Есім хан 1645 жылы дүние салған соң (1628 жылы дүние салды деген де дерек бар), Қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Таққа отырмай тұрып-ақ оның ғажайып ерлігі жалпақ қазақ арасы былай тұрсын, көрші елдерге аңыз болып тараған.
Бұл орайда, Жәңгір ханның 1644 жылы 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, жеңіске жетуі жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға екенін айта кеткен жөн. Жер жағдайын ұрымтал пайдаланып, Үйсін Алатауының бел кезеңіне ұрымтал бекінген Жәңгірдің санаулы-ақ сарбазы жоңғардың 50 мың әскеріне қасқайып қарсы тұрады. Аз қолды таптап өтпек болып, қиын қияға ұмтылған дұшпан әскері 10 мыңдай адамын шығындайды. Осы кезде, жорыққа аттанарда, жаушы арқылы хабар салған Жәңгірдің сәлеміне құлақ асып, іле атқа қонған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен жоңғар жауынгерлерінің ту сыртынан тиеді. Бұл соғыста күйрей жеңілген жоңғарлар көпке дейін үлкен қайрат көрсете алмады.
Қазақ пен жоңғар арасындағы жағдайды қапысыз бақылап отырған Ресей патшалығы көшпелі екі елдің арасындағы өшпенділік отын осы кезде үрлей түсіп, жоңғарларға Сібір арқылы отты қару сата бастайды. Отты қарумен жарақтанған жоңғарлар 1652 жылы қазақтарды ойсырата жеңеді. Осы соғыста Жәңгір хан қаза тапты.
(Ақселеу Сейдімбектен)