Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. ЖЫР ТҰЛПАРЫ -СЫРАҒАҢ

/uploads/thumbnail/20170708162324734_small.jpg

Менің Сарағаңды алғаш көруім 1958 жылдың шамасы, біздің үй ол кезде 15-ауыл дейтін Түйемойнақта еді. Шілде айында Сырағаң қасында Қайнекей Жармағанбетов, полковник Мырзағали Жангелов және басқа да құрбылары бар осы Түйемойнаққа келді. Сырағаңның туыстарының мерейі көтеріліп, бірнеші күн арқа-жарқа болды. Қонақтар осы тұстан Тосынды қақ жарып өтетін Торғай өзеніне шомылуға барғанда осы ауылдың қарасирақ балалары (ішімізде болашақ ақындар ақындар Кеңшілік пен Серікте бар-тын) шұбырып соңдарынан қалмаушы едік. "Алматыдан келген ақындар" дегесін олар бізге аспаннан түскен періштедей көрінуші еді. Таңданып, қайран қалатынбыз. Сырағаңның қасында үнемі туыстары, әрі ағалары Мырзалы Өтелбаев, Ғалым Сомтеміров, нағашысы Шүкірбай Божықанов, жиені Қапсұлтан Мәженов үнемі қалмай жүретін.Олардың бәрі әзілқой, өткір тілді шешен еді. Осы күнге дейін ел арасында айтылып жүрген марқұм Қапсұлтанның: "соғысты көрмеген аюлар, бір оқпен қырыласыңдар, бытырай қашыңдар" деген сөзі сол күндерден қалған.

Сырағаңның туған жері туралы жұртшылық арасында қайшы пікірлер көп. Сырағаңның тегі арғын, Көшейдің балаларының бірі-аюдан тарайды. Оның ішіндегі Аққозысы, Торғайдағы жиырмасыншы жылдардағы дүрбелең кезінде Мәулен атамыз Қызылордаға қарай көтеріле көшуіне себеп болса керек. Сол кезде 1922 жылы Қызылжыңғыл деген жерде Сыр бойында туған екен. Мәулен атамыз үй ішіне бір жанның басын қосып, келесі жылы Торғайға қайта оралған екен.

                            ...Торғай сенде қалдырдым ащы мұңды,

                           Ауыр кезде көзіме жас тығылды

                          Жаңа келіп дүниеге жалт қараған,

                          Торғай сенде қалдырдым жас күнімді - деген жолдарды Сырағаң осы Торғайда өткен жастық шағына арнаған. Сырағаңның арғы атасы Тай ірі адам болған деседі. Тәшкеннің базарында көрген бір өзбек: "Қазақтың тайы мынандай, дөнені қандай болады екен" деп таң қалған екен. Осы әңгіме 1972 жылы Сәбит Мұқанов Сырағаңның 50 жылдық мерей тойына келгенде Торғай өзенінің жағасында "Ақындар түбегі" аталған жерде отырып айтқанын естіген едік. С. Мұқанов бұл әңгімені "Социалистік Қазақстан" газетінің 1972 жылғы тамыз айындағы нөмірінде толықтырып жазды.

Сырағаңды ақындардың ішіндегі ірі түлғалысы деп әбден айтуға болады. Толқыған бұйра шашы, өлең оқығандағы зор даусы кез-келген залды күңіреніп жібергендей. Жетпісінші жылдардың басында Сырағаңа сәлем берейін деп Жазушылар Одағына барғанымда (ол кезде Сырағаң "Жұлдыз" журналының бас редакторы-тын) одақтың екінші қабатында Сырағаң қасында, Әди Шәріпов тағы да басқа қазақ әдебиетінің мар қасқалары тұр екен. Сырағаң бір тұздықты әңгіме айтып жатса керек, бәрі оның әңгімесін бастарын шұлғып, аса ықыласпен тыңдап тұрды. Осы сәтте қолтығынан бір қыз бала сүйеп Бауыржан Момышұлы көтеріліп келе жатты. Жазушылардың қатарына қосыла бере әуелі Сырағаңның қолын алды. Баукеңнің сондағы бір сөзі әлі есімде ол: "Мен әуелі "медведпен амандасамын" дегені.Баукең бұл сөзді екі үш мағынамен айтып тұр еді.Біріншіден, Сырағаңның руы аю, екіншіден, Сырағаң мығым, ірі денелі, үшіншіден, гүрілдеп сөйлейтін.

