Шелегің тесілмесін, шешен қазақ!

/uploads/thumbnail/20170708161730076_small.jpg

Қазақ сөзінің қаймағы айтыс өнерінде ғана қалған еді. Енді оның да түбіне жетудің алғашқы қадамы жасалды... Ел-жұрттың ренішін ескеріп, қоя салар дегенбіз. Бірақ, қоятын түрі жоқ, кешеден бері «жалғастырамыз» деген «жаңалық» естіп жатырмыз.  Ал, басқа «өнер» деп жүргеніміздің жайы белгілі болатын. Жұлқыну, шыңғыру, селкілдеу, айғайлау, ыңырсу, ыңырану, шіңкілдеу,  шешіну, есіру, бет-ауыз тыржыңдату,  белді бұлтыңдату, қолды бұлғақтату. Ойсыз ойын мен сөлсіз сөзден ығырымыз шығып жүргенде тағы бір тұнығымыз лайланды. Бабадан қалған қасиетті айтыс қорланды, сәл бұрын Жүрсін мен Бекболаттың «мәселесіне» бас ауыртатын едік, міне, алдымызда басқа «сый» күтіп тұрыпты. Бұрын Қанаттың қылжағына қарық болып жүрген жұрттың не айтатынын білмеймін, айтыс тыңдап жүрген ағайынға оңай тиген жоқ. Өз басым осы жолы бір нәрсеге таңғалдым, Жүрсін Ерман сыртынан анау-мынау сөз айтатын емес, әкемдей адам, қазақ айтысын көтеріп жүрген қара нар. Әділ-қазылардың арасындағы Бекболат Тілеухан қара сөзің қасиеті дарыған талант.  Мұхамеджан болса бір өзі бүгінгі айтыстан оза шапқан жүйрік, қалғандары да қаражаяу емес, тәп-тәуір азаматтар. Бірақ, бірінің аузына салмақты уәж, сәлиқалы сөз түспеді. Есесіне, артық айтуға ауыз бармай отыр,  жұртпен бірге жырқылдаумен болды.    Енді осылай айтыстың айнасындай болған ағалардан көргеніміз осы болса, басқа кімнен асқанды тосатын сөз күтеміз. Әйтеуір әлеуметтік желідегі ағайынға риза болдық, аз да болса қоғамдық пікір туғызды. Арасында ұйымдастырушыларға бейпіл сөз бағыттағандар да болды, оларды толықтай түсінеміз деуге хақымыз бар. Өйткені,  айтыс – әрқайсымызға атамыздан қалған мұра. Біздің айтарымыз –  абырой жинаған шелегінің түбі тесілейін деп жүрген ағаларымыз абайласа екен...

Тұмар Бейсенхан

Қатысты Мақалалар