Медициналық қызметтерге тапсырыстарды орналастыру биыл алғаш рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде өткізіліп жатыр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Медициналық көмектің қолжетімділік қағидасын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау мекемелері арасында бәсекелестікті дамыту үшін, меншік түрлері тәуелділігінен тыс, бірыңғай қызмет көрсетушілер базасы қалыптастырылды.
Елімізде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 1600 астам денсаулық сақтау нысаны өтінім білдірді. Оның 45 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар.
- МӘМС және Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде мемлекеттік клиникаларға да, жеке меншік ауруханалар мен емханаларға да теңдей жағдайдың жасалуы өз нәтижесін әкеліп жатыр. Астана қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша 73 денсаулық сақтау субъектісі құжаттарын тапсырды. Олардың 36- мемлекеттік, 37 – жеке меншік медициналық ұйымдар мен орталықтар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен екі есе көп, - дейді Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» КЕАҚ филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Бұл деректерге сүйене отырып, жеке меншік клиникалар Қордың бастамасын қолдап, медициналық қызметтерді орналастыруға құжат өткізу жұмыстарына белсенді түрде қатысып жатыр деуге болады. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет процеске ірі-ірі жеке меншік компаниялар қатысып отыр.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне бөлінген бюджеттік қаражат стационарлар, емханалар, және де қызметтің жекелеген түрлерін көрсететін қосымша атқарушылар арасында бөлінетін болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Ерік Байжүнісовтің айтуы бойынша, МСҚ барлық түскен өтініштерді желтоқсан айының ортасына дейін сараптайды. Медицина ұйымдарын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау жоспарланып отыр. Олардың арасында кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар т.б. көрсеткіштер бар.
- Сараптама нәтижесінде қандай медицина ұйымдарының тиісті деңгейде қызмет көрсете алатынын, қайсыларының оған шамасы жетпейтінін анықтауға болады. Іріктеуден өтпеген субъектілерімен МСҚ келісімшарт бекітпейді, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Ерік Байжүнісов.
Денсаулық сақтау жүйесі реформасының аясындағы Қордың басты мақсаты – тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қаматамасыз ету. Сондықтан республикалық және аймақтық комиссиялар әрбір өтінішті мұқият қарастырады. Комиссиялардың құрамына мемлекеттік емес ұйымдар, беделді эксперттер және басқа да уәкілетті тұлғалар кірді.
Пікір қалдыру