ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекші Голливуд кинокомпанияларының продюсерлерімен ортақ жобалар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық мәдениет ведомствосы басшысымен кездесуге әлемдік киноөндірушілердің танымал продюсерлері – М. Хью (The Walt Disney Company), Л. Ульман (NBC Universal), Г. Ли (CBS), В. Мендоза (Paramount Pictures Corporation), М. Валбрехт (Warner Bros.), Д. Рой (HBO) жиналды. Қазақстан тарапынан сондай-ақ, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов және Кинематографиялық өнер мен ғылым академиясының президенті Айман Мұсақожаева қатысты. Бұл Қазақстанның мәдениет саласындағы уәкілетті орган басшылығының әлемнің озық кинокомпанияларымен алғашқы кездесуі.
Қазақстандық сыншылардың пікірінше, танымал Голливуд компаниясы басшылығымен кездесудің өзі сәттілік. Әлемнің ірі кинокомпанияларымен ынтымақтастық қазақстандық киноөндіріске әлемдік деңгейге шығып, елімізге инвестициялар мен шетелдік туристердің жаңа ағынын қамтамасыз етпек.
«Бүгінгі таңда кино тек өнер түрі ғана емес, сонымен қатар, экономика саласының анықтауышы. Мәселен, «Аватар» фильмі жарыққа шыққанда, түсірілімдер жүрген Жаңа Зеландияға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келе бастады. Кейбір мемлекеттер киноқызмет көрсетуді табыс көзіне айналдырған. Олар: Венгрия, Болгария, Канада сынды мемлекеттер, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр Канадада түсіріліп, басты рөлде Леонардо Ди Каприо ойнаған «Тірі қалған» фильмін мысалға келтірді. Мұхамедиұлының пікірінше, әлемдік деңгейдегі кинокомпаниялардың өкілдерін қазақстандық тараптың ұсыныстары қызықтырып отыр. Осы орайда нақты қадамдарға да қол жеткізілді.
Басты факторлардың бірі - Қазақстандағы киноиндустрия дамуының барлық қыр-сырларын қамтитын «Кино туралы заңның» қабылдануы болмақ.
«Маңызды аспектілердің бірі - Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен еліміздегі ұлтаралық келісім болып табылады. Бұл компаниялар өз интеллектуалдық және қаржылық мүмкідіктерін тек саяси тұрақты елдерге салатындары белгілі. Бұл орайда Қазақстан олар үшін өте қолайлы», - деді мәдениет және спорт министрі.
Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әлемге танымал ұжымдарды, атап айтқанда «Ла Скала» театрын шақырып, Пласидо Домингоның дүние жүзіндегі ең беделді «Опералия» халықаралық жас вокалистер байқауын өткізгендігімізді атап өтті. Қазақстанға есімдері әлемге мәшһүр әртістер мен музыканттардың келгендігі еліміздің әлемдегі абыройының өскендігін тағы бір дәлелдей түседі.
«Біздің мақсатымыз - Қазақстан киноиндустриясының әлемдік кеңістіктегі орны жоғары болуын қамтамасыз ету. Бұл Елбасы біздің алдымызға қойған атқарылуға тиісті маңызды тапсырма.
Біз америкалық көрермендерге «Анаға апарар жол» фильмін ұсындық. Оны бұл жерде үлкен қызығушылықпен қабылдады. Қазақстан киноөнері халықаралық кинофестивальдерде лайықты таныстырылып, жоғарғы марапатқа ие болғандығын қалаймыз» - деп қорытындылады министр Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі әлемнің жетекші кинокомпанияларымен киноөндіріс саласында ынтымақтастық туралы келіссөздер өткізген болатын. Лос-Анжелеске іссапар және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын таныстыру аясында Министрлік Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесе «Spirit of Great Steppe» шарасын өткізді. Бірнеше қазақстандық фильмдердің көрсетілімі, сондай-ақ ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева, Димаш Құдайберген және тағы басқа өнер жұлдыздарымен концерт берілді.