсеткіш бойынша алынады. Оның ішінде мемлекеттік баж салығы қоса есептелген. Мысалы қандай да құжаттың көшірмесін мақұлдату үшін (бір құжатқа) 858 теңге төленеді. Сонымен қатар нотариалдық қызметтің бекітілген бағасы кіре берісте немесе көрнекі жерде міндетті түрде ілініп тұруы тиіс. Бұл туралы Әділет департаментінің арнайы нұсқауы бар. Егер де нотариустың бағасы мен жұмысына келіспеушілік туындап жатса, әрбір тұтынушының Әділет департаментіне барып шағым түсіруге құқы бар. Ал мұндай анықтамалық құжаттар да телефондарымен қоса көрнекті жерде ілініп тұруы керек. Ілініп тұрса құзырлы органдарға барып шағым айта алады. Әрбір нотариалдық қызмет үшін міндетті түрде түбіртек-чек берілуі тиісті. Әрбір нотариус кассалық апаратпен жұмыс істейтінін ұмытпау керек. Нотариат туралы заңнан үзінді: 30-бап. Нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу 1. Мемлекеттiк нотариат кеңсесiнде жұмыс iстейтiн нотариус пен аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi аппаратының лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша мемлекеттiк баж алады. 2. Жекеше нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттерге ақы Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мемлекеттiк баж мөлшерiне сәйкес келетiн ставкалар бойынша төленедi. 4. Қазақстан Республикасы кон-сулдық мекемесiнiң лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және мөлшерде консулдық алым алады. 5. Жеке және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер бұл адамдарға жеке практикамен айналысатын нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде де қолданылады. 6. Нотариаттық iс-әрекет жасау үшiн нотариус өзiнiң жұмыс орнынан тыс жерге барған жағдайда мүдделi адамдар оған нақты көлiк шығыстарын өтейдi. Дайындаған – Бүркіт НҰРАСЫЛ
Дереккөз: "Халық сөзі"
Пікір қалдыру