Конституцияға сәйкес Қазақстанда 2019 жылдың 1 желтоқсаны президент сайлауы өтуі тиіс. Алайда, Ресейдегі сайлау, Астананың 20 жылдығы, 2019 жылғы халық санағы сияқты қарбаластықтарды ескерсек сайлау оған дейін-ақ әлде бір ассамблея мүшесінің немесе ұйқысынан оқыс оянған әлдебір депутаттың ұсынысымен мерзімінен бұрын өте салуы бек мүмкін.
Былтыр Атазаңға кейбір өзгертулер енген соң Парламент құзыреті кеңейе түскен. Сол өзгерістерге сай Парламент және президент келісімімен жаңа үкімет жасақталатындықтан, алда-жалда президент сайлауы өтіп, жаңа президент келе қалса, 2016 жылы наурызда ғана Мәжіліске келген депутаттар орын тағын жаңа депутаттарға босатып беруі ғажап емес. Себебі, 64 бапқа сай Үкімет өзінің қызметінде Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты. Президент ауысса бұрынғы тәртіппен сайланған Парламентпен бірге Үкіметтен есеп алмайтыны анық. Ал, «Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады» дейтін 70 бапқа сай үкімет те ауысады. Яғни, күрделі сайлау мен түбегейлі өзгеріс жақындап келеді. Конституцияның талабы сол.
Әлқисса. Жақында сайлау болады деп болжап жүрген бір біз емес. Елімізде белсенді саяси партия көп емес болғандықтан «партиямен» қатысты жыбыр еткен қимылды байқап қоямыз. Партия дейтінге халықтың сенімі жоғары еместігінен «жаңа партия билікке келіп, жүйе жаңарса» деген үмітін ұлтшылдарға артып отырған халық тағы бар.
Билік те, халық та бейғам шақта, ұлтшылдар үнсіз жатқан тұста Сырым Әбдірахманов дейтін шыт-жаңа есім «Алаш» атын жамылып, халықтық социал-демократиялық партия құрмақ екен, Әлия Садырбаева дейтін ханым «Adiletti Qazaqstan» қоғамдық қозғалысы деп жар салып жатыр. Ерте қимылдап кеткен кісілердің екеуі де блогер. «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деп, Ресейдегі сайлаудан еті қызды ма? Түсінбедік.
Партия жайлы әңгіме өрбіткен соң «Алаш» партиясын құрам деп желпініп жатқан Сырым Әбдірахмановтан сұхбат алуға «Қамшы» журналисі хабарласқан болатын. Өзі де журналистикадан шет емес Сырым мырзаны «Партияңыз туралы айтыңызшы» деп қиылып тұрған Qamshy.kz журналисі бір апта күтті. Ондағымыз «партиясының» бағытын білейік, осындай да осындай партия құрылып жатыр, мақсаты мынадай деп халыққа жеткізейік деген ниет қана еді. Бірақ Әбдірахманов 7 сұраққа 7 жол жауап таба алмай 7 күн «толғатты». Ақырында «Бағдарламамды жариялап берсеңдер ғана сұхбат берем»,- деп шарттасуға көшті.
Сондағымыз «Алаш дегенді кім деп түсінесіз? Сіз үшін Алаш қандай ұғым? Сіз құрмақшы болып отырған партия мейлі Алаш атын иеленсін, иеленбесін мына мемлекеттік қотырын қаси ала ма? Нақты партиялық бағдарламаңыз қандай? Партияда елге танымал қандай тұлғалар болмақ? Алаш атын иеленіп XX ғасырдағы қазақ интеллигенциясының деңгейінде сөйлеуіңізге нендей негіз бар? Алашқа жасаған қызметім, қылған еңбегім деп санамалап бере алатын жұмыстарыңыз бар ма?» дейтін қарапайым ғана сұрақтар. Осыны ауыр көрсе «Алаштың» атын иеленіп қалай қызмет қылмақ? Бұл сұрақтың жауабы енді Сырым мырзаның кәлласында ғана.