Иә, Сырағаңды өзім білетін 20-30 жылдың ішінде байқағаным, ол қазақ әдебиетінің небір заңғар түлғаларымен араласқан, дос болған, олар да Сырағаңды сыйлаған, құрметтеген. Алматыға ауысқан елуінші жылдардың бас кезінен бастап Сырағаң Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Ілияс Омаров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Жұбан Молдағалиев сияқты қазақ әдебиетінің үлкен қайраткерлерімен қоян-қолтық араласқан. Әсіресе Қасым Аманжоловпен сырлас, сыйлас дос болған. Қасым Аманжолов қатты сырқаттанып жүргенде Сырағаңмен сөз байласып, құда болысқан екен. Қасым ағанаң ардақты жары Сәпен апай осы уәденің орындалуына кейін себеп болды. Қасымның үлкен қызы Жаннамен Сырағаңның тұңғышы Дүйсеннің бірін-бірі сүйіп қосылды.

Менің Алматыға алғаш барғаным 1963 жылы еді. Ол кезде Сырағаңның қырықтан енді асқан кезі еді. «Жұлдыз» журналының бас редакторлығына бекіп, ақындығының дүрілдеп тұрған шағы. Олай дейтінім ақынның «Жапырақтар жанады» дейтін бір томдық өлеңдер жинағы баспадан шығып, қазақ поэзиясын жаңа бір биікке көтеріп, өлең сүйер қауымды тың леппен серпілтіп тастаған кезі-тұғын. Осы кітапта жарияланған «Ақ түн» өлеңі Сырбай поэзиясының айрықша ерекшілігін таныта тұра, қазақ өлең жанрына жаңа түр, жаңалық ала келгенін паш етті. Алғаш рет Ғабит Мүсірепов Сырағаңның өз аузынан тыңдап, бірінші рет Әбдіжамал Нұрпейісов (журналдың бас редакторы еді) «Жұлдызға» басып шығарған, Шыңғыс Айтматов ерекше ықыласпен тыңдап, қырғызша аудартқан атақты «Ақ түн» былай басталатын:

                               Ақ түн, ақ түн

                               Алып бір ақ сауыт,

                               Ақбоз аттың

                               Жалындай ақша бұлт,

                            Ақ түн - ақ гүл

                             Айнала тұтасқан,

                               Төгілмей шақ тұр

                             Ақ мұхит, ақ аспан.

                             Ақ түн - ақ жалын

                              Ақ түстер жаймасы,

                             Дүниенің пәк жанын.

                               Түсірген

                             Ақтүн-

                             Рентген айнасы.

"Жапырақтар жанады" атты кітабында жарияланған осы өлеңді оқи бергің, қайталап оқи бергің келеді. Өлеңнің бұрын кездестірмеген жаңа түрі. Сонда да тосырқамай оқитынбыз. Жүрекке жылы, әдемі. Мұндай өлеңдер бұл жинақта көп еді. Соның бірі:

                             Сен мені ойладың ба,

                            Түсімде көрдім.

                             Тобылдың қойнауында,

                               Тобылғы ішінде көрдім.... деп басталатын өлеңді ақындар Кеңшілік пен Серік, мәтел сияқты жиі қайталауды жақсы көретін. Осы өлеңі ырғақтарының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігіне, өлең жолдарының музыкалық үндестігіне таңданатын, сүйсінетін олар.

Сырағаңның творчествосының белгілі бір тобы соғыс тақырыбына арналған, ол заңды да. Өйткені жастық шағының елеулі бір кезеңнің ұрыс даласында өткізген майдангер ақын жүрегінің лүпілі ақ қағазға түсірілген өлең жолдарына айналуы табиғи құбылыс. Бүкіл адамзатқа зардап шеккізген Ұлы Отан соғысына арналған Сырағаңның өлеңдерін оқып отырып, толғанысын, күйінесің, күрсінесің. Сырағаңның поэзиясы соғыс құрбандарына мәңгі тұрғызған ескерткіш тәрізді. Сырағаңның өлеңдері сондықтан көздің ұясынан жаңа шығып, жерге тамбай мәңгі қата қалған көз жасының бір түйір мөлдір тамшысы сияқты әсер қалдырады қашанда.

