Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы королінің қайтыс болуына байланысты осы елдің халқына көңіл айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz Жеделхатта "Қазақстан халқы король Абдалланы көреген көсем, беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайтын болады", – делінген.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті король Абдалланың өз өмірін Сауд Арабиясы халқына , жалпы бүкіл ислам жамағатының мүддесін қорғауға, адамзаттың әділдік пен ізгілік жолындағы дамуына арнағанын атап өтті. Дәл осылай, Нұрсұлтан Назарбаев орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Салман ибн Әбдел Әзиз әл-Саудқа және барша Сауд Арабиясы халқына көңіл айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Сауд Арабиясының реті бойынша алтыншы королі Абдалла ибн Әбдел Әзиз әл-Саудтың қайтыс болғаны жайында БАҚ хабарлаған еді. Король ауруханада өкпесінің қабынуы салдарынан 91-ге қараған шағында қайтыс болды.
Қазіргі таңда дәстүр бойынша оның інісі - 79 жастағы салиқалы Салман ибн Әбдел Әзиз әл-Сауд Сауд Арабиясының жетінші королі атанды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясы королі Абдалла бен Әбдел Әзиз әл-Саудты жерлеу рәсіміне қатысады. Сонымен қатар,Сенат төрағасы Сауд Арабиясының жаңа короліне Қазақстанның Президенті көңіл айтқан жеке жолдауды жеткізеді.
Назерке Тоғжанова Дереккөз:tengrinews.kz