Әлдебір сұхбатында констиуктивті диалогқа дайынмын деп нөмірін жазып жүрген Сырым мырзаны зерттеп көрдік. Жер туралы дауда төбе көрсетпеген, Еуразиялық одақ құрылады дегенде елдің ертеңіне алаңдап бір ауыз сөз сөйлеу былай тұрсын, ЕАЭО-ны қолдап берген комментарийлары өз алдына, өзі туған Ақтөбе облысында киік қырылып жатқанда мінберден ләм деп үнін шығармаған, былтыр ресми Астана атап өтпеген Алаштың тойында қамсыз жатқан, бұрынғы «Нұр Отаншыл», қазіргі «Алашшыл» азамат Алаштың атын қалай бүркеніп алған? Оның артынан кім, не үшін еруі мүмкін? «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалы үшін бе? Жоқ әлде ӘЖ-ге жариялап жүрген Ақорда төңірегіндегі шенді-шекпендімен түскен суреті үшін бе?
Блогерлер альянсынан конфликтпен кеткен Әбдірахманов мінезді жігіт екен. Мінез дегенде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан мінез емес. Үлкендердің жағасынан алатын ерсі мінез. Ол Facebook әлеуметтік желісінде тек отырмай саясаткер Әміржан Қосановқа, көптеген жылдар қазақтың «датын» айтқызып жүрген Ермұрат Бапиға, одан қалды саясаттанушы Айдос Сарымға «Әй,» деді. Тіпті Республикада Алаштың тойын алғашқы болып қолға алған «Қамшыға» да тіл тигізіпті. Аталған азаматтарға «Алаштың ізбасары» атағын халық бергенін «Алаштың» атын өзі жамылып алған Әбдірахманов қайдан білсін? «Аға буынның дуxы жетпеген істі жастар қолға алып жатыр» депті анда-санда өлең жазып кететін Сырым. «Духы» өзіне көп жыл кресло ұсынған билік пе? Әлде тасада бұғынып жатқан біреу ме? Ол жағы құдайға аян. Бір анығы Айдос Әміроллаұлы айтпақшы «Екі Хан Тəңірі тауы жоқ. Екі Алаш партиясы да бола алмайды». Мәселе Алаш атын иеленуде емес, мәселе Алаш арыстарымен, XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясымен соларға қарыздар ұрпақтың қай-қайсысының да теңесе алмайтынында.
Кеше ғана ресейлік ia-centr.ru сайты «Қазақстанда болашақ тақ мұрагерінің саяси жобалары бар ма?» атты мақала жариялады. Онда «Қазақ қоғамында сайлауға қатысты сұраулар бар ма және олар үшін жобалар жасала ма» деген сұраққа тоқталған теріскей көршідегі жақын шетелдің қоғамдық-саяси дамуына талдау жасайтын орталық.
«Қазақстанда атақты адамдар бастаған саяси жобаны елестету қиын. Дегенмен, ұсынуға болатын кандидаттар бар. Мысалы, продюсер Баян Есентаева, ол гламурлық пен жанжалдасуда Собчактан кем түспейді. Немесе Динара Сәтжанды айтуға болады. Алайда Қазақстандағы «жас кандидаттар» Facebook сияқты әлеуметтік желілерді шулатып қана жүреді және де олар өз талаптарының саяси тұжырымдамасын жайында ойланбайды» - деген мысқылмен бастаған қазақ қоғамының нені көп талқылап кететінін жазған автор, ары қарай саяси сахнаға шыққысы келіп жылт берген Сырым Әбдірахмановқа тоқталған:
«Қазақстандағы «сол жақ фронт» жобасына келетін болсақ, жаңа жыл қарсаңында блогер Сырым Әбдірахманов «Алаш» атты Ұлттық социал-демократтық партия құру жөніндегі ұсынысымен эфирге шыққан болатын.
Мұны екі жақты түсіндіріп көруге болады.
Біріншіден, «Алаш» бренді тарихи түсінікке және бай символикалық капиталға ие.
Екіншіден, баса назар аударатын мәселе – өзінің әрбір постын «Максималды репост!», «Күн күркірі мен найзағай!» деген сөздерден бастайтын Сырым Әбдірахмановты қазақстандық блогерлердің ішіндегі Д’Артаньян деп атауға болады.
