Шоқан Уәлихановтың Қашғарға шеккен сапарына қарағанда біздікі қазақ атамыз айтқандай, мысыр шәрі. Бала кезімізден аты таныс қаланы сөйтсе де басқаша елестеткенбіз. Бақсақ, осы заманның үрдісі, биік-биік үйлер, ағылған машина, ары-бері жүрген адам. Қазақ кәсіпкерлері мен өнерпаздары күнделік-ті ат басын бұратын бекеті, арқа-жарқа табысып, сағынышын басатын орынға айналғанының куәсі де болдық. Жергілікті Қазақбай, Талғат есімді жігіттердің кішіпейіл де елгезек қалыптары жағымды әсер бергеннен басқа, қонаққа қуанатын қазағуар ниеттерінің өзі неге тұрады. Осы жақта туып, Қазақстанның ән өнерінен ойып тұрып орын алған Тілеубек Қожанның бір-біріне деген алғаусыз бауырмалдығы да жүрек қозғамай қоймайды. Бұрынғы Кеңес Одағының консульдығы болған орыннан Ленин бюстінің тұрғанын көргенде өмірінің өзгешелеу кезеңімен кездескендей сезімге бөленесің. Өткеннің белгісіне тиіспеген мұндағы ұстаным, салт-сана жаңаша өріс алған қозғалысының екпіні ересен. Құлжа қаласының келбеті Шығыстан гөрі Еуропада жүргендей әсері болмағанмен жыртылып-айрылған қытай жұртының кейіптері, бір-біріне тіл қатқан дыбыстарының бәрі қытайша. Біздің ағайындар одан именбей емін-еркін тілдесіп, шүңкілдесіп сөйлесіп, жатырқамайтыны әрі таңырқатты, әрі қазақтың әмбебап қабілеті «аузы күйген үріп ішетіннің» кебін келтірмес пе екен деген үрей түртпектетті. Ақын Марфуға Айтқожа алдымен Үрімші қаласына соғып, содан кейін туған өлкесі Құлжаға келіп түсті. Аэропортқа жиылған жергілікті ағайындар арасынан жауапты қызметкерді де, әнші-күйші, ақын-жазушыны да кездестіруге болатын еді. Бірге өскен ақын тұрғыласы арнаған өлеңін оқып та жіберді. Белгілі деректі кино түсіргіш Қалила Омаров перзенті екеуі барлық көріністі бейне таспаға түсіріп жүрді. Келесі күні өтетін жыр кешіне дайындық осылай басталып, кездесудің шешімі кәдімгі көркем шығарма байламына бара-бар шықты. Алматыдан барған Еркін Шүкіманды жұртшылық ерекше жылы қабылдады. Бұл бауырымыз байқауымызша, классикалық өнерге қатты ден қойып, опералық арияларды орындауға өзінше құлшынып жүр екен. Әншілікті біз құдайдың сыйы деп емес, «тесік құлақ не істемейдіге» келетіндей көкейіне саз барса бітті әу деп ән шырқамайтын жұмыр басты пендені кездестіру қиындыққа айналып бара жатқан заман. Қазаққа танымал әнші бауырымыз, классикалық өнердің қас шебері Қабылаш Әбікейұлы ағасынан мән-жайды көп сұрағыштай беретінін аңғардық. София консерваториясын бітірген Қабылаш тыңдап болып, тым кеш қалғанын ескерткенде көңілге қарамайтын турашылдықты, шынын айтқанда, ауыр қабылдадық. Еркін батыр қазаққа Қайрат Байбосынов сықылды танылған жезтаңдай әнші, халық сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Мәскеу асып, Балқан тауға барған өкілдеріміздің айтқаны дұрыс та шығар. Кейде одағай көзқарас көңілге қаяу түсіретінін қалай жасырасың. Классикалық өнер жалпы адамзат мұрасы. Ал қазақтың ұлттық өнері өз жан дүниеміздің айнасы. «Азаулының Стамболдан несі кемді» мың мәрте мысалға алатын жағдай кездеседі. Орайы келіп тұрса, сүйсінбеске амалың кәне. Еуропа дүниесін таңсық көруден қалып, аса шебер орындаушы дәрежесіне көтерілген халықпыз. Енді әңгіме өнеріміздің қадіріне толық жету міндетін қалай сезінетінімізде жатыр. Кешті жүргізгендердің бірі Күн-бике Нұрқызы қытайша хабарлағанда таңдайы таңдайына жұқпады. Жергілікті ақын Жанатай Қабдыкерімұлы болмысы ширақ та өткір жігіт кештің сәнін әдемі кіргізді. Марфуға Айтқожа өлеңдерін жұртшылық шын жүрекпен тыңдап, орындарынан тік тұра қол соқты. Алғашқы білім алған орны Сталин атындағы орысша гимназиясында бірге оқыған құрбыларының есімдерін атады. Олар Мәдениет үйіне кеп, орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Сыры кетсе де сынын сақтаған кісілердің жүздерінде бала өсіріп, немере тәрбиелеген, шөбере көріп, әулет басшысы боп отырған қалыптарын танып үлгересің. Мәдениет Сарайына жиналған халық Алматы жұртшылығы ажарынан түк те айырмасы жоқтай. Сөйтсе де мұңды жүрекпен ғана сезінетін халді өткеріп тұрып, болашаққа еріксіз алаңдайсың. Ақын Марфуға Айтқожа өлеңдері көңіл-күйдің түрлі құбылыстарын байқатты. Жастық шақтағы бірге өскен құрбы-құрдастарымен қоса, осындағы атақты әулеттерден қалған ескі көз ұрпақтарының есімдерін атады. Осында жиырма жыл бұрын бір келіп кетіп, қауышқан тебіреністі сәттерін өлеңмен ортаға жайып салды. Ораш Тұрсынбайұлы, Тоқан Самағұлұлы, композитор Смағұл Бөденбайұлы, Айнұр Әбіламетқызы, Раушан Әбуқызы секілді көптеген әншілер Марфуға Айтқожаның шығарған әндерін орындады. Қытай еліне аты мәшһүр Манапқазы әншінің бітімі де тартымды. Құлжа қазақтары ұлттық ғұрыптан алыстамаған. Серілік салт-сананы жақсы көретін романтикалық сезім бойларында толымды сақтапты. Сол ерекшеліктерінен айрылмаса екен деп Алла Тағаладан жалбарынып тілеген тілегіміз осы.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.
"Қазақ әдебиеті"