"Түбірлер" деген өлеңінің тууы да қызық. Мұның жазылуына да бір оқиға себеп болды. «Мен көп жылдан соң үй ішіммен бір кезде қан төккен Волхов орманына бардым. Өткен күндер есіме түсіп көз алдым тұманданып кетті. Айнала баяғы батпақ. Сол батпақты терең етіп қазып, сол баптақтын ішінде түнедік. Сол батпақты жау оғына қалқан қып тосып, қорған еттік. Енді сол батпақтан соғыс кезіндегі соқпағымды іздеп, ерсілі-қарсылы жүрдім. Әр жерде бір кесіліп қалған түбірлер кездеседі. Маған олар қол-аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған солдаттар секілді елестеді. Содан барып "Түбірлер" деген өлең кеудемде күбірледі",- деп жазады ақын. Міне, сол атақты "Түбірлер".

                                 Көрінеді

                                 Орманнан

                                 Түбірлер

                                 Айырылған

                                 Аяқ қолдарынан

                                 Түбірлер,

                                 Мүгедек солдат секілді

                                 Түбірлер,

                                   Оқ жұлғандай етімді

                                  Жүрегім тулап дүбірлер,

                                   Кезеріп ернім күбірлер,

                                   Соғыс не?!

                                   Менен біліңдер,- деп тұрғандай түбірлер - деп аяқталатын өлең барлығы 15 жолдан тұрады. Бірақ оқырманға беретін әсері күшті. Өлеңнің сиқыры осында еді.

Сырбай Мәуленовтың туғанына шағын мақалада оның шығармашылығын шолып өту мүмкін емес. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты халық жазушысы, ақын Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы туралы ақындар Ж.Молдағалиев, С.Мұқанов, Д.Әбілов, жоғары бағалап көптеген мақалалар жариялады. Сыншылар М.Қаратаев, С.Қирабаев, зерттеу еңбектерін жазды. Соның ішінде1985 жылы Қазақстан "Ғылым" баспасынан шыққан жазушы Әди Шәріповтың "Сырбай Мәуленов творчествосы" деген ғылыми еңбегі ғылыми терең зерделенуімен құнды. Осы еңбекте Әди Шәріпов Сырбай Мәуленовтің поэзиасына кеңінен зерттеу жүргізген. Ақынның шығармашылығы жан-жақты талқыланған. Сол сияқты белгілі ақын Ғали Орманов Сырағаң туралы төмендегідей орынды пікір айтқан екен: " Сырбай өлең өнерінің шебер ұстасы. Оның қаламы жан дүниеңді жарылқап, әлдилей де біледі. Өткірдің жүзі, кестенің бізі сала алмас сұлу суреттерді көз алдыңа әкеле біледі. Оның қаламы адам бейнесін, табиғат көркін, тамылжыта толғауға сонша шебер". Әділ айтылған баға.

1983 жылы Сырағаң Күнжамал жеңгеміз екеуі Алматы дан Арқалыққа келіп түсті де, маған хабарласты. Біздің үйден дәм - тұз татты да, Торғайға бет алып, жолға шықтық. Сырағаң мені ұзақ жолға бірінші алып шыққаны. Бұл жолы жанында менен басқа ақын-жазушы Сейіт Кенжеахметов те бар-тын. Сырағаңның ауыз екі әңгіменің шебері екеніне осы жолы көзім жетті. Әдебиет туралы, орыс және шетел ақын-жазушылары туралы бұған дейін біз біле бермейтін деректерді әңгімелегенде мейіріміз қанғанша тыңдадық. Әзіл, күлдіргі әңгімелердің де майын тамызады екен. Күнжамал жеңгеміз, Сейіт үшеуіміз шегіміз қатқанша күлдік.

Сырағаң бұған дейін мен үшін әзіл-сықақтың құдайындай көретін Сейіт ағамыздың аузын аштырмағанына таңдандым да, тамсандым. Ұзақ жол бойы әңгіме айтқан Сырағаң ғана болды. Жерлесіміз ұлы Ахмет Байтұрсынов туралы да бірнеше қызық деректерді Сырағаңнан осы жолы алғаш естідік. Ол А.Байтұрсыновтың күйшілік өнерін, ән жазғанын да айтып отырды. Ахмет жазған әндерді біреулер қанжығасын байлап жүргенін өкінішпен айтқан еді. Бұл А.Байтұрсыновтың атын атауға екінің бірі тайсақтайтын жылдар-тын.