Бұл тәуелсіз саяси субъективтілігі жоқ гротескалық фигураны таңдау осыған байланысты. Егер партияны құру туралы өтініш жаңа партияның құрылғанына қоғамның реакциясын байқау үшін жасалынып отырған іс-әрекет болса, оның зиянды тұстары көп болмақ», - деп ескертеді автор.
«Саясаткер Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің айтуынша, Әбдірахманов жобаны ұйымдастыру кезеңінде қажет болатын уақытша тұлға болмақ», - деген болжамды қоса кеткен мақалада Әбдірахмановтың артында күштер тұрғанына, бұл биліктің халық реакциясын байқап көру тәсілі екеніне ишара көрсетілген.
Айтпақшы, айтайын дегеніміз Әбдірахманның Сырымы емес еді. Соның партиясы жүзеге асып кетіп, бәріміз бір кезде партиясы болған Серікжан Мәмбеталинге ұқсап «Найзағай» атымен мәшһүр болған Сырым Абдрахмановқа қатысты түзу пікірім қате болып шықты», деп өкініп қалмасақ болғаны.
Сонымен, мақаламыздың мәнді тұсына келсек, «қазақ қоғамының саяси ертеңі не болмақ?» осындай сұрақтарды саясатты шын білетіндерге қойдық.
Саяси партиялар дүниеге келе ме?

Айдос Сарым:
Бүгінгі бір анық нәрсе Қазақстанда заң бойынша белсенді азамат партия құратын қақысы бар. Бірақ, биліктің келісімінсіз белгілі бір партияны тіркеу, оны әділет министрлігінен өткізу мүмкін емес нәрсеге айналған. Бұның өзі қоғам үшін, билік үшін үлкен мәселеге айналып тұр. Себебі 90 жылдардың аяғында бүгінгі саяси партиялық, парламенттік жүйе тығырыққа тіреліп болды. Қоғамдағы рухани, саяси қарым-қатынастарға, содан туындайтын қайшылықтарға жауап бере алмайтын жағдайға жетті. Қазір елімізде саяси белсенділігі, саясаттан үміті, алдына қойған мақсаты бар азаматтардың саны жетерлік. Егер бүгінгі саяси партиялар туралы заңнама сәл-пәл жеңілдесе, оның талаптары дұрысталса, бір емес талай париялар құрылар еді. Елімізде шынайы демократиялық жағдай болатын болса, саяси партиялар құрылады, азаматтар саяси алаңға келеді.

Дос Көшім:
Кез келген адам Партия құрамын деп әрекет ете алады. Бірақ, бізде ол партияның бағытына байланысты, алға қойған мақсатына байланысты әкімшілік тосқауылдар болады. Өйткені кез келген билік сақтанады. Негізінен Партия құрылғаннан кейін алдына қойған бағдарламаларын жүзеге асыруы тиіс. Жүзеге асыру үшін билікті алуы керек. Демек ол партия «Нұр Отанды» ығыстырып тастап, билікті келіп, өздерінің бағдарламалары бойынша қызмет қылуы керек. Сондайға билік мүмкіндік бере ма? Егер партиялар билікті алуды мақсат етіп қойса жүзеге асырамын десе тіркемеуі мүмкін. Талай әртүрлі нәрсені тауып, аяғынан шалуы да мүмкін. Егер ол ондай белгілі бір деңгейде мақсат қоймай, билеуші топқа, билеуші партияға қауіп төндірмейтін болса оған мүмкіншілік береді, керек десе көмектесуі де мүмкін. Ол онда саяси ойынға айналатын партия болады.

Жанболат Мамай:
Бұрын Серікболсын Әбділдин, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосов, Болат Әбіловтар партия құратын, саяси мәселелерді қозғайтын. Ал Абдрахманов деңгейіндегі блогерлердің саяси партия құрамын деуі – Қазақстанда саяси қозғалыстың, саясаттың өлгенін білдіреді. Олардың бастамасынан, әрине, түк шықпайды. Бір кездері Халабузарь дейтін кремльшіл белсенді партия құрамын деп шыққан жоқ па? Бұлардікі де сол сияқты бос әңгіме. Оның үстіне Садырбаеваның «Әділетті Қазақстан» қозғалысын құрамын деуі – таза плагиат. Ондай қозғалыс 2005 жылы, президенттік сайлау тұсында құрылған. Құрса, басқаша атасын, жаңа бренд ойлап тапсын. Жалпы, бүгінгідей жағдайда саяси партия құрамын, қозғалыс ашамын деу – молада тіршілік етемін дегенмен бірдей. Саяси еркіндігі жоқ елде саясатпен айналысу мүмкін емес.(«ДАТ» газетіне берген сұхбатынан)
Партия құрыла қалса көбейгені кімге, несімен пайдалы?
