Павлодар облысында Елбасы бастамалары жемісті жүзеге асырылуда

/uploads/thumbnail/20170912083100200_small.jpg

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысына барды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Сапар барысында ол индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған кәсіпорындарда болды. Сондай-ақ, Павлодар түсті металлургия колледжінің жаңадан салынған Студенттер үйіне және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Margulan center» ғылыми орталығына ат басын бұрды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды. Мұнда қазірдің өзінде 6 инновациялық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 6 өндіріс орны іске қосылмақ.

Арнайы экономикалық аймақтағы заманауи өндіріс ошақтарының бірі «Гиссенхауз» зауыты қоспалы алюминий өнімдерін дайындайды. Толығымен германиялық технологиямен жабдықталған мұндай өндіріс орны Австрия, Германия сияқты еуропаның дамыған елдеріндегі кәсіпорындардан еш кем емес. Арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АгроХимПрогресс» зауыты да толығымен қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған бұл кәсіпорында минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық қоспалар, шегірткеге қарсы биологиялық дәрі-дәрмек және арамшөптерге қарсы қолданылатын глифосат-гербицид өндіріледі.

Аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар өңірінің осыншалықты қарқынды дамуы Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екенін айтты. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың айрықша қамқорлығының арқасында Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. Тек индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде 35 ірі өнеркәсіп орны ашылып, оған 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кейінгі екі жылда ғана облысқа 125 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста балабақша, мектеп мәселесі де біржолата шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Рухани жаңғыру» бойынша да көптеген жобалар жүзеге асуда. Павлодарлықтар Елбасының осы қамқорлығын бағалай білуі керек», – деді.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар түсті металлургия колледжінде болып, студенттермен кездесті. Одан бөлек, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Margulan center» ғылыми орталығында болды. Онда ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қатысты Мақалалар