Күн ұясына қона Торғай қаласына жеттік. Сырағаң жақында ғана қапыда айырылған досы, туысы, әрі ағасы Мырзалы Өтелбаевтың үйіне ат басын тіреді. Мырзекеңнің жетісін беріп жатыр екен. Үйде Ахметқан Әбіқаев және басқа да үлкен кісілер болды.

Сырағаңның Алматыдан шыққанынан хабардар ел күтулі екен. Әп-сәтте туыстар жиналып қалды. Мырзекең туралы көп жақсы сөздер айтылды. Қайран марқұм Мырзекең Сырағаңмен араларынан қыл өтпейтін дос еді. Сырағаңның Мырзалы Өтелбаевтың рухына арналған "Қайран бауыр" өлеңі былайша басталатын:

                                 Оралмас кеттің сапарға,

                                 Аяулым менің Мырзалым.

                                 Өзгерте алар

                                 Бұл өмірдің кім заңын,

                                 Бірге өтті біздің

                                 Талай қыс

                                 Талай күзіміз

                                Құмдарда қалды

                                 Қүлыншақ күнгі ізіміз.

                                Тіріңде барып

                                 Көңіліңді сұрадым.

                                 Көрсетпей жасты

                                  Елжіреп іштей жыладым...

Үзіндісі беріліп отырған осы өлеңді оқып отырып мен де өксігімді көпке дейін тия алмадым. Кеш жаттық. Одан кейін атақты жыршы, термеші, ақын, ауыз екі әңгіменің майталман шебері Ахметхан ағамыз Сырағаңа арнап әңгіме айтып жатты. Сондағы Ахаңның әзілдеп айтатыны ғой: "Мен Сырбайды сағындым, Сырбай менің әңгімемді сағынады" деп. Айтқандай Сырағаң Ахаңның әңгімесін тындап таң атқанша көз ілмеген екен. Сонда да шаршағанын басқаларға байқатпай азаннан тұрып, Нұрхан Ахметбековтің үйіне барып Нәзира жеңгейге сәлемдесіп шықты. Бұл күні Нұрхан Ахметбековтің музейі ашылып, Торғайдың топ жарған атақты ақынының 80 жылдық мерей тойы тойланатын күн еді. Сағат ондар шамасында қалың ел жиналып, Нұрхан музейі салтанатпен ашылды. Музейдің іші жақсы жабдықталған екен. Оны аралап толқыған Сырағаң ауданның сол кездегі атқару комитетінің председателі Жақан Қосабаевқа музейге, Нұрағаңның тойының жақсы өтуіне жасаған қамқорлығы үшін алғысын айтып жатты. Сол күні үлкен той болды, ат жарысы болды. Ән-күй мерекесі болды. Сөйтіп, Нурхан дәстүрі жалғасын жарасымын тапты. Кешқұрым Сырағаң Нұрхан музейі алдында ойланып, біраз жүріп алды. Бәлкім көз алдына Нүрекеңмен жүрген күндер, таңмен таңды жалғастырған түндер есіне түскен шығар. Араларына жас айырмашылықтары болса да екі қаламгердің достықтарында, сыйластықтарында қылау жоқ еді-ау. Өзара әзілдері қандай еді, ел арасында аңыз боп тарап кеткен. Бәлкім Сырағаңның есіне Нұрағаңның қызығын көре алмай кеткен Тұңғышбайы түскен шығар?! Соғыстан жаралы қайтқан Тұңғышбай Қостанайдың госпиталінде қайтыс болды. Оның ақын болып туған азамат екенін Сырағаң сонда байқаған. Тағдырдың жазмышы солай болып, Сырағаң Тұңғышбайды өз қолымен қойды. Бәлкім Сырағаңның есіне Торғайдың сырбаз азаматтарының бірі Нұрекеңнің Мәлікзадасы түскен шығар? Ол да жанып тұрған ақын еді. Айтыскер еді. Сырағаң көп ойланды. Көп нәрсені ой елегінен өткізгендей.

Музейіңнен естілгендей

Күмбірлеп күй, ән-думан.

«Сырбайым келіп қалдың ба?!»- деп

Шығатындайсың алдымнан,- деп аяқталатын «Нұрхан мезейінде» өлеңі сол кезде туған-ды.

Сырағаң Торғай топырағының қасиетіне разы. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлылар, Әбіқай, Нұрхан, Қайнекей сияқты топжарған ақындар туған ғой. Артына қараса да ізін басқан дарынды інілер баршылық екен. Ғафу, Төлен, Қоғабай, Қойшығара, Кеңшілік, Серік, Серікбай. Сырағаң осыған да тәуба дегендей еңсесі көтеріліп Нұрхан шаңырағына қарай бет алды.

Әңгіменің өзегі болып отырған Сырағаң қазақтың заңғар ақыны. Серік Тұрғынбеков пен Жарасқан Әбдірашев: «Сырағаң бүгінгінің классигі ғой» деп ауыздарынан тастамай айтып жүргендерінің талай куәсі болдым. Сырағаң алдымен ақын. Қазақ әдебиетінің алып тұлғасы. Дегенмен Сырағаң туралы осы шағын мақалада оның журналистикаға қырық жылдан астам сіңірген еңбегі туралы бірер сөз айта кетуде жөн. Сырағаң журналистикадағы алғашқы еңбек жолын Қостанайдың облыстық «Коммунизм таңы» газетінен бастаған. Көп жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерінде, Жазушылар одағының хатшысы болды. Сырағаң журналистикада публицистикалық туындыларымен оқырманды тамсандыратын. Тілі шұрайлы, кез-келген мақаласы көркем әңгіме деңгейіне көтеріліп тұратын. Бірде Кеңшілік марқұм «Қазақ әдебиетінің» жылдық қорытындысы бойынша шопан туралы жазған бір очеркіне арнаулы бәйге алып шыққанда: «Ұстазым Сырағаң ғой» деп мақтанған еді. Сол айтқандай публицистика саласындағы Сырағаңның баспадан кітап болып шыққан еңбектері журналистика, әдебиет тарихында өзіндік ізін қалдырды.

Альбомындағы фотосуреттерді қарап отырып, 1972 жылы Сырағаңның 50 жылдық мереке тойында өзім түсірген суреттері көзіме оттай басылды. Бұл тойға арнайы келген қазақ әдебиетінің классиктері, жазушылар, ақындар Сәбит Мұқанов, Мұхаметжан Қаратаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков. Сырағаңның 50 жылдығына арналған мерей тойы Арқалық қаласында , Арқалық ауданында, Амангелді және Жангелдин аудандарында кереметтей атқарылған еді. Содан бері де қырық жыл зымырап өте шыққан екен...

Дархан мінезді дарын

1963-ші жылы Алматыға бардым. Жолға шығар алдында Сырағаңнан тұратын мекен-жайын жазып алғанмын. Поездан түсе сала, такси ұстап, қалтамдағы бір жапырақ қағазға жазылған Масанчы көшесіндегі №58 үйді іздеп барсам, біреу: «Бұл - әртістің үйі» дегесін, «әртістің үйінде жазушы неғып тұрсын» деген бір ой жылт ете қалды да, Сырағаңның үйін күні бойы басқа жақтан іздей беріппін. Ертеңіне кездейсоқ көшеде журналист Сабыржан Шүкіров кездесе қалмағанда, ағамыздың үйін іздеп тағы біраз іздеп сабылар ма едім, кім білсін. Сәкең іздеген үйімді лезде тауып берді. Үңіліңкіреп қарасам, кеше өзім келіп кеткен «әртістер үйі». Үйдің олай аталатын себебі, мұнда Мүлік Сүртібаев, Сауат Әбусейітов сияқты айтулы әртістер, белгілі кинорежиссерлер тұрады екен. Атақты суретші М.Кенбаев, ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің зайыбы Күнжамал шешей де балаларымен осы үйде тұрды. Ол кісілермен амандасып, тілдесіп жүрген кездерім де болды.

Іздеген 58-ші пәтерім осы үйдің екінші қабатында болып шықты. Онда Сырағаңның анасы Алмагүл әжей, ақынның үлкен ұлы Дүйсен жары Жаннамен, екінші ұлы Жеңіс тұрады екен.   "Торғайдағы Әнестің баласымын" дегесін, бәрі жатырқамай қарсы алды. Сырағаңның бұл үйден Интернациональный көшесіндегі 129-шы үйге көшкеніне бір жылдай уақыт болып қалған екен. Бұл көше қазір Сырбай Мәуленов көшесі деп аталады. Қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған.