Айдос Сарым:
Қазір қоғамның ішінде көптеген көзқарастардың жиынтығы бар. Бүгінгі күні биліктің ғана айтағымен құрылған парламенттің қандай болатынын көріп отырмыз. Ешқандай әңгіме айтылмайды. Билік рұқсат берген кезде депутаттар ақырындап сөйлей бастайды. Аспан айналып жерге түссе де, президент әкімшілігінің рұқсатынсыз аузын ашпайтын жүзден астам депутаттарымыз бар. Олардан не пайда, не қайыр. Ал, партиялардың саны көп болатын болса саяси белсенділік артады. Олардың қоғамның алдында есеп жинауға, өзінің саясатын, идеологиясын өткізуге белсенділігі арта түседі. Қоғамның ішінде болып жатқан айтыс-тартыстардың сапасын көтереді. Себебі бүгінгі күні рұқсат етілген тақырыптар айналысында ғана жүргеніміз немесе әнші-күйші жұлдыздарымыздың әңгімесін айтып кеткеніміз ел ішінде қордаланып жатқан көптеген мәселенің талқыланбауына, басқа жаққа ауысып кетуіне тікелей ықпалын тигізіп отыр. Көптеген мәселелердің беті ашылып айтылған жоқ. Шындап келсек ондай мәселелер көп.
Дамыған елдерде қоспартиялы жүйе дегенімен, оның сыртында тағы партиялар бар екенін халық біле бермейді. Кейбір елдерде қырық-елу партиялар бар. Солардың арасынан іріктеліп-іріктеліп мықтылары шығады. Я болмаса партиялар өзінің саяси көзқарасына қарай біріге бастайды. Біздің елімізде де солай, партиялар ішінде іріктеліп мықтылары қалады.
Дос Көшім:
Америкада 300-ден аса партия бар. Ешкім бір-бірі өлтіріп қырып жатқан жоқ. Егер партияны халық қолдаса, оған көп дауыс берсе сайлауда жеңіп шығады. Егер партияны ешкім қолдамаса, өздерінің бір пікірін айтып, кейбір мәселелерге сараптама жасап, кейбір мәселелерге салыстырмалы заңдар шығарып, өздерінің жұмыстарын жасап жүре береді. Бірақ қазіргі кездегі партиялардың барлығы жасанды. «Нұр Отан» да жасанды партия. Ертең Назарбаев өзі бастық болып «Біз Қазақстандықпыз» деген саяси партия құрса, «Нұр Отан» партиясы бір айдың ішінде жоқ болып кетеді. Себебі екінші партияға кетеді. Өйткені, адамдар партияның мақсаты не бағдарламасы үшін келмейді, адам үшін келеді немесе пайда үшін келеді. Ол пария емес. Партияның негізгі бір алдына қойған мақсаты болуы керек. Ол жерде кімнің басқарып отырғаны маңызды болмауы тиіс. Бізде шыны керек ондай партия жоқ. Басқа партиялардың бәрі президент апаратының қолдан жасаған партиялары. Қазақстанда көп партиялы жүйе бар деп айтсын дегені. Бұл ойын.
***
Сөз соңында, «Нұр Отан» партиясында үлкен қызметте жүрген кезінде-ақ саясаттанушы Ерлан Қаринның «Қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарып келді» дегені еске түседі. Баспасөз жазар айтар, таусыла сөйлер. Бірақ Парламентке барып отыра алмайды. «Алашты» мазаққа салмайық, «Қазақты» азапқа салмайық деп ойланса ел сенім артып отырған азаматтар өздері қам қылсын!