– Жақсыбек Қалелбекұлы, қазақтың үкілеген үмітіндей болып, «Үкілі қыз» әнімен қазақ тыңдарманының көңіл пернесін дәп басқан «Ғасыр» тобының құрамында болғаныңызды білеміз. Кейіннен жеке шығармашылығыңзды қолға алып, тамаша әндеріңізге бейнебян түсірумен әбігер болып жүргеніңізді естіп, білдік. Жуырда сені Қытайда бір әніне бейне түсіруге кетіпті деген сөз БАҚ бетінде бұрқ ете қалғаны бар. Әңгімеміздің шымылдығын осы бір сұрақпен ашсақ дейміз?
– Ия, осы жуықта Үрімші қаласына келіп, Қазақстанға белгілі ақын Қалқаман Саринның сөзіне жазылған, Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданының азаматы композитор Тұрсынғали ағамыздың (Мұқаметжанұлы) әніне жазылған «Сағыныш сыбыры» деген әнге бейнебаян түсіру мақсатымен осы шаһарға ат басын бұрғанымыз рас! Қазірге дейін аталмыш бейнебаянның біраз жұмыстары ақырласып та қалды. Енді ары қарай шамамызша өңдеу үстіндеміз. Алла бұйыртса, бір-екі аптаның көлемінде көпке жария болып қалар...
– Бейнебаян демекші, бұл жұмыстың да өзіндік қиыншылығы жоқ болмаса керек, онсызда «Кірпіш қаласаң да, кеңесіп қала» дейтін қазақтың сөзіне жығылсақ, осы жұмыстың басы-қасында көп азаматтардың жүргені де былайғы жұртқа белгілі ғой. Сол азаматтар жайлы аз-кем айта отырсаңыз?
– Мұнда ең әуелі Қытайдағы интернет басылымдардың көш басында келе жатқан, ұлт үшін ұлағатты іс атқарып жүрген «Шалқар»(net) сайтының басшысы Шалқар бауырыма көп рахмет айтуға хақылымын: осы бейнебаянның сценарийын жазған да, тұтас бейнабаянды түсірген де, тіпті бұл «Сағыныш сыбыры» жайлы жалпақ жұртқа сыбырлайтын, сыбырлайтын деппін-ау, «Шалқар» сайты арқылы ең бірінші жар салатын да осы азамат болып отыр. Сосын да бейнебаяндағы қыздың ролінде Тарбағатай аймағындағы ойын-сауық үйірмесінің мүшесі, биші Елнұр деген қарындасымыз сәтті сомдап шықты деуге болады. Бір қызығы бұл клипте екі-ақ адамбыз. Екіншісі кім екенін өздеріңізде болжаған боларсыздар...
– Ия, бұл «шығарманың» екіншісі кейіпкері өзің екеніңді өзгелер де айтқызбай біліп отырған болса керек. Осындайда дәстүрлі сұрағымыздың да тәп-тәуір реті келіп тұрған сияқты. Жалпы өзің жайлы қысқаша айта отырсаң?
– Рахмет! Мен қазақтың құйқалы жері Шыңжаңдағы Тарбағатайдың Толы деп аталатын шағын ауданында дүниеге келгенмін. Бәлкім, жастайымнан өнерге әуес болғанымнан, бәлкім Атамекенге деген қаракөз қандастарға ортақ сағыныштан ба, әйтеуір, кейін Алматыға ат басын тіреген едім. Сосын, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, классикалық гиттара мамандығы бойынша төрт жыл дәріс алдым (2007 – 2011 аралығында – автор.). Осы шаңырақта жүріп, «Ғасыр» өнер тобын құрғанбыз. Онда талантты гиттарист Бауыржан Жылқыбаев, саксофонда ойнайтын Ермек Меденов бар еді. Осы уақыт аралығында «Ғасыр» тобы болып, үлкен-үлкен сахыналарда ән айттық. Тіпті бақытымызға орай, қазақтың талантты әнші ұлы Нұрлан Өнербаев ағамызға шәкірт болу бақыты да бізге ептеп бұйырған-тұғын.
– Сол «бұйырдыны» айтасың-ау, бұл ретте біздің бұл сұхбаттағы бұйымтайымыздың бірі де – өткен жылы Елбасыға арнап «Ғасыр аға» деген ән жазып, Ел президентінің ықыласы мен бірге Алматының қаласының әкімі қабылдаған деседі. Осы бұйырған бақ жайлы «аңыз» қаншалықты шындық еді?
– Бұл енді шып-шырғасыз шындық десек – өтірік айтпағанымыз. Себебі, осы әннің шығуы да бекер емес еді. Ел үшін ершімді еңбек етіп, тәуелсіздіктің буынын бекітіп, тәуелсіз елдің тамырын терең жайдырған Елбасының ғасырға татитын еңбегіне сүйінгенімнен қазақ дейтін ұлттың ұлысын ұлағаттар ұлы ретінде осы әнді жазғанмын. Әрине, осы әнді жазу барыснда болған қорқу мен жауапкершілік сезімді де біз сөзбен айтып жеткізе қою – қиынның-қиыны. Ақыры сәтті жазып шықтым деп ойлаймын. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматыға келген арнайы сапарында қала әкімі Ахметжан Есімовтың рұқсатымен осы әнді ел президентінің алдында айтқан болатынбыз. Сол жерде Елбасы қатты ризашылығын білдірді. Өз кезегінде алғысын айтып, батасын берген еді. Содан арада екі-үш күн өткесін қала әкімі А.Есімов өзі үйіне шақырып ол кісінің осы әнді жоғары бағалағанын айтты, әрі «Мен туралы көп әндер жазылып жатыр ғой, дегенмен бұл әннің орыны бөлек. Сөздері де, бәрі шынайы екен» дегенге саятын көп пікірін жеткізіпті. Сонда ғана әуелгі қорқыныш пен жауапкершіліктің салмағынан аз да болса арылғандай болып, бір қуанғаным бар. Алдағы уақытта осы әнге Ахметжан ағамыздың тікелей көмегімен бейнебаян түсірмекпіз.
– Тамаша еңбек екен! Елі сүйер ұл болмаса, ер азаматқа сын емес пе? Еңбек қашанда осы принцпбен еңбек қой. Ал енді әңгімеміздің ауанын ән өлкесіндегі азды-көп мәселелер төңірегіне ойстырсақ. Жалпы, бізде Қытай эстрадасы (Қандастар есебінен) мен Қазақстан эстрадасында жер мен көктей айырмашылық бар деп айтылып жүр. Біреулер 20 – 30 жыл десе, енді біреулер жарты ғасырға артта қалған деседі. Бұл арадағы артта қалған дегеніміз қай елдің тарапынан екенін сіз бен біз жақсы білсек керек. Осы жайлы не айтар едіңіз?
– Бұған келісуге болмас. Өйткені әр елдің өнері, соның ішінде жаңағы сіз айтып отырған эстрада бағыты да әр түрлі дамиды. Оның үстіне Қытайдағы қандастарымыздың бір артықшылығы – таза жанды дауыспен айтатындығында. Осы себептен де кейде көп әннің сәтті шыға бермейтіні – рас! Әйтпесе, анау айтқандай сонша көп парықты көріп тұрған жоқпын.
– Эстрада жайлы айтсақ, біраз сұрақтың басы дауға қалатыны бар. Оның үстіне, Абай атамыз айтпақшы: «Әннің де естісі бар, есері бар». Бұл туралы кейінгі кездері алдыңғы буын – үлкен әншілеріміз көп-көп пікір айтып, көңіл толмаушылығын айтуда. Оған мысал ретінде, өткен жылдың еншісіндегі Роза және Бибигүл апайларымыздың күйінішпен айтқан кей пікірлері дәлел деуге болады. Бұл тұрғыда сол эстраданың «Бір пұшпағын илеп жүрген» әнші ретінде сіз не айтар едіңіз?
– Бұл туралы Мұхтар Шаханов ағамыздың керемет өлеңімен бастасам, «Барселона әуежайындағы сұңқарлар» деген өлеңінде қазіргі әр саладағы өнер туралы айтып кетеді. Мұнда ұсақ-майда, құс сымақтардың аспанды тұтас жаулап алғаны айтылады. Әрі, бір ақылман қарияның ақылымен осы аспанға бес сұңқар жіберіп, бір жола айықтырған деседі. Бұл бір тамаша аңыз-дастан. Менше бүгінгі тамырсыз, өзіндік табиғатынсыз, бүгін бар да ертең жоқ жұлдызға жүкті этрада кеңістігін де солай бір тазалап алу керек шығар. Тіпті бұдан асып не айтуға болады?!
– Эстрададағы аға-әпкелерімізден кімнен қолдау таптым деп ойлайсыз?
– Бұл туралы сөзімнің «Біссмілләсін» тағы да Нұрлан Өнербаев ағамнан бастағым келеді. Себебі, бізді осы үлкен сахынаға дем беріп, демеп шығарған да сол кісі болатын. Жақсының жақсылығын айтып таусу мүмкін бе?! Өнердегі ағалығы өз алдына, былайғы өмірімізде де өнегенің алтын қазығындай болып, ұлтын, дінін, тілін сүюдің қандай болатынын ұғындырған адам деуіме болады. Сонымен қатар, қазақтың дүлдүл әншілерінің бірі Тоқтар Серіков ағамды айтпай кетуге болмайды. Қазірде осы кісінің баулып-баптауындағы бәйгеге бағы байлаулы бір тайымын. Озсам – бағымның жанғаны, озбасам, ол – бөлек әңгіме!
– Әндеріңізді кімдер орындап жүр?
– «Үкілі қыз» әнін үлкен сахнада тұсауын кескен Нұрлан Өнербаев ағамыз орындап жүр. Кейін ол әнді «Ғасыр» тобымен бірге орындадым. Тоқтар Серік ағамыз бен Бейбіт Сейдуалива жеңгеміз «Әнің болайын», «Қаракөз құралайым», «Ғашықтар қиялы» атты әндерімді орындап жүр. «Жігіттер» квартеті «Тұрмын сені еске алып», Қайрат Нұртас «Ойлай-ойлай» атты әндерімді орындап жүр. Өзге жас әншілер де көптеген әндерімді орындап жүр. Гүлнұр Әскерханқызы «Сен сияқты» деп аталатын жаңа әнді орындады, Тоқтар Серіковтің сөзіне жазылған «Елге хат» атты әнімді Отанбек Еңсеханұлы орындап жүр.
– Енді осы бір тамаша сұхбатымыздың да сірге жияр тұсына келіп қалғандаймыз. Болашақ жоспарларың турасында тыңдармандарыңа қысқаша мәлімет берсең, бүгінгі тамаша әңгімеміздің нүктесін қойғандай болар ма едік?
– Тоқтар Серіков ағамызбенн ары қарай бірлесе жұмыс жасап, келесі бір әндерімен де, Алла жар берсе, барлық әндеріме де бейнебаян түсіріп, «Үкілі қызбен» мені таныған талғампаз тыңдарманымды шамамның жетісінше онан ары таңғалдырсам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=Bf__Ui3y9fk[/embed]
Сұхбаттасқан – Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру