Арыс қаласында хиджаб киетін оқушының ата-анасы мен мектеп әкімшілігі арасында дау туындады, - деп хабарлайды "31-арна".
Айша Ескермес Арыс қаласындағы №376 мектептің екінші сынып оқушысы. 17 қаңтар күні ата-ана мектепке қызын басына орамал таққызып жібереді.Ал мектеп басшылығы ата-ананы шақырып, заңда оқушылар мектептің ішкі тәртібін сақтауы керек екендігі жазылғанын түсіндіреді.
«Мектепке оқушылардың орамал тағып келуіне болмайды. Ата-аналар жиналысын өткіздік, олардың 99 пайызы мектеп әкімшілігін қолдады. Тіпті, оқушыны басқа мектепке ауыстыруды сұрап отыр»,- дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Талғат Ахметов.
Мектеп басшылығы Айшаны білім ордасының жарғысын бұзды деп кінәлайды. Ал ата –ана айтылғанмен келісер емес.. Керісінше, қыздың ата-анасы мектеп әкімшілігі қыз баланың діни ережелерді ұстануға кедергі келтіріп отыр деп есептейді.
Руслан Әбілов ( оқушы қыздың әкесі): "Біз ислам дінін ұстанамыз, Құраны Кәрімнің "Нұр" сүресінің 31-аятында "барлық әйел орамал тағып, ұзын көйлек кигеюі тиіс" деп жазылған. Біз де әуретті жауып жүруді дұрыс санаймыз".
Қалалық білім бөлімінің өкілдері де бұл дауда мұғалімдердің ұстанымын дұрыс деп есептейді.
Білім бөлімінің әдіскері Береке Тасқымбаев мырза "Бұл мектептің қыс кезіндегі формасы - ақ алжапқыш, көк немесе қара түсті киім. Басқа бант тағуға болады, ал орамалға рұқсат етілмейді", - десе, сонымен қатар, Айша Ескерместің ата-анасына ескерту жасаған мұғалімдерді жергілікті мешіттің өкілдері де қолдап отырған көрінеді. Олар да елдегі ережелер мен заңдарды ұстану діни сенімге қайшы келмейді. Оқушы мектеп әкімшілігінің заңында бекітілген мектеп киімін киюі тиіс, ал басқа жерлерде хиджабын кие берсін,ол үшін мектепке бармай қалуға не мектеп басшылығымен соттасуға болмайтындығын айтты.
Діни сенім бостандығын бірінші орынға қойған Айша Ескерместің әкесі қызының мектепте жалаңбас жүруіне үзілді-кесілді қарсы. Тіптен, осы турасында прокуратураға шағым түсіріп те үлгеріпті. Құқық қорғау органдарына шағымдануға мұғалімдер қауымы да әзірленіп жатырған көрінеді.