Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 2017 жылы қарашаның 15-і «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында тұрақты даму жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жөнінде сөйлеп, ешкімнен кешірім сұрамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.
- Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Қырғызстанның ішкі ісіне араласпауды талап еткенім үшін бе? Қырғызстан заңдарын құрметтеуді талап еткенім үшін бе? Ешкім бұдан ары бізге өзінің тәртіптерін орната алмайды, - деп мәлімдеді Атамбаев.
Сөз соңында Алмазбек Атамбаев қырғызстандықтарға қарата «2010 жылғы блокаданы да көргенбіз, 2014 жылғы энергетикалық блокаданы да көрдік, бұл блокадан да өтерміз. Президенттер ерте ме, кеш пе - кетеді. Кейде олар өз еріктерімен кетеді, кейде халықтың еркімен кетеді, кейде Құдайдың еркімен кетеді. Ал халық қалады. Көршіні сыйлау керек, көршімен дос болу керек» деді. Ол мұнан соң шекарадағы жағдайдың Қырғызстан инфрақұрылымын дамыту қажет екенін көрсеткенін айтты.
Қазан айының 10-ынан кейін Қазақстан қазақ-қырғыз шекарасында тексеріс күрт күшейтіп, осының кесірінен өткізу пункттерінде жүк көліктерінің ұзақ-сонар кезегі пайда болған. Тауарларын Қазақстан шекарасынан өткізе алмаған кәсіпкерлер шығынға батқандарын мәлімдеген.
Қазанның 25-нде Қазақстан үкіметі Қырғызстанның Қытайдан жасырын тауар өткізетінін мәлімдеп, шекарадағы әрекетін контрабандаға қарсы күрес ретінде көрсеткен. Қырғызстан үкіметі Қытайдан рәсімделмеген тауарлар таситынын теріске шығарып отыр.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы дау әлі түбегейлі шешілген жоқ. Атамбаевтың "кешірім сұрамайтыны" туралы кейінгі мәлімдемесіне әзірге Қазақстан тарапынан қандай да бір ресми реакция білінбейді.
Пікір қалдыру