Өткенде бір Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс (МАТ) керек емес дейтіндерге (өзім де ләж болса, ақпарат құралдарының қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болғанын қалайтындарданмын) дәл қазіргі таңда отандық БАҚ-тың, оның ішінде қазақтілді және аймақтық ақпарат құралдарының басындағы қалыптасқан жағдайда мемлекеттік тапсырыссыз қаншама газет, журнал мен телеарнаны, ондағы журналистер мен техникалық қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалуға болатын қандай жолдары бар деп сауал тастаған едім Facebook-тағы «Қазақ журналистері» тобында. «Қазақ баспасөзі әшейін, гәп немесе қазақ редакторлары шетінен жемқор (жемқорлықтан ада саланың аз екенін және білесіздер)» деген пайымынан айғайы басым бірді-екілі пікір болмаса ешкім МАТ-қа «мат» қоятындай нақты ұсыныс айтпады.
Газет болсын, ТВ болсын, қызметі өзін-өзі ақтайтын деңгейге жету үшін біраз капитал керек. Қаржылай демеу қажет. Ол мейлі тұрақты жарнама түрінде бола ма, қайырымдылық түрінде бола ма, әйтеуір БАҚ өз өнімін сатудан түсетін қаржыдан бөлек, қосымша қаражатқа мұқтаж. Оны осы жылдар ішінде көзіміз көрді. Тіпті, желіде, ауызекі әңгіме арасында мемлекетті, билік органдары мен оның өкілдерін сөзбен сыбап жүретін талай батыр әріптес ағаларымыздың өзі сол «госзаказдың» арқасында «білікті басшы», «шебер ұйымдастырушы» атанғанын айтпағанда «жұртқа жанашыр журналист», «шындықтың жалғыз шамшырағы», «ақиқаттың адуын алдаспаны» болып жүр. Осы мемлекет қаражаты болмаса, ақиқат үшін айту керек, көсемсіп елге ақыл айтудан, пәлсапа соғудан қолы (аузы деп те оқысаңыз болады) босамайтын біраз әріптесіміз әлдеқашан арба сүйреп, не болмаса «пиәншік» боп кетер ме еді?! Сондықтан мемлекет ақпараттық саясатқа қаржы бөлсе, оны сол салаға жасалып жатқан аз да болса қолдау деп түсінгеннен ешкімнің аузы қисайып қалмайды. Қайта сол қаражатты тиімді жұмсап, жоқтан бар жасауға тырысу керек. Ал бөлінген қаражат бармақ басты, көз қыстылықпен журналистің қаламақысы, беттеуші мен оператордың жалақысына емес, басқа жаққа кетіп жатса, оған «госзаказ» емес, әлгі «ақиқатшыл» һәм «мамандығының майталманы» болып жүрген БАҚ басшыларының өздері кінәлі.
Сонымен, бұған дейін отандық ақпарат құралдарының жағдайы мемлекеттік тапсырысқа тәуелді, одан бөлек дәл қазіргі жағдайда (айына 300 теңгеге айналатын «подписканы» қорлық көретін кей оқырманмен, ақылы телеарнаға ақша құю дегенді мүлдем санасына сыйғыза алмайтын көрерменмен, өзім білетін жалғыз ақылы ақпарат агенттігі ҚазТАГ-қа жазылмайтын интернет қолданушыларымен) БАҚ-ты «бағатын» басқа жол жоқ деп санап келдім. Әлі де ол ойым бәлендей өзгере қойған жоқ.
Бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осы мемлекеттік тапсырыс туралы пікірін білдірген екен. Министр ол тапсырысты сақтап қалу керек дей отырып, ол ойын бірнеше мәселе бойынша негіздеп беріпті. Олар:
1. МАТ ақпарат кеңістігінде жаңа жобалардың тууына қолдау жасап отыр. Әр алуан, продакшн, анандай студия, мынандай орталықтарда біраз адам жұмыстанып, ақша табуда. Онысы рас. (Ал олар дайындаған бағдарламалардың сапасы тағы да бөлек әңгіме).
2. Мемлекеттің қаржылай қолдауы шетелдік ақпаратқа, теле, тағы басқа өнімдерге тәуелділікті азайтады. Яғни, бүгін МАТ тоқтаса, ертең біраз телеарна жабылады, ал көрерменері көршілердің телеарналарына қарай ойысады.
3. МАТ арқылы мемлекет жекеменшік БАҚ-та қазақ тілді контент үлесін арттыруға ықпал етуде.
4. МАТ бәсекелестік ортаға бейім емес БАҚ-ты қолдап отыр. Дәлел керек пе: «Балапан» телеарнасы, «Ұлан» газеті, «Қазспорт», «Еларна» , қазақ тілінде шығатын қаншама газет-журналдар, т.б жобалар.
5. МАТ арқылы ақпараттық инфрақұрылым жұмысы қамтамасыз етілуде. Шатырға ілінген антенна немесе ОТАУ-ТВ арқылы телевизорды тегін тамашалап отыруыңызға да МАТ-тың қатысы бар (минитсрдің уәжін осылай түсіндім өз басым).
Осыдан кейін МАТ-тың мән-маңызын түсінбей көр. Бірақ бұл тек мемлекетке ауыз ашу, бюджетті сауын сиыр көру дегенді білдірмесе керек. Қаржыны мемлекет емес, жеке компаниялар, қалталы азаматтар құйса да сапалы жұмысты, мазмұнды, сұранысқа ие контентті талап етеді. Яғни белгілі бір ақпарат құралдарындағы шығармашылық, техникалық кемшіліктерді МАТ-пен байланыстырып соға берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Кәсібилік әлі күшін жойған жоқ. БАҚ-тың бағын ашатын да осы кәсібилік қана!
Журналист Дархан Мұқановтың Facebook-тағы парақшасынан
Пікір қалдыру