Телеарналар тіл бұзарға айналды

/uploads/thumbnail/20180111142124886_small.jpg

Папуастарда «көрінбейтін дұшпанмен шайқас» деген жаттығу ойыны бар екен. Олар әлдебір дұшпанды көз алдына елестетіп, оны найзамен шаншып, балтамен шауып, қанжармен кескілеп, садақпен атып неше түрлі әдіс-айлалар жасайтын болған. Қазақ тілінің өз Отаны–Қазақстандағы тағдырын ойласаң, жаттығу жасап жүрген сол папуастар көз алдыңа елестейді. Сонау бір жылдары бір орыс ғалымы қазақтарды қорлау үшін «Қазақ тілі дегеніміз отырықшы өзбектердің малшаруашылығындағы диалектісі» деген анықтама берсе, енді біреулер қазақтарда «любовь» деген сөздің баламасы бар ма, жалпы оларда ондай ұғым, сүйіспеншілік деген сезім бар ма деген жексұрындық сұрақ қойған кезі де болған. Оның бержағында қазақ тілін ғылымда пайдалану мүмкін емес, одан соң бұл тек «дастархани тіл» (язык застолья) деген зымияндық ой-сымақтар айтылды. Сосын қазақтарға орысша білмесең күн көре алмайсың деген пікір таратылды. Әскерде жүргенде сапта басқалар «вьется, вьется, знамя полководца» деп әндетіп келатқанда өзім ала-бөле «О, Зәуреш» деп әндете жөнелгенім үшін жұрт ұйықтап жатқанда таң атқанша нән төрт тайқазанға су тасып, картоп тазалағаным бар. Оның бәрі енді өтер-кетер, Ресейден тәуелсіздік алғанымыз рас болса деп жүргенде онсыз да тілі шұбарланған, бес түйір сөз айтса онысының 3-4-еуін орысша айтатын қазақтарға енді ағылшынша сөйлеу міндеттелді. Сөйтіп, қазақ тілі енді ағорқаз (ағылшынша, орысша, қазақша) деген тілге айналды. Орысқа қазақша жауап берсең жазаға тартыласың дегенді естігеннен бері зәреміз зәр түбіне кетті. Телеарналарды тыңдап отырсаң, қазақ тілі «қуанышты көңіл-күй сыйлады», пәленбайды (метрді, теңгені т.б.) «құрады» оны қаржылық (т.б.) жоқтығымен түсіндіреді деген сияқты орысшаның аудармасына айналып кеткен. Басынан бұдан өзге де қиямет-қайымның неше түрін өткеріп келе жатқан және әлемнің, оның ішінде түркілердің ішіндегі ең бай, ең шырайлы да шұрайлы тіл атанған бұл бейбақ тілімізге осының бәрі аз болғандай енді оның «ң», «ғ», «ө», «қ» дыбыстарды (әріпті) жою шарасына кірісіп кеткен сияқтымыз. Осының бәрі еске түскенде жоғарғы жақта қазақ тіліне қарсы адамның ойына келмейтін қасіреттерді ойлап тауып оны телеарналарға таратып отырған біреулер бар сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені, телеарна жасаймын десе шарапатты да, кесапатты да жасау қолынан келетін 21 ғасырдың ең қуатты қаруы. Қазір қасиетті тіліміздің «ң», «ғ», «ө», «қ», «ә» сияқты әсем өрнекті дыбыстарын  бұрып «ң»-ды-н, «қ»-ны-к, «ғ»-ны-г қып айтатындар көбейіп кетті. Мысалы «31» арнадағы Нургали Карабаев,, Аскар Мендыбаев демей-ақ Нұрғали Қарабаев, Асқар Меңдібаев десе орыстар соларға кейи қоймас еді ғой. Бұл да баяғы құлдық сананың қалдығы дейікші. Ал қазақтілді телеарнадағылардың «ә»-нің орны «а», «ң»-ның орнын «н» деуіне жол болсын. Қай арна екені есімде жоқ әуелгі кезде бір телеарнадағы Нұрсұлтан деген жігіттің «ң»ның бәрін «н» деп айтатыны несі, әлде одан басқа жүргізуші қалмады ма деп таңданатын едім. Кейін қарасам, бұлай сақауланып сөйлейтіндер телеарналарда, тіпті, көбейіп барады екен. Солардың бірі Мұхит Сапарбаев деген жігіт пен Назерке Абдрахманова деген бойжеткен (Хабар-24) Өзіңіз қараңызшы «біздін елде», «олардын», «зан керек» деген сөздер қандай жағымсыз естіледі. Ал енді ерінбесеңіз өткен 2017 жылдың 1-ші желтоқсаны күні сол Назерке Абдрахманова деген қыздың Елбасымыздың сөйлеген сөзі туралы берген хабарында қазақтың «ң» дыбысын «н» қып айтып, тілімізді қандай аянышты халге түсіргенін оқып шығыңыз:

Жана мынжылдықта, президенттін, кенес отырысына, шикізаттын, тәуелсіздіктін, егемендіктін, біздін мамандарға, бағдарламанын, 2 мын 10-шы, 2 мын 12 нін желтоқсаны, бұл 30дықтын, ел экономикасынын, үздік 30дықтын, өнімнін, сонын бірі, 2 мын 13, Елбасынын өзі іске қосты, заманауи көліктін, Қазақстаннын автөндірісі, испандық компаниянын, зауыттын, индустрияландырудын, кәсіпорындардын, жана технологиямен жанарды, нарығынын, мемлекеттін дамуы, 20 мын кәсіпорын, Назарбаевтын, өзінін, онтайландырылған, инвестициянын, зан, ен ірі т.б. Міне, Назерке  тап осылай бір сағатқа жуық  «ң» ды, «н» қып айтып қазақ тілінде өші бар, ала алмай жүрген кегі бар адамдай оны ойранға салумен болды. Айтпақшы, жоғарыдағы «ен ірі» деген сөздің қандай мағына беретінін ол білмеуі де мүмкін. Бұл жерде «ең» деудің орнына «ен» деп айтылу арқылы ол сөз еркек адамның, еркек малдың жыныстық мүшесіне, яғни,  ең үлкен жыныстық мүшеге айналып кетіп тұр. Құдай біледі, Қазақстаннан басқа көршілес бірде-бір республиканың бірде-бір телеарнасы туған ұлтының тілін дәл жоғарыдағыдай бейшаралық, сорлы халге түсіріп қоймайды. Сол телеарна басшысын Назеркекесі Абдрахмановасымен, Мұхит Сапарбаевымен қосып не қызметтен қуады, не сотқа береді. Несін айтасыз, бір ұлттың қорлық күйге түсуі тілінің қадір-қасиеті қалмауынан басталатын сияқты екен.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар