НЕМІСТЕР НЕМІС АВТОНОМИЯСЫН ҚОЛДАМАДЫ? НЕГЕ?
Қазақ жерінде құрылмақ болған неміс автономиясын Қазақстандағы немістердің басым көпшілігі қолдамады. Себебі, оларды арып-ашып, азып-тозып келгендерінде кеңқолтық қазақ халқы бауырларына басты, көмек қолдарын созды. Соның арқасында немістердің ешқайсысы аштан өліп, көштен қалған жоқ. Ал екіншіден, олар қазақ халқының қаһарынан қорықты. "Қазақтар көтеріліп, шаңырағымызды шайқалтып, күлімізді көкке ұшырып жіберіп, осы күнімізге де зар болып қалмайық" деген үлкен қауіптері болды. Сол себептен де олардың көпшілігі неміс автономиясын қолдай қоймады. Оны мына үзіндіден-ақ анық байқауға болады: "Осындай ұрымтал сәтті сәтімен пайдаланған Қазақбай есебін тауып, автономияға қарсы болып жүрген неміс ұлтының өкілі – Кондрат Вагнерді ортаға шығарып жіберді: – Қазақстанда неміс автономиясын құрудың түкке де қажеті жоқ. Халық мұны бәрібір қолдамайды. Бұрын ол Ресейде болды, тіпті олардың өзі қарсы, олай болса, неге Қазақстан келісуі керек? Қазақ халқының қарсылығын заңды құбылыс деп есептеймін. – деді ол ағынан ақтарылып, – Соғыс жылдары қиындықпен жер ауып келгенде қазақтар бауырына басты, дәм-тұздарын алдымызға қойды, аузымызға тосты. Керек десеңіз, арам қатпасын деген аяушылық сезіммен бала-шағаларының аузынан жырып, бір жапырақ нандарына дейін бөліп берді. Сондықтан қазаққа қиянат жасауды Құдай да кешірмейді. Біздің Қазақстаннан автономия сұрауға ешқандай хақымыз жоқ. Қазақтарды мен қос қолдап қолдаймын, олардың талабы орынды. Қазақстанда неміс автономиясын құру – кеңінен ойластырылған шешім емес. Бұнымен мәселе еш шешілмейді, қайта күрделене түседі. Бұл немістерге жасалған жақсылық емес, жамандық: екі ұлттың арасына от тастау, айтыстыру, шағыстыру, қырқыстыру деген сөз. Керек десеңіз, бізді мазақ ету, тағы да тағдырдың тәлкегіне ұшырату! Сондықтан бұған біз де үзілді-кесілді қарсымыз! Егер ұлы орыс халқы шынымен бізді жарылқағысы келсе, автономияны тарихи отанымыз – Поволжьеден ашсын! Себебі, оның негізі қай жерде қаланса, сол жерде заңды жалғасын табуы керек!"
"Алаң" атты хикаяттан. Кондрат Вагнер де өмірде болған, әлі де көзі тірі неміс. Бұл да оның өз сөзі. Мен аспаннан ештеңе алған жоқпын!
ҚАЗАҚСТАНДА НЕМІС АВТОНОМИЯСЫН АШУ ТУРАЛЫ БРЕЖНЕВ ҚОЛ ҚОЙҒАН АТЫШУЛЫ ҚАУЛЫ...
Неміс автономиялық облысын құру туралы КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының қаулысы
Саяси бюро мәжілісінің хаттамасы. № 153/ХІ. 31 мамыр, 1979 ж.
1. Неміс халқының ұлттық мәдениетін дамытуға қажетті жағдай жасау мақсатымен және олардың арасында идеялық-тәрбие жұмысын жақсарту, сонымен бірге облыс құрамына кіретін аудандардың экономикасы мен табиғи байлықтарын неғұрлым тиімді игеру үшін Қазақ КСР-інің құрамында республикалық органдарға тікелей бағынатын неміс автономиялық облысын құру орынды деп есептелсін. 2. Неміс автономиялық облысын құруға байланысты нақты ұсыныстарды жасау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне тапсырылсын.
Орталық Комитет хатшысы
ЖАЛПАҚШЕШЕЙ ШАЯХМЕТОВ ҰЙҒЫР АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРМАҚ БОЛЫПТЫ...
