1980 жылдары Қытай қазақтарының ән өнерінде айрықша орын алған әндердің бірі – «Сәулешім» әні. Шығыс Түркістанда бұл әнді білмейтін қазақ кемде кем десек қателеспейміз. Дегенмен аталмыш әннің орындаушысы Өкен Таңысқан Қытайдағы қазақ тыңдармандарына кеңінен таныс болғанымен, қазір Алматыда тұратын ән авторы Сайламхан Мұстахи туралы деректер тым аз кездеседі. Ендеше аталмыш ән қалай дүниеге келді? Белгілі әннің белгісіз авторы кім? Автордың өз ауызынан тыңдайық.
Сайламхан Мұстахи: әннің кіндігі атызда кесіліп еді... «Сәулешім» әні 1980 жылдары жастықтың жалынынан туындаған алғашқы әндерімнің бірі еді. Ол кез Қытай тарихында бұрын-соңды болмаған, адамдар тағдырын тәлкек етіп, ар-нымысын аяққа таптап, адамзат өркениетінің тамырына балта шапқан заман еді. «Мәдениет зор төңкерісі» атты қойылымның енді ғана аяқтап, он жыл бойы есеңгіреткен сыйқырлы күштің бұғауынан бір жола босап, есін жиған әр халық тамыры қиылуға шақ қалған ұлтық құндылықтарын ұлықтай бастаған кездері болатын.Әкем сол төңкерісте қудалауға ұшыраған басшылардың қатарында болды. «Капитализм жолымен жүрген оқытушы», «шетшіл элемент» деген екі «қалпақ» киіп, отбасымен «Ноқай» деп аталатын меңіреу даладағы егіншілік қыстағына «еңбекпен өзгертуге» апарылған еді. Мен балалық шығымды да, жастық шағымды да сол қыстақта өткіздім. «Мәдениет зор төңкерісі» енді басталған тұста мектеп табалдырығын аттадым. «Мау көсемнің» қызал томдарынан үзінді жаттап жүріп, мүшел жасқа да толдым, сол кезде оң аяғымнан мертіктім. 4 жыл ғана оқып, мүгедек болып қалған мен үшін ол кезде білім-ғылым жат ұғым еді.
Бірақ, қолөнер, әдебиет, көркемөнер халықтық өнер екені, ол өнердің алтын кеніші мектеп емес, халық екені бар шындық.Ұрпақ бойындағы бір өзгешелік, ерекшелік болса ол тек атаның қаны, ананың ақ сүтімен келетіні де ақиқат. Осыны мен терең түсіндім.
Ұлы атам Әндірештің нағашысынан дарыған ұсталық өнері болды. Алтын, күміс ұстап, ер-тұрман, білезік, шолпы тектес асыл бұйымдарды жасайтын, сол құнды өнер атадан балаға жалғасып бізге келгенде, заман өзгеріп сала берді. Коллективтің ұстаханасында атқа таға соғатын, ауыл-шаруашылық техникасын жөндейтін құнсыз дүние болып қалды. Бала жастан тағдыр тауқыметімен, заман қақпайын көп көрген менің мінезім тұйық болатын. Сол мінезіме қарап, айналамдағылар: «Е, сен кішкене күнінде мысқылшыл едің, «Мысқыл, мысқылдың түбі мүшкіл» дейтінді шығарды.
Мен сөзге соншалық сараң болған сайын, өзімді ішімде тұншығып жатқан бір күш бардай сезіндім, оның айғай салғысы, ән айтқысы келетін сияқтана берді. Ыңылдап, ысқырып жүретін әдет таптым. Мендегі бұл өзгерісті байқағандар: «Осы сенің жақыннан бері ыңылдап, ысқыруың көбейіп барады, байқайсың ба?» дейтін. Бірақ, мен олардың мұндай сөздерін келеке, мазақ деп іштен тынып, үнсіз қала беретінмін.
Ел не десе, о десін дедім. Дегенмен, көңілім бір қоңыр дауысты қобыз ба, әлде домбыра ма, болмаса ащы бір сыбызғы үніне ме, әйтеуір саз аспабына ішкі дауысымды үндестіргім келетінді шығарды. Сөйтіп жүргенде қолыма қалақшадай тоғыз пернелі сарғыш домбыра ілігіп, жанымнан тастамайтын болдым. Сол кезде маған домбыраның құлақ күйін келтіріп беретін ауыл маңынан ешкім де болмады. Сосын домбыраны өз бетімше үйрене бастадым, радиодан берілген халық әндерін, күйлерін оңашада отырып домбыраға салып көрдім.
Ауылдың той-томалағы бір тамаша өнердің сахнасы еді шіркін! Төрде отырған құдағи, құдашаның лақтырып қалған орамалы, шыты алдыңа топ ете қалса, қашсаң да құтылмайсың. Әлің келсе әуелі айтысқа түсесің, одан қалды қара өлең айтасың, ол екеуі де болмаса, «Қара жорғаны» билеп беру жазылмаған заң болатын. Сондай «ноқта» басқа ілінгенде қысыла отырып, жұрт алдында домбырмен ән айтатын едім.
1982 жылдың көктемі еді. Бір күні аудандық радиода тілші болып істейтін Мұқаш дейтін досым үйге арнайы келді, маған қыздарға жазған бірнеше өлеңдерін оқып беріп: «Осылардың ішінде ұнаған өлеңге әуен шығарып көр» деген өтініш айтты. Мен оның ұсынған бірнеше парақ қағаздарын қолыма алсам да: «Мұқа, бұл талабыңды мен орындай алармын ба?» деп едім. Ол маған: «Оңашада ойланып көрмейсің бе, саған сәттілік тілеймін!» деп қайтып кетті. Мұқаш кеткен соң оның өлеңдеріне қайталай көз жүгіртіп отырып, «Аққу» деген өлеңге көзім түсті. Бірінші шумағындағы:
Ойнаған көл бетінде толқын қуып,
Көңілді кеттің еркем толқындырып.
Әппағы арманымның келші бері,
Өзіңдей пәк тұлғаны еттім үміт, – деген жолдарын қайталай оқығанымда, киелі аққу құстың бір шарапаты менің жан дұниемді желпіп өткендей, бір сиқырлы саусақ көңіл сазымның пернесін дөп басқандай болды. Жанымның қыл ішегін шерте бастағандай, өлеңнің қайырма шумағын оқығанда баяғыдан білетін ән әуенінің сөзін жаңа тапқандай күй кештім.
Аққу айдын бағың,
Аққу әнім менің.
Әппағы арманымның келші бері,
Шалқысын, шабыттансын менің жаным, - деген жолдарын әндете жөнелгенімді өзімде сезбей қалыппын. Не керек, сол қайырма әуенді аз болса жүз қайталап барып, домбыраны қолға алып, пернесін басып, ішегіне қол соқтым. Осылайша алғашқы «Аққу» әні қанат қаққан еді.
Осыдан кейін де ақын Сәден Әнуәрұлының «Мөлдір бұлақ» деген өлеңіне ән жаздым. Кейінірек сөздерін де өзім жазған «Бұлбұл жыры», «Көктем жыры» деген әндерім дүниеге келді. Мен ол кезде ауылдың жылан бауыр тракторының тізгінінде едім. Көктемде егіс басында жер жыртып жатқанбыз, аймақтық газет-журналдарда өлеңдері жарияланып жүретін, Бекбақыт деген көрші ауылдың бастығы атыз басына келіп аттан түсып жатқасын, ол кісінің қасына барып сәлемдестім. Бекбақыт менің бет-жүзіме бірдеме іздегендей қарап отырды да: «Сайламхан, біз сені теміршілікпен, техниканың тілін білетін жігіт деп жүрсек, басқа да өнерің бар екен ғой», - деп қойын дәптерінің арасынан тақырыбы жазылмаған, үш шумақтан тұратын өлеңін ұсынды. «Мынау менің өздеріңдей боз бала кезімде жазған өлеңім еді, осыған әуен шығарып көрмейсің бе?» деді. Мен үш шумақ өлеңді іштей оқыдым да: «Беке, өзіңіз білесіз, темір мен көмір болса болды, атыңыздың тағасы ертең дайын болады дейтін қолдың жұмысы емес, ойға бірдеңе оралып жатса көрерміз»,- деп тайсақтай жауап бердім. Бір ауылдың бастығы сонша жерден ат терлетіп келіп, аманаттағандай болған соң, қалайда бір кәдеге жаратуым керек болды. Сонымен, трактор маторының дарылдаған дауысымен қосылып жүріп, «Сәулешім» әнінің де кіндігі атыз басында кесілген еді.
1983 жыл әдебиет, көркемөнердің күні туып, аймақ-аудандардың көркемөнер үйірмелері жаңадан құрылып жатқан кез еді. Осы көктемде Алтай аймағы бойынша кәсіптік ойын-сауық үйірмелерінің «Көктем» атты ән, күй, би байқауы өткізілетін болды. Осы байқауға Қилымхан Көкейұлы, Өкен Таңысқанұлы, Жу Шо Бу (қытай қызы) сияқты әншілердің орындауымен тұсауы кесіліп «Көктем жыры» әнім аймақ бойынша 2-дәрежелі сыйлыққа ие болды. Осылайша ілгерінді-кейінді болып, «Қарғалдақ гүлі», «Мереке таңы», «Не қылайын басқаны» атты әндерім орталық қазақ радиосының, Шыңжаң халық радиосының ән байқауларында 2, 3 дәрежелі сыйлығына ие болды. Соның арқасында, мен Шыңжаң музыканттар қоғамына мүше болдым.
Жалпы, танымалдығы жағынан осы «Сәулешім» әні қара үзды, Өкен Таңысханұлының гиттарамен жеке дауыста орындауында халыққа кең таралып, жұлдызы жанды. Алайда сол жылдарда авторлық меншік құқық дегенге аса мән бермейтін кезең еді. Өкен Таңысханұлының жеке ән жинағында автордың орындауындағы әндер деп таралып кеткен. Осы әнім 1987 жылдары Тянь-Шан киностудиясы түсірген «Қаһарман Сержан» деген деректі фильмде сұраусыз пайдаланылды. Арада 12 жыл өткенде 1999 жылы, Өкен Таңысханұлының қайталай орындауында Шыңжаң халық радиосының алтын қорына қосылған сегіз әнімнің бірі болды.
Соның арқасы шығар «Сәулешім» бүгінге дейін ел ішінде жиі айтылады. 2002 жылы Өкен Таңысханұлы Үрімжіде өткен ән кешінде кеш шымылдығын осы «Сәулешім» әнімен ашқан еді...
Жазып алған Хазірет Әбділда
PS. Сайламхан Мұстахиұлы қазір Алматыдағы «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина орталығында күзетші болып жұмыс жасайды. Екінші дәрежелі мүгедек. Екі жыр жинағының авторы.
Пікір қалдыру