Сырағаңның үйінде содан біраз уақыт болып, ауылға қайтып оралдым. Ол кезде мен небары он бес жаста едім.

1965 жылы мектеп бітіргесін, Алматыға қайта бардым. Содан 1970 жылға дейін Алмагүл әжеміз бен Дүйсен ағаның қарауында болдым. Соңғы жылдары Алмагүл әжеміз екеуміз әскери училищенің жанындағы екі қатарлы Сырағаңның саяжайында тұрдық. Алмагүл әжеміз ол кезде алпыстың сыртына шыққан еді. Аққұба өңді, қызыл шырайлы, әдемі кісі болатын. Ол кісідей дархан мінезді кішіпейіл адам өте сирек кездесер еді.

"- Тек қана ақын адамды дүниеге әкелу үшін жаратылған пенде дерсіз... Бүкіл Торғай елін табындырған Тоқал ене де осындай-ақ болған шығар деп ойладым мен іштей" деп, жазады белгілі ақын Хамит Ерғалиев. Сырағаңның анасы Алмагүл әжеміз туралы. "Алып анадан туады" деген, Сырағаң да мінезге бай адам еді.

Сырағаңның саяжайында тұрған жылдары шынымды айтсам, жастықтың кесіріме, бірнеше рет өрескел іс-әрекет жасап қойған кездерімде болды. Оны талай естіп жүрседе, Сырағаңның маған бірде-бір зілді сөз айтып, ұрысқанын естімедім.

Қайта бірнеше рет тойға ерте барғаны, бірде Мұзафар Әлімбаев, Шота Уәлиханов, Қоғабай Сәрсекеев, ғалымдар Сайлау Байзақов тәрізді қазақтың белгілі зиялылармен бірге отырғызып, олардың алдында мені құрметтеп сөз бергені мәңгі естен кетер ме?

Біз Сырағаң бейнесін әрқашан осындай биік тұлғасымен елестетеміз. Заманымыздың ұлы ақындарының бірі Сырбай Мәуленовтың жанында жүргеніміз қаншалықты мақтаныш болса, оның қайталанбас шығармашылығын, аңыз болған өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету бізге соншалықты парыз.

Қолтаңба

Сырағаңның алдында болған, қасында жүрген отыз шақты жылдың ішінде аяулы ағамызға небәрі үш-төрт кітапқа ғана қолтаңба жазғызып алыппын. Оларды қайталап оқыған сайын көңілім босайды.

"Ардақты інім Жұматқа! Өнерің өрге жүзсін, ұзақ болсын, келін-балалар бақытты болсын. Сырбай. 24.Х.83 жыл" деп жазыпты сол жылы "Жазушы баспасынан шыққан үш томдық шығармалар жинағының біріне. Бұл қолтаңбаны Сырағаң Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтың 80 жылдық мерей тойына келген жолы жазып беріп еді. Осы қолтаңба жазушы Сейіт Кенжеахметовпен бірге Сырағаңа ілесіп, ақын Н.Ахметбековтың қатысқанымызды, от ауызды, орақ тілді әңгімеші, ақын Ахметхан Әбіқаевпен бірге болған сәттерімізді еске түсіреді.

Екінші бір қолтаңбасын жазушы ғалым Әди Шәріповтың "Сырбай Мәуленов творчествосы" деген кітабына былай жазып берген: "Ақкөңілді, пәкжанды, аяулы бауырым Жұматқа! Сырбайдан. 11.Х.87 жыл"

Сырағаңның қаламынан бостекі сөз туындамайтынын біле түра, осы өзіме берілген қолтаңбаға кезінде онша мән бере қоймаған едім. Жылдар өткен сайын осы бірер сөздің мен үшін сан сыры, зор мағынасы бардай тәрізді. Бүгінде Сырағамның қолтаңбасын тұмардай көріп жүрмін. Ол мені жамандықтан арашалап, жақсылыққа жетелеп жүргендей.

Бір өкінішім бар. Сырағаңның қасында жүрген кездерінде айтқан сөздерінің бәрін не қағазға түсірмеппін, не жадымда ұстамаппын. Дүлдүл ақынның айтқан сөздерінің асыл екенін кезінде аңғара алмаппын.

Сырағаң мен білетін ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үш рет қана маған хат жазыпты. Бірінде үлкен конвертпен фотосуреттерін, қолжазбаларын, кейбір газеттерде жарияланған өлеңдерін, құрмет қағаздарын жіберіп, оларды облыстық өлкетану мұражайына апарып тапсыруымды сұраған екен.

Мен оларды жедел мұражай меңгерушісіне апарып бердім. Ол оны мұрағатқа апарып еңгізе салды. Оның әдебиетке, өнерге, тарихқа деген салқынқандылығы сол жерде жүрегімді мұздатқандай болды. Арқалық өлкетану мұражайына ілінген бір суреті мен қысқа деректен басқа әлі күнге дейін, оған арналған стенд, экспозиция жоқтығы өкініш тудырады.

Тарихымызды, әдебиетімізді, өнерімізді құрметтейік деп жар салғанда кейде алдымызға жан салмаймыз. Осының бәрі біздің істен гөрі ұраншылдыққа бейім екенімізді еске салады.

Сырағаң көз жұмғаннан бері оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін елінде біраз игі жұмыстар атқарылды.

Алматыда,Аманкелді, Жанкелдин аудандарында, Қостанай мен Арқалықта мектептер мен кешелерге оның есімі берілді. Тек сол көңілге медет.

Алтын сағат

Жерлесіміз, әрі замандасым ақын Серікбай Оспанов "Сырағаң алыс сапардан оралған сайын базарлық әкеліп беруші еді,- деді бірде ақын ағасының жақсылықтарын ерекше ілтипатпен еске ала отырып. -Үйде ол кісінің берген галстуктері, автоқаламдарының жиынтығы жетіп жығылады- деп және мақтанған. «Сырағаң басқаны қайдам осы тәбәріктерді сонау Мәскеуге, Ригаға, Вильнюске, Киевке, Бакуге барғанда алып келген" деп бір қойған.

Сырағаңның осындай базарлық бергіштігі аса бір жылылықпен еске түседі. Үлкен-кіші демей елеп, аз-мұз болса да бір нәрсе бергенді жақсы көруші еді. Жақсының жақсылығы артынан да осылайша қалмаса керек. Өз басым Сырағаңның осындай нарттығын жиі көргендіктен, мына бір жай еске түсіп, оқушыма жеткізгім келеді.

1988 жылы бір топ заңғайыр ақын-жазушылар - Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Сырағаң, тағы басқалар бар осы Арқалық арқылы халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың туған жері Ақкөлге барып оралды. Арқалықта ол кезде "Қонаев резиденциясы" деп аталатын тек қана құрметті қонақтарды қабылдайтын қонақ үй болатын. Сырағаң сонда деп естіп, әдейі бардым. Бұл кезде ағамыздың сырқаттанып жүрген кезі еді. Жол ауырлығын көтере алмай жатыр екен.

- Ағаң бұрынғыдай емес, жол жүргенді ауырлайтын болып жүр, -деді Күлжамал жеңгеміз. Дәмнің дайын екенін айтып үйге шақырдым.

Сөйтіп, Сырағаңмен сәлемдесуге келген жергілікті ақын Байдақ Молдашев бар, үйге алып келдім.

Сырағаң осы жолы "Ақкөлден тәбәрік" деп маған алтын сағат сыйлады. Ұлы Ахаңның елінен маған бұйырып, сыйға тартылып ол сағат өмірі бұралмайтын, қолға тағып, қозғалса болды, өздігінен жүре беретін қасиетін кейде Сырағаңның өлеңдеріне ұқсатамын да тұрамын.

Шіркін, Сырағаңның өлеңдері қайта оқыған сайын түрленіп, жаңғыра, мағынасы тереңдей түседі емес пе!

Аңыздар көп

Аспан жайлы,

Тастар жайлы,

Жазықсыз аққан жастар жайлы.

Аңыздар көп,

Аспанның қызы жайлы,

Аңыздар көп,

Асқардың күзі жайлы.

Жер үсті.

Жерасты,

Толған аңыз,

Сол аңыздың айтылар шақтары бар.

Сол аңыздарда

Ата сақалының ақтары бар.

Мерт болған даланың аттары бар.

Жер ананың әжім-әжім қатпары бар.

Иә, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Сырбай Мәуленов тәрізді ұлы тұлғаның өмірі де өлеңдеріндегі тәрізді аңыз болып қала береді.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, әдебиеттанушы

Қатысты Мақалалар