Жол қозғалысына байланысты ережелерді қырық құйқылжытқан ішкі істер министрлігіне, солар ұсынған шала-шарпы заңдарды қабылдай салғыш мәжіліс, сенат депутаттарына, әсіресе алақанын ысқылап, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ала таяғын көтеріп іске кіріспекші МАИ қызметкерлеріне қарадан-қарап қаным қайнап отырғаны-ай!.. Астымда жекеменшік көлігім де жоқ. Былай қарағанда, олардың менде, менің оларда шаруам болмаса керек-ті. Неге шаруам болмасын?! Ойлаймын: жердің асты да, үсті де тоналып бітті. Мемлекет есебінде қалған азын-аулақ мүлік-мүкаммал қазір жүріп жатқан «заңдастыру» науқаны нәтижесінде орнын табады. Сонымен, не қалады? Мұнайдан түсетін табыс азайған тұста мемлекет пен оның миллион санды шенеуніктеріне елден не жеуге болады? Сыздықтатып қанын сорғандай елден үздіксіз жеудің мен білетін екі-үш көзі болған, болады, бола береді. Әр жалақыдан алынатын табыс салығы бар (бүгінге дейін 10 пайыз еді, соны көбейту - көзқұрты). Зейнетақы қорына жіберілетін міндетті жарнамыз бар (10 пайыз, оны да көбейткісі келді...түбі көбейтуі мүмкін). Ең басты көздің біріншісі – коммуналдық қызметтер үшін алынатын төлемдер. Жыл сайынғы қайғымыз — төлемдердің өсіп кетпеуі. Өсіп жатыр. Газ өседі. Судың бағасы өседі. Электр қуаты үшін төлем өседі. Жылу өседі. Жер, мүлік салығы өседі. Халық күйзеле түседі, пайда – монополиялық алпауыттарда, акция иелерінде! Екінші көз – жекеменшік көлік. Одан қозғалтқыштың көлеміне қарай көлік салығын алады, техбайқау, сақтандыру... Осы жерде әңгімеміздің басындағы қынжылысқа қайта оралайын. Жол торыған МАИ үшін «майшелпек» (халықты тонау!) - осы көліктер. Жаңа заңның бәрі солардың қалтасын толтыру үшін қабылданатынға ұқсайды. «Тоқтат, тексер, айып сал!» дейді. Оның құқығы бар, көлік иесінікі жоқ...(МАИ-ға жол бойында тұруға тиым салынып, жол-көлік оқиғасы болғанда ғана келу туралы заң қабылдаса қайтеді?) Ресейден сәл арзанға көлік әкелгендер қағазбастылыққа тап болсын, ақшасын параға берсін деген заң да шұғыл қабылданды, әне!.. Ақтөбеде ақ қар, көк мұз жол үстінде үлкен жүк көлікті тоқтатып, артынан келе жатқанды алдыңғыға соқтырып, апат жасап, өзі қашып кеткен МАИ – бүкіл әріптестерінің шын бейнесін паш етпеді ме?! Бір-екі жыл бұрын бір оғаштау оқиға болды. Алматыдағы шығыс айналма жолында бір есерсоқ әдейі рульді бұрып барып, жолдың қарсы бетінде тұрған жол полициясын қақты! Есерсоқтың қылмыстық ісі деп жылы жауып тастадық. Бірақ, ол - бүкіл көлік жүргізушілердің МАИ-да өші бар екенін, оларды жау тұтатынын әйгілемеді ме?! Мемлекет билігін сеніп тапсырған «қалаулылар» жемқорлыққа жол ашатын ойсыз заңдармен халықтың наразылығын туғызып, өршітіп отыр. Кім жауапты?!