«Аман Тасыған, ұят дүниелерге толы бағдарламаның қаншалықты қажеті бар?»

/uploads/thumbnail/20180108163158234_small.jpg

Аман Тасыған деген есімді алғаш жақын досымның ауызынан естіген едім. Ол өте жақсы пікірін білдірді. Өнерімен қоса еңбекқор азамат екенін айтып, алған бетінен қайтпайтын қайсар азамат ретінде суреттеп берді. Студент болып жүрген уақытта ұстаздарымыз да «Аман деген журналист жігіт бар ғой, сол бізде білім алған», деп бізді қызықтыра отырып, өздері мақтанып қоятын еді. Содан бері Аман Тасығанның өмірін, оның кәсіби жолын жалпы адами болмысын бақылаумен болдым. Қазақы ұяңдықтан болар қасына тура барып сөйлесуге қысылып, онымен жақын араласатын, қасында жүретін адамдар арқылы көп ақпарат естіп жүрдім. Сол уақыттарда Аман ағамыздың тарапына бірде-бір жағымсыз пікір айтылған емес. Бәрінің айтары: «Ол - қазақтың қамын жеп жүрген азамат және өз ісінің нағыз маманы», деген пікір болды. Аман ағамыз жайлы пікірді тек жұрт аузынан ғана естіп қойған жоқпын, «Қазақ радиосынан», одан бөлек көгілдір экраннан берілетін «Кешкі кездесу» бағдарламасынан да естіп те, көріп те көзайым болып жүрдім. Қойшы, бір сөзбен айтқанда өзімді Аман Тасыған сияқты болуға тәрбиелей бастадым. Оның бойында бар қасиеттерді өзімнен іздеу деген сияқты процесстер басталып кетті.

Ендігі кезекте, мен өзгелерге Аман ағамызды жарнамалайтын болдым. Оның іс-әрекеттерін үлгі ретінде, өмір тәжірибелерін мысал ретінде алып қатарластарыма ақыл айтып та жіберген кездер болды. Бір сөзбен айтқанда осының барлығы шынайы еді. Мейлі Аман ағамызды күніге көріп қасында жүрмесем де сырттай адал інісі болып бақтым. Әлеуметтік желіге салған әрбір ақпаратын қалдырмай оқып, өзіндік бір ой түйіп жүрдім. Ал енді мен сияқты Аман ағамызды үлгі етіп жүрген қаншама жастар бар? Университет қабырғасында оқып жүрген, болашақта журналистика саласына баруды армандайтын студенттердің Аман ағамызға ұқсағысы келетініне бәс тіге аламын. Одан бөлек мақсатын айқындап, қалаға келіп асқақ арманының жолына түскісі келіп жүрген мектеп оқушылары қаншама? Олардың бәрі Аман ағамыздың аузынан шыққан сөзі аңдып отыр. Не айтса соны шын, соны дұрыс деп қабылдауға әзір. Ал соңғы күндері Аман ағамыздың тарапына айтылып жатқан жағымды емес пікірлерге амалсыз қосыламын.

Егер біздің халқымыздың қазіргі рухани жағдайы мықты деңгейде болып, адамдық пен адалдықтың шыңына сәл жетпей тұрған болсақ онда мен түсінер едім. Алайда біздің қазіргі қоғамның жағдайын сіз өте жақсы білесіз. Ақыл айтып, ас қайырып, бата беретін бірен сараң қарияларымыз ғана қалды. Олар кеткен соң не болмақ? Тәрбиенің негізгі қайнар көзі болған теледидарымыздың сыйқы анау. Отбасымен отырып көре алмайтын дәрежеге жетіп тұр. Есірген, ессіз эстрадамыздың сыйқын айтпасақ та түсінікті. Кітап дегенді атауымен ұмытқан біздің жастар қазір мәңгүрттеніп ана тілінде сөйлей алмайтын болып бара жатыр. Ал әр баланың қолында жүретін ұялы телефондағы былықтарды айтудың да қажеті жоқ шығар. Ал осының барлығына бақылау жасайтын биліктің бізбен шаруасы да болып отырған жоқ. Бұл біздің қоғамның майда мәселелері ғана. Ал енді осындай алмағайып уақытта, бәріміздің мақсатымыз ел мен жер болуы керек сәтте бізге «Talklike» атты боқтық сөз бен ұят дүниелерге толы бағдарламаның қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?

Сонда біздің өз Отанымызды, сүйікті Қазақстанымызды шынайы сүйе алмағандығымыз ба? Осы күнге дейін айтылып келген патриоттық сөздердің бәрі жалған көзбояушылық пен екіжүзділік болғаны ма?

Аман аға, сіздің деңгейіңіз халық алдында онсыз да жоғары еді. Сіз «Talklike»-тың деңгейіне түсіп кеттіңіз бе? Жоқ, бұрыннан сол деңгейде жүрген бе едіңіз?

Сайлаухан Абылай

Қатысты Мақалалар