Оқымағанның кесірі-ау. Заман көшінен ылғи қалам да жүрем. Кез келген жаңалық, кез келген өсек мені айналып өтіп кетеді. Кейде бір ұйқы кешігіп жатқанда әйелімнен әлдене естіп қалам. Оның өзін қазбалап сұрап алуға ми құрғыр аса жете бермейді.
Ерте жарықта ауылға барып, соғым сойып келейік деп, жан-жарымды, екі ұл, бір қызымды алып жолға шықтым. Қаладан ұзап шықпай-ақ МАИ қызметкері тоқтатты. Неден сасам? Құжат тастай. - Жүргізуші куәлігіңіз! - Міне! - Техпаспорт! - Міне! - Сақтандыру... - Міне! Сөзін аяқтатпай тақ, тақ етіп тұрмын. Тағы да сұрай түссе екен деп. - Көлікте кімдер бар? Болмайтын жерде жын қысатыны бар. Сол құрғыр пайда бола кетіп: - Көңілдесім бар. Демалып қайтайық деп сол... - Рас па? - Рас! - Онда сізге айыппұл жазамыз. Бері жүріңіз. - Е, не үшін? Жол ережесін бұздым ба? Біреуді қағып кеттім бе? - Сіз не? Жаңа заңды білмейсіз бе? Заң бойынша, көңілдесімен қолға түскен көлік жүргізуші он бір мың екі жүз қырық бір теңге тоғыз тиын төлейді. - Ал, өз әйелімен келе жатса ше? - Онда төлемейді. - Бастық мырза, мен өз әйеліммен келе жатырмын. - Өтірік айтпаңыз, сіз көңілдесіңізбен келе жатсыз. - Сізге жәй қалжыңдағам. Рас, өз әйеліммен келе жатырмын. - Қалжыңдасатындай мен сіздің құрасыңызбын ба, жездеңізбін бе? - Жоқ, енді... Көлікте кім бар деген соң... нетіп... әзілдеп... - Мемлекеттік қызметкерді әжуалағаныңыз үшін жауап бересіз. Жүріңіз бері. Құжат толтырамыз. - Ауылға асығып бара жатыр едік. Іште кішкентай бала бар дегендей. Тоңып қалатын болды. Бір жолға жібере салыңызшы. - А, көлігіңізде жас бала да бар ма? - Иә, иә, бір емес үш бала бар. Жол ұзақ. Жүре берейінші. - Балаларыңыз нешеде? - Үлкені алтыда, ортаншысы төртте, кішісі екіге енді келді, басеке... - Олар қайда отыр? - Көлікте ғой, басеке. Көлікте отыр... - Көлікте отырғанын өзім де білем. Автокреслода ма деймін? - Қан-дай кресло? - Автокресло! Авто! - Иә, автода отыр ғой. Автода... көлікте... - Туу, не деген ұқпайтын адамсыз! Жүріңіз көрейік. - Кімді? - Автокреслоңызды! - Осыннан-ақ көрініп тұр емес пе? Әне, ана жаман сары машина менікі... - Креслоны көрем деймін сізге. Креслоны! - А, бізде қай бір кресло дейсіз? Астыңа бірдеңе төсемесең батып кететін, сүйенсең шалқайып кете беретін екі орындық алдында... - Сіз не айтып келе жатсыз? Есігіңізді ашыңыз! - Міне, біздің көлік осы! - Үш балаңызда да автокресло жоқ! - Ойбай-ау, басеке-ау, қаршадай үш балада автокресло қайдан болсын? Менің өзім тырбанып жүріп, осы автоны зорға алдым несиеге... - Сіз мені тағы да мазақ қылып тұрсыз ба? - Жоға. Бағана бір байқап көріп ем, болмады. Енді оған шама қайда? - Қысқасы, үш балада да автокресло жоқ. Әрқайсысына жеке айыппұл төлейсіз. Айтпақшы, көңілдесіңізге жеке құжат толтырамыз. Осы кезде сөзге балалардың анасы араласты. - Көңілдесі несі? Қайдағы көңілдес? - Қазір, қазір, жаным, сосын түсіндірем... - Сосын емес, қазір түсіндір! - Сосын, сосын деймін. Қазір мына пәледен құтылып алайықшы. - Сіз не дедіңіз? - А, жоқ, сізге емес. Қазір мына мәселе шешілсін дегенім ғой... - Ол мәселеде менің шаруам жоқ. Қане, жауап бер. Қайдағы көңілдес? Мына кісі не айтып тұр? - Тоқтаңыздар! Жеке шаруаларыңызды сосын шешесіздер. Сіз бері жүріңіз! - Тоқтамаймын. Неге тоқтайды екем? Мынаның көңілдесі кім? Сіз оны қайдан білесіз? - Мен ештеңе білмеймін, азаматша. Ай, азаматша деппін ғой, не еді?.. - Қалайша ештеңе білмейсіз? Сіз жаңа ғана көңілдесіңізге жеке құжат толтырамыз дедіңіз ғой. Менен не жасырып тұрсыздар? - Туу, не деген адамсыз? Болды ғой енді. Мен сізді мына кісінің көңілдесі екен деп қалдым... - Қалай көңілдесі екен деп қаласыз? Не, бұл ылғи көңілдесімен жүруші ме еді? Көңілдестен садаға кеткір, көңілдесте басың қалғыр, одан да бала-шағаңды бағып алмайсың ба? Қысқасы, МАИ қызметкерінің де басы бәлеге қалып, екі жақтап жүріп әйеліме бәрін түсіндірдік. Әлде, ол түсінгендей болды. Бірақ, «аттың сыры иесіне мәлім» демекші, көзінде бір күмән қалды. Алдағы айқастардың бірінде ол осы қаруды міндетті түрде қолданатын болады. Сонымен қойшы, қатын сабырға келгеннен кейін жаңа сауда қызды. - Үш балада үш кресло жоқ. Бұл дегеніңіз тоғыз мың бір жүз елу алты теңге жеті тиыннан есептегенде... үшке көбейткенде... - Ойбай, ең болмаса біреу деп көрсетші. Тоғыз мыңның өзі аз ақша емес қой, басеке... - Үшті қалай бір деп көрсетем. Сіз маған заңды бұз деп тұрсыз ба? - Ең болмаса екеу деші онда. Біреуі анасының алдында отыр ғой. Иә, тірі креслоның өзі отыр ғой баласын құшақтап... - Жарайды, екеу дейін. Тек, келесі жолы автокреслосыз балаларды алып жүрмеңіз. Заң қатал. - А, заң демекші. Тағы қандай заңдар бар? Біле жүрейік, шекеге тиді ғой. - Егер көлікте көңілдесіңізбен келе жатсаңыз... - Жоқ, ол құрсын, оны білдік қой. - А, иә. Егер көлікте екі еркек қана келе жатса, олардың көгілдір емес екенін растайтын куәлік керек. Ал, егер көгілдір болған жағдайда басқалардың көзіне шөп салып жүрген жоқ па? Өз жұбы ма? Соны растайтын куәлік керек. Екі әйел ғана келе жатса да солай. Сосын, еркек пен кішкентай бала немесе қыз ғана келе жатса, жүргізушінің педофил емес екенін растайтын куәлік қажет. - Не боп кетті өзі? Мәселен, мен ауылға соғым алып қайтуға бара жатырмын. Оған баяғы «Ұрлық мал емес» деген анықтама жарай бере ме? - Жоқ. Ол да өзгерген. Қазір қой соясыз ба, өгіз соясыз ба? Сол малдың өзінің жазбаша келісімі керек. Ол қағаз болмаса жолға шықпай-ақ қойыңыз. Сізді дереу уақытша қамау изоляторына жібереді. - ???
(Қанағат Әбілқайырдың фейсбуктегі парақшасынан)