1979 жылғы Неміс автономиясына қарсы ұйымдастырылған ереуіл туралы жазу барысында бұдан да басқа көптеген сорақылықтардың болғанын зерттеп білдім. Сондай сорақылықтардың бірі мынау. Қайта Құдіреті күшті Құдай сақтаған:
"Тарихи деректерге үңілсек, қазақ елінде кезінде әр түрлі себептермен жер ауып, қоныс тепкен диаспора үшін жеке отау тігіп, автономия беру мәселесі кеңес заманында бұрын да болған. Мәселен, 1947 жылдың ақпан айында Қ(б)КП ОК-нің хатшысы Ж. Шаяхметов Мәскеуге - БК(б)П ОК-нің хатшысы Н. Патоличевтің атына Талдықорған облысының Панфилов және Октябрь аудандары, Алматы облысының Шілік, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Нарынкөл және Кеген аудандарының есебінен Қазақ КСР-і құрамында ұйғыр автономиялық облысын құру жөнінде баянхат жазады. Құжатта мұндай шараның неліктен жүзеге асырылуы қажет екендігі сараланады: Қазақ жерінде тұратын ұйғырлар арасында ұлттық тұрғыдан бірігіп, мәдениетін дамытуға деген құлшыныс ерекше. Аты аталған аудандарда олар ұлттық ерекшеліктерін сақтап, біршама шоғырланып қоныс тепкен. Ұйғыр облысын құру нәтижесінде түрі ұлттық, мазмұны социалистік ұйғыр мәдениеті пәрменді түрде көркейе түседі, партия және кеңес органдарына ұлттық кадрларды тартуға мүмкіндік жасалады, сөйтіп олардың арасында саяси жұмыс жақсарады және ұлтшыл элементтерінің өз ішімізде және жат жұртта ұйғырларды кемсітіп жатыр деген жалған байбаламын тоқтатып, ұйғыр халқының газеті мен мектептері жабылып жатыр деген дәлелсымақтарын теріске шығара аламыз. Жаңа ашылмақшы облыста аудандардың экономикалық дамуы қарқын алады. Мұның өзі Ұйғыр облысының Қытайдағы ұлт-азаттық мұсылман қозғалысының ошағы болып табылатын Іле аймағындағы Синьцзянмен шекаралас болуы аса маңызды екендігін атап өткен жөн. Жаңа облыстың өмірге келуі Синьцзяндағы 3 млн. ұйғыр тарапынан қызу қолдау тауып, Кеңес Одағына көбірек назар аударып, олардың ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпін тудырады. Болашақ құрылымның орталығы аты аталған аудандарға жақын болып табылатын Панфилов (бұрынғы Жаркент) қаласы болғаны жөн деп есептейді Ж. Шаяхметов жолдас (А.Ш. Ахтаев, Б.О. Жангуттин. История Казахстана. II т. - Алматы:Бастау, 2008. - 97-100-бб.)."
ҚЫТАЙ МЕН ОРЫСТЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ КӨЗІР БОЛАР ЕДІ!..
Егер сол кезде шынымен Ақмолада Неміс автономиясы, ал Алматы облысында Ұйғыр автономиясы ашыла қалған жағдайда, Неміс автономиясы Орыстардың, Ұйғыр автономиясы Қытайлардың көзірі болып, Қазақстанды тырп еткізбей, аяқ-қолын жіпсіз байлап қояр еді... Екі алпауыт елдің көптеген ойындарын мүлтіксіз атқарар еді-ау! Ойлаудың өзі қандай қорқынышты!.. Ендеше сол автономияларды аштырмай тастаған ерлердің еңбегін лайықты бағалайық!..
ШЕШЕН-ИНГУШ АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ДА ҰСЫНЫС БОЛЫПТЫ
1956 жылы КСРО Ішкі істер министрі Н. Дудоров Қазақстанда шешен-ингуш автономиясын құру туралы КОКП Орталық Комитетіне ресми түрде ұсыныс жасады. Бірақ ол қағаз жүзінде қалды. Жобасы, әуелде партия көсемінің біреуі солай жасауға нұсқау береді, ал сарапқа сала келе, іске асуы шүбәлі болғандықтан, тоқтатылуы ықтимал.
МАСҚАРА... МАҢҒЫСТАУ ТҮРКІМЕНСТАНҒА ӨТІП КЕТЕ ЖАЗДАПТЫ...
"Арам пиғылдың сыры ашыла бастады. Орта Азия бюросы құрылып, бұған Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның және Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары енді. Д. Қонаевтың пайымдауынша, Н. Хрущев республикалар арасындағы шекараны тезірек құртуға асықты. Онымен қоймай, партия жетекшісі түбек байлығын түрікмендер шапшаңырақ игереді деген сылтаумен Маңғыстау өңірін Түрікменстанның қарауына беруді талап етеді. «Қазақстанда болғанда бұл жөнінде айтқан едім, бірақ сіз негізсіз қарсылық білдіресіз», - дегенде Димекең: «Сіз геология министрі А. Сидоренкомен сөйлесіп көріңізші», - дейді. Қолма-қол телефон соқса, Александр Васильевич Қазақстандағы геологиялық қызметтің күшті екенін, қазақтар Маңғыстау байлығын жақсы игере алатындығын Н. Хрущевке түсіндіреді. Сонымен қатар, жуырда Маңғыстау өңірі Ақтөбе және Гурьевпен (Атырау) темір жол арқылы жалғасады – бұл да оны игеруді тездете түспек. Көсем идеясының асығыстық екендігі түсінікті болды. Хрущев: «Біз ойланамыз, ал қазір Қазақстан мен Түрікменстанның шекарасын бұзбай-ақ қояйық», - дейді (Д. Кунаев. От Сталина до Горбачева. – Алматы:Санат, 1994. - 154-б.).
Думан Рамазан, (Facebook парақшасынан)
Пікір